Кәрілік
Ұлғайып, қартаяды жастан адам,
Жас қартайса қалады астан адам,
Жеткенін кəріліктің ескермейді
Көңілі өсіп, мейманасы тасқан адам.
Кəрілік қартайғанда бастан келер,
Ағарып, басындағы шаштан келер,
Жасыңда қандай көркем болсаң-дағы,
Қыржиған қабақ, маңдай, қастан келер.
Кəрілік қартайғанда көзден келер,
Белгісі алжығанның сөзден келер,
Сыртылдап буындарың ебі кетіп,
Белгісі аяқ жақта тезден келер.
Қартайғанда мүкістеу болар құлақ,
Жас ағып екі көзден тұрар жылап,
Нəрсені басқа көрген көре алмассың,
«О не» деп көргендерден білер сұрап.
Бір жаман кəрілікте түссе тісің,
Ауыздан опырайып, кетер пішін.
Жасында оймақ ауыз сұлулардың
Өзгертіп бұл кəрілік алар түсін.
Болсаң да ханнан сұлу жаста бұрын,
Салатын көрген адам көздің қырын,
Қайран жас қара шаш пен қалам қастың
Өзгертіп бұл кəрілік алар сұрын.
Белгісі кəріліктің кеудең толар,
Жөтел мен түрлі қақырық пайда болар,
Жасында қандай толық болсаң-дағы,
Белгісі кəріліктің мүшең солар.
Белгісі кəріліктің кетер күшің,
Болмайды бастағыдай ешбір ісің,
Кəрілік – дауасыз дерт ем қонбайтын,
Жылаймыз қартайдық деп соның үшін.
Қартайсаң, аяқ, тізең ауырады,
Жатудан жамбастарың жауырады,
Қадірің күннен-күнге кеми берер,
Жолатпай қосағың да дау ұрады.
Ауырар қартайғанда бұт пен белің,
Екі иық, кеуде, арқа, барлық жерің.
Жатарсың салқын тисе төсегіңде,
Қайталап ұстады деп ескі терім.
Таяққа қартайғанда асыларсың,
Төбеңнен тас ұрғандай басыларсың,
Күтімсіз сол кезекте кедей болсаң,
Бұтыңды отқа қақтап, қасынарсың.
Əркімнен кемдік көріп қағыларсың,
Қолыңнан түк келмейді, не қыларсың.
Көз болып, қой, бұзауға шамаң келсе,
Біреуге тамақ үшін жағынарсың.
Айтқанмен пайда бермес өткен күнің,
Күпілдеп шыға алмайды сөз бен үнің.
Күтетін жақын керек сол уақытта,
Ашылар қай-қайдағы болса мінің.
Тыпыр етпей төсекте жатқаныңыз,
Елеусіз сөз болады айтқаныңыз.
Балаң – жалқау, келінің – шайпау болса,
Құриды сол уақытта қатқаныңыз.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі