Қобылан ақынның терме, өлеңдері

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

Қызығы дүнияның мал мен бас па-ай,
Жақсылық табылмайды алдын тоспай.
Жақсылық табылмайды сатып алмай,
Жігіттер, өтірік пе, осы рас па-ай?
Кедейшілік болар ма мұнша қиын,
Байдың үйі айт пен той, күнде жиын.
Естігенің жаман сөз – қиын жұмыс,
Жұмыртқадай шайқалар күнде миың.
Тіріден өлген жақсы қадір кетсе,
Өлмей тірі кім жүрер, ажал жетсе.
Жиған-терген малыңнан билік кетіп,
«Не қылады?» дейді екен бірдеме етсе.
Енді біз не болармыз тірі болып,
Тірі жүрген ғарыптың бірі болып.
Екі бетім табақтай, қайран нұрым,
Қақ сүйекке жабысты сірі болып.
Қара сақал жарасқан қайран иек,
Тісім кетіп, қалыпты қызыл иек.
Жетпіс асып, сексенге таянғанда,
Бауырыма байладым құрым күйек.
Енді біз не болармыз жүргенменен,
Қызығы жоқ дəуренді сүргенменен.
«Аузыңды ашып, аяғың баспа», – дейді,
Қотаншы иттей қораға үргенменен.
Ошағымның үш бұты – жан жолдасым,
Кемпірім – жанымдағы бір мұңдасым.
Кəріде кірер үй жоқ, шығар төр жоқ,
Бұл сөзіме нанбаған тіріде оңбасын.
Əудем жер жүре алмаймын аяғымнан,
Екі қолдап ұстаймын таяғымнан.
Аузым – бұлбұл, аяғым – дүлдүл еді,
Жетіп келдің, кəрілік, қай жағымнан?
Əудем жер жүре алмаймын белім ұйып,
Өздігінен кім берер жанын қиып.
Бір тиынды, екі тиын қыламын деп,
Өлместей боп біз жүрміз дүние жиып.
Кəрілік, қарсы келдің қазған көрдей,
Жігіттік, желіп өттің бəйге кердей.
Əр мүшеден кемшілік табылатын,
Күн-күн сайын барады көзім көрмей.
Кəрілік қатты соққан жынменен тең,
Көзім көрмес болғанда, құлағым кем.
Кəрілікке шын дауа таба алмадым,
Елден бақсы іздесем, табылмайды ем.
Кəрілікке, шырақтарым, ас жарай ма,
Қазы-қарта, жал-жая, бас жарай ма.
Оның бəрін кəрілік ұнатпаса,
Үйген кірпіш, қалаған тас жарай ма?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Қобылан ақынның терме, өлеңдері өлеңінің авторы кім?

Қобылан Бөрібайұлы — осы өлеңнің авторы.

Қобылан ақынның терме, өлеңдері өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Қобылан ақынның терме, өлеңдері өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қобылан Бөрібайұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Қобылан ақынның терме, өлеңдері өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері