Өлең, жыр, ақындар

Құлмамбет, Түбек, Тезек ақындардың айтысқаны

  • admin
  • 15.08.2024
  • 0
  • 0
  • 90
(Ə. Нұрлыбаев нұсқасы)

Құлмамбет:
Хан Теке, қасиетің ұшқындаған,
Жан едім өз бетіммен іс қылмаған.
Тұлпардың тұяғындай асыл едің,
Ышқынып жау келгенде, пысқырмаған.
Ежелден темір сауыт жігіт едің,
Найзаны қиясына қыстырмаған.
Тұлпардың озып жүрген біреуі едің,
Шапқанда шылауына шаң жұқпаған.

Тезек:
Ақын деп, шіркін, сенің неңді мақтар?
Көк мұзға тағасыз ат сырғанақтар.
Ақыннан сондай үлкен қаупің жоқ па,
Жүрмей ме сырттан сұрап зəнталақтар?

Құлмамбет:
Бетіне мысықтай-ақ бір шабайын,
Түбектің барлық жайын ұқтыр маған.
Адамның қара тілді бұлбұлысың,
Сөзіңді адамзатқа ұттырмаған.
Болғанда ер ағадан, тон жағадан,
Соғады арлан бөрі тау сағадан.
Кепəрат сондайыңа болайын деп,
Алтынды аттап жүрмін босағаңнан.
Қаптаған қалың өртке қарсы шаппай,
Қатын боп қашалық па осы арадан?
Ордаңның халімізше қызметі үшін
Айналып қорғап жүрміз қанша бір жан.
Кұлмамбет – менің атым – Құланаян,
Екенім Құланаян Құдайға аян.
Түбектің сарындары жаман еді,
Тақсыр-ай, мұның жайын қылшы баян.
Мұндайда сөз табады ердің ері,
Хан Тезек, болып тұрсың елдің белі.
Тақсыр-ай, біз жеңілсек, өз намысың,
Бар ма еді бұл Түбектің кемдіктері?

Тезек:
Арқадан Найман ауып келген деймін,
Дəулеті біздің елден төмен деймін.
Аштықты доңыз жылғы көтере алмай,
Нан алып, кісі сатып, жеген деймін.
Бəрің де бұл Түбектен бұрын сақтан,
Түбекті ұшан-теңіз өлең деймін.
Біреуі қатынының жады қылып,
Жеті жыл шөгіп жатқан шемен деймін.
Болмасын тəкаппарлық, мақтан деймін,
Түбектен күні бұрын сақтан деймін.
Арқадан Қаракерей ауып келіп,
Доңызда біздің ел шапқан деймін.

Сонда хан ордасына кіріп келген Түбек:
Ассалаумағалейкум, хан ордасы,
Жаратқан Құдай артық нəн ордасы.
Қызырдың шылауына қызмет қылған,
Желаяқ үш жүздегі мен жорғасы,
Қызырың қыз ойнамас болып жүрген,
Жүрмісің аман-есен, жұрт ағасы?
Келмейтін мұсылманның шегіндегі,
Абылай бақыт қонған мұнарасы.
Пері ме, періште ме, адамзат па,
Адамға мəлім емес бұл арасы.
Бұлардың қай нəсілден жаралғанын
Арабтың аша алмаған ғұламасы.
Бұлжытпай сұрағанын берді істеп,
Бұлардың құдасындай бір Алласы.
Ішінде көп ағаштың бау жидесі,
Секілді тіл үйірген тау шиесі.
Ақ сүйек, алтын жүзді, даңғыл жүрек,
Адамның бұл жақтағы əулиесі.
Жарасқан ақ боз атқа, Асан тамға,
Жігітсің саяң түскен мұсылманға.
Атаңның ақ аруағына нары келді,
Кеткелі сəлемдесіп Тезек ханға.
Самұрықтың екі басты балапанын,
Өлсем де, теңгермеспін тірі жанға.
Атаңның қанды бармақ құсы келді,
Тиіскен қиясынан қашқан аңға.
Жау шапқан қиясынан айбалтасы,
Атаңның бақ қонғаннан басып санға.
Атаңның Алтай інді ақ бүркіті
Айналып келіп отыр осы таңға.
Бар еді қонақтайтын бір тоғызым,
Көрінген мұнарландым мына жолда.
Олжа алған, оза шауып, кер маралым,
Қазақтың мекен еттің Кеңаралын.
Баршасын жер-дүниенің өрт алғанда,
Қорғалап бір бұтаға паналадым.
Қырандай аспандағы көз жіберіп,
Келешек болар істі аңлағаным.
Затыңа зиярат қылып келейін деп,
Атаңның аруағы еді арнағаным.
Пері емес, періште емес, азамат-ақ,
Қасиет Алла берген қолда барым.
Адамның баласынан артық туған,
Пөлкендік, өз əлінше жандаралым.
Хан Тезек, манаурамай, байқап отыр
Түбектің ұрандаған бар хабарын.
Тұяғы ақ бүркіттің сая тисе,
Демегін: «Келгеніңді аңламадым».
Абылай аққу еді өрге жүзген,
Секілді ақ балапан көлге жүзген.
Дəулеті Абылай хан қонғаннан соң,
Ағыздың сүттен бұлақ іргеңізден.
Сайтанның, кесірленіп, тілін алсаң,
Бақ-дəулет, айрыларсың дүниеңізден.
Ішінде көп ағаштың екпе алмадай,
Дабыспаз жігіт едің көк қарғадай.
Дəулеті Абылай хан қонғаннан соң,
Кетіпсіз Құдайды да еске алмай.
Дабысың тау көріктей гуілдеп тұр,
Сартылдар қылған ісің төс балғадай.
Тартасың аяғыңды, хан Тезегім,
Тұрғанда бақытың борап жауған қардай.
Түбекті кеп отырған көремісің,
Алдыңа Түбек келді шөккен нардай.
Бала емес Түбек саған анау-мынау,
Аруақтың ескі құры, аты дардай.
Түбекті кеп отырған көремісің,
Жігіттің ұшқындаған желеңісің.
Құтылып оқталғаның кетпейтұғын
Адамның қара сырттан берені – сен.
Сөзінді жақтырмаған естімейтін
Құлақсыз заманның кереңі – сен.
Жұтса да дүниені, тоймайтұғын,
Жалмауыз, бұл дүниенің тереңі – сен.
Үш жүзден асқан Түбек келіп отыр,
Бір нəрсе бұл Түбекке беремісің?
Қисыққа барып келдім, тоғыз алып,
Қарғап па сені Құдай, онан қалып?
Төре емес, құл да берді алты тоғыз,
Бересің он тоғыз қып, ашуланып.
Есерден осы келген қауіп етсең,
Сүйекке бір тамғаны басуы анық.
Хан Тезек, қимадым-ай атыңды, атағыңды,
Кез келіп Түбек отыр ашып-арып.
Мен соның, кім хан болса, торғайымын,
Ез болсаң, тастап көрші басымды алып.

Енді Құлмамбет айтады:
Құлмамбет – менің атым – Құланаян,
Дегенім менің Құлан Құдайға аян.
Құлмамбет – менің атым Құлан еді,
Бəйдібек атамыздың ұраны еді.
Арғы атам – Төбей бидің төрт баласы,
Ұрандап төрт биікке шығар еді.
Майқы би Абылайды меншіктеніп,
Ханымнан құндыз қияқ сұрап еді.
Ешкімнің сұлтанымда таласы жоқ,
Осының меншіктеген мұрагері.
Қаламды бытыраңқы тарап жүрген
Əулеті Абылайдың сұрап еді.
Керейдің қаңғып жүрген шемен шалы,
Ие боп мынау қайдан шыға келді?
Бай болсам, бұл ордаға келемін бе?
Таң қалған Алаш ұлы өлеңіме.
Керейдің қаңғып жүрген шемен шалы,
Бұл жаққа тамашамын келгеніңе.
Мал іздеп əлі күнге қаңғып жүрсің,
Өзіңнің жақын қапты өлеріңе.
Қаңғыру қартайғанда жөн бе саған,
Ішіңнің қарамастан шеменіне?
Жасың да жүзден асып кетіп қапты,
Шыдамай жүр дейтұғын өтеріне.
Керейдің қаңғып жүрген кəрі айғыры,
Үйсіннің шайнатарсың дөненіне.
Алтайдан алжып ұшқан кəрі бүркіт,
Мəз болып тышқан алып жегеніңе.
Қисық құл, барғаныңда, тоғыз берсе,
Шіркін-ай, келтіріпті кемеліңе.
Төрені құл құсатып ала алмайсың,
Дəндеген кете бергін сол еліңе.
Төремді, айтыс-тағы, жеңсең, алғын,
Төремді, жеңілмесем, беремін бе?

Түбек сонда былай дейді:
Құлмамбет, осы сөзің жөн бе деймін?
Құдайға бəріміз де пенде деймін.
Менімен айтысуға, таз Құлмамбет,
Басыңа қайдан бітті кеуде деймін?
Жігіттің селтеңдеген серкесі өлер,
Шырағым, шыға қапсың дөңге деймін.
Əуелі, сен менімен айтыспай-ақ,
Кемдігін өз басыңның жөнде деймін.
Тапқансың сұмырайлық мінезіңнен,
Басыңда бір қылшық жоқ емге деймін.
Күшіңді маған қылар жұртқа қылып,
Басыңды тұзды сумен емде деймін.
Түбі осы жота жердің қаңбағысың,
Кетерсің қазір ұшып желге деймін.
Қызғыш құс қара жағал, к...і күйген,
Ие бола қалыпсың көлге деймін.
Қарашы көзінді ашып, таз Құлмамбет,
Адамың қалжыңдайтын мен бе деймін?
Əліңді байқамастан, айға шауып,
Мүсəпір боп қалыпсың демде деймін.
Халықтың несібесін ала берген
Ешкімнен қала алмайды кенде деймін.
Сен өзің байқап көрші, байғұс бала,
Біздің бақ сіздің бақтан кем бе деймін?
Адамды көп жасаған жақтырмасаң,
Жасыма менің келген келме деймін.
Егер мен шыныменен назалансам,
Шықпассың мұнан былай дөңге деймін.
Қаптатсам қара боран, кəрі жынды,
Кетерсің қазір кіріп жерге деймін.
Құлмамбет деген ақын сен бе деймін,
Болғансың қашан ие көлге деймін?
Басыңның қыршаңқысы жұғып кетер,
Қасыма менің жақын келме деймін.
Құрысын хан орданың сақабасы,
Тимесін кесапатың елге деймін.
Қорыған байдың асын сорлы екен,
Шын қолыңнан келе қойса, берме деймін.
Қолыңнан, байғұс, сенің не келмекші,
Мұрныңды соза берме өрге деймін.
Жарасқан ақ боз атқа, Асан тамға,
Хан Тезек – алтын есік барша жанға.
Ұжмақтың дүниедегі есігіндей,
Тең ортақ алтын есік хан-қараға.
Қараңғы түннің ішін жарып шыққан,
Сен бөгет бола алмайсың атқан таңға.
Құлмамбет, сен, білемісің төре сырын,
Білмейсің, мəңгүрттеніп, кімнің кімін.
Алған соң біздің қызды хан атанды,
Сарт еді сары құлақ онан бұрын.
Қаздырып ата тегін алмадың ба?
Кетпесін, байғұс бала, ісің қырын.
Мен алсам, ұрлық жеген ханды аламын,
Сен əлі қажап жүрсің айыл жібін.
Жын қақты сен сияқты қотыр тайға,
Қандайынан сөз айтпақшы мынау сорың?
Өзіңнің қатарыңа соқтықпастан,
Байғұс-ай, отырсың-ау қылғалы ырым.
Ырымың қырын кетіп, құрымағын,
Байқамастан сорлы бала өлетұғын.
Алаштан бидай терген мен бір тауық,
Отыр ма айтысуға көңлің ауып?
Əнім мен өлеңімді үйреніп ап,
Өлтірді-ау осылар-ақ бетке шауып.
Алыстан аң іздеген арыстан ем,
Бір күшік к...і күйік алды қауып.
Ойлама қартайды деп бұл Түбекті,
Бұл Түбек, əлі болса, темір сауыт.
Апыр-ай, Құлмамбеттің кеудесін-ай,
Өзінің сөйлеспестен теңін тауып.
Еңкейіп, өз к....е қарамастан,
Біреудің сөйлемекші кемін тауып.
Сөйледің кімді мақтап, кімді боқтап,
Сөйледің кімді сүйеп, кімді жақтап?
Сөзіңді алда келер артта айтып,
Басқармай, сандаласың тапырақтап.
Сөзіңді бұдан былай байқап сөйле,
Ұрынбай соқырларша апырақтап.
Бекітпей буыныңды, босқа ұрынсаң,
Бір жерге жоғаларсың қалтырақтап.
«Қайтпасын жас жүрегі», – деп отырмын,
Қазақтың аруағы мен рухын сақтап.
Болмаса, тереңменен қойып тұрып,
Шаң қылып, кетер едім жерге таптап.
Үш жүздің жанып тұрған шаласына,
Ұрынар жаннан безген қай ақымақ?
Хан Тезек ырғалады қайыңдайын,
Судағы Түбек жүзер жайындайын.
Тезекке тағы біраз болысып көр,
Сені мен Тезегіңнен айырмайын.
Қимылдап, тағы біраз қарсы шапшы,
Жеріңнен төстеп тұрған қайымдайын.
Шаптығып, шатқаяқтап қарғып көрші,
Иінді ішіңдегі пайымдайын.
Көңліңде сөзің болса, тағы айтқын,
Көңілін жас баланың қалдырмайын.

Құлмамбет:
Құлмамбет – менің атым, Құлан деген,
Сес қылып кұтылмассың бұдан менен.
Құтылып кету саған оңай емес,
Сапырып борандатқан тұманменен.
Алжыған күшігенім, ойнап көрші,
Біз тұяқ, жас балапан қыранменен.
Алжыған сендей шалдың керегі не?
Саялы қондырмаймын терегіме.
Аюдай «Сондаймын!», – деп ақырсаң да,
Төремді, тірі тұрып, беремін бе?
Қалмапты қу құлқының əлі күнге,
Жақындап жүрсең-дағы өлеріңе.
Бір тоймайсың, жесең де,
Кісі сатып көрінгенге.
Төремді арашалап ала алмасам,
Бұл жерге Қарқарадан келемін бе?
Қисық құл, барғаныңда, тоғыз берсе,
Шіркін-ай, келтіріпті кемеліңе.
Сөйлейсің, алжып тұрып жасаңдайын,
«Үш жүзден асқанмын!» – деп айтпай-ақ қой,
Қаңғырған дуанасың, асауланып.
Керейдің қаңғып жүрген шемен шалы,
Өлеңіңе қоңсы қондым қашан барып?
Əркімнен қайыр сұрап дуанаша,
Ат пенен киіп жүрсің, шапан алып.
Бəйгеге құйрық сызып қосылатын,
Құрыған қу заманың қашан қалып.
Баяғы доңыз жылғы ашшылықта,
Баласын нанға сатқан атаң ғаріп.
Бір табақ қара бидай салып беріп,
Жалайыр қалмап па ед апаңды алып?
Тұқымың сонда-ақ құрып қалмақ еді,
Ап қалды тұқымыңды атам бағып.
Керейдің алжып жүрген шемен шалы,
Кім сенің күн көріп жүр батаңды алып?
Тастай түс тіреп тұрған аспаныңды,
Жасқанып бұл сөзіңнен, шошынбадық.
Айтасың мұны не деп, алжыған шал,
Кемшілік бұл Тезектің қай жері бар?
Үйірге бір байталды қостым дейсің,
Биеңді міндет қылсаң, қайтарып ал.
Керейдің нанға сатқан қыздарының,
Төре алса, қай жеріңде арманы бар?
Ашынды, қызын алып, асырадық,
Əкеңнің енді қандай қалғаны бар?
Міндет қып неменеңді келдің, Түбек,
Көтерем секілденіп қотыр үлек?
Дау іздеп, қайыр сұрап жүруменен,
Қалыпсың сұқсырдай боп, мұнша жүдеп.
Керейдің Үйсін шауып алған малын
Келдің бе алайын деп, соны тілеп?
Қадірлеп, басың сыйлап шақырғандай,
Күшенесің, аяғыңды сонша шіреп.
Аузыңнан отты жалын сөз шығады,
Аспанды тұрғандай-ақ қолмен тіреп.
Өлерсің күл-талқан боп, жардан ұшып,
Көңліңмен азуыңды айға білеп.
«Үш жүзден асқанмын!» – деп, шіренесің,
Болмақсың алжып жүріп кімге тірек?

Түбек айтады:
Құлмамбет, талай жерде сенің кеудең,
Таппақсың қанша пайда бұлай деуден?
Бұрыннан келе жаткан із бар ма екен,
Баласын бір қазақтың ұлтқа бөлген?
Атаңның аруағына ит қосасың,
Ақын деп сені айтуға үлгі көрген.
Қолына мылтық беріп, қоя берсе,
Өзінің итін атар жаман мерген.
«Биеңді, аштан өлдің, қайтып ал», – деп,
Түбекті ұстадың-ау жаман жерден.
Шаптығып, алас ұрып отырғанда,
Осы ма айтар сөзің барлық сенген?
Арқада доңыз жылы аштық болып,
Шын айтасың, Наймандар ауып келген.
Ел болып осы жақтағы туысқаным,
Жаны ашып, жайлы қоныс тауып берген.
Халықтың бір шеті – бай, бір шеті – май,
Қазақпыз бірге туған, бір бауырлас,
Осындай сыйласуды сауық көрген.
«Кетті, – деп, – дінін бұзып, кəпір болып»,
Албанды неше мəрте шауып берген.
Қыз беріп қалмақтарға, дінін бұзып,
Сақтанар біздің қазақ қауіпті елден.
«Аш итті бір шолақ ит қуып жүр», – деп,
Бұл жерді бұл қу қайдан тауып келген?
Хан Тезек, күдер үздім ақыныңнан,
Тайыпсың мұны «ақын» деп ақылыңнан.
Қарашы Құлмамбеттің ғазазілін,
Тезекті айырмақшы қатынынан!
Сарттығы сары құлақ білінеді,
Көргеніңмен ұрлық жақыныңмен.
Күшікті еркелетіп қоя берсең,
Бір күні тістей алар тақымыңнан.
Қызымды, ашулансам, кетем алып,
Байлап қой есегіңді, арқан тағып.
Айырылған үйірінен сəуірік оңбас,
Жайласын құл мен құтан, тоқым салып.
Құланның пəңгі айғыры секілденіп,
Бас салар еркегіңді оқыранып.
Сарттардың байлап қойған есегіндей
Алысып, жұрт жабылып, жүрсін бағып.
Ақырып, пəңгі сартың жылап жүрсе,
Əкеңді байқайсыңдар, сонда танып.
Асылып, оқыранып, еркегіңе,
Аулыңда мазаңды алар əңгіленіп.
Мұрнына жылауықтың иісі тисе,
Сонан соң пəңгі төрең кетер қаңғып.
Төре емес, сенің мұның – апиыншы,
«Төре», – деп, мұны сендер жүрсің сан ғып.

Сонда Тезектің айтқан өлеңі:
Арасы үш мың жылдың сират деймін,
Ұжмақта иманды құл тұрад деймін.
Айтысу мұндай жерде жарамайды,
Құлмамбет, айтпай-ақ қой, шырақ, деймін.
Байғұс-ау, жас айғырмен таласасың,
Кетерсің бір күн жардан құлап деймін.
Төрені келе сала омырауладың,
Осы жер келіспейді бірақ деймін.
Жазаңды, мен сөйлесем, берер едім,
Айтуға төре өлең ұят деймін.
Абылайдың ордасында кез кеп қалдың,
Əйтпесе көрер едім сынап деймін.
Келіпсің қартайғанда Құдай айдап,
Он түйе, айдап кеткін, бір ат деймін.
Келгенде, алжып жүріп, түк бермесем,
Кетесің наза болып, жылап деймін.
«Тезекпен өлең айтып алдым», – деме,
«Əншейін алдым, – дерсің, – сұрап» деймін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ат дейтін ат жоқ менде, атым – Түбек

  • 0
  • 0

Ат дейтін ат жоқ менде, атым – Түбек
Байғарадан шығып ем аттай үдеп.
Байғарадан шығып ек он жеті ақын,
Түбек Байқошқарұлы

Толық

Айым, Жекей мен Түбектің айтысы

  • 0
  • 0

Айым, Жекей мен Түбектің айтысы
Əуеден ұшып жүрген лашындар,
Қыбыладан борап жауып, күн ашылар.
Түбек Байқошқарұлы

Толық

Құлмамбет - Түбек

  • 0
  • 0

Құлмамбет - Түбек
Албанның көрдіңіздер Тезек ханын,
Тезектің бір жағы – хан, бір жағы – ақын.
Түбек Байқошқарұлы

Толық

Қарап көріңіз