Өлең, жыр, ақындар

Құлмамбет - Түбек - Тезек

  • admin
  • 15.08.2024
  • 0
  • 0
  • 105
(Кенен Əзірбаев нұсқасы)

Тезек:
Үш жүздің көріп пе едің Тезек ханын,
Тезектің бір жағы – ақын, бір жағы – əкім,
Айтуға төрең өлең ұятырақ,
Сендердің өлеңдерің – «бойдай талым».
Бəрің де түйем менен атымды алдың,
Қырсағын кестім талай ақындардың,
Үш жүзден озған Түбек келе жатыр,
Бересің не жауап, ақындарым?
Тезекті шалқып жатқан көл дейсіңдер,
Ордаға, өкпелесең, келмейсіңдер.
Үш жүзден озған Түбек келеді дейді,
Келгенде, ақындарым, не дейсіндер?
Ұзаққа, қайсың шауып, сермейсіңдер?
Түбекке, қайсың ер боп, бермейсіңдер?
Бұл Тезек – миуалы жеміс ағаш,
Келгенде сағындырып, жем жейсіңдер.
Егізақ Тоғызақ пен, тыңда, шырақ,
Түбектің келе жатқан жері жырақ.
Құлмамбет, Шаншар ақын, Түбек келсе,
Қарғадай тұрып қалма, бəрің шулап.

Құлмамбет:
Арқада ол Түбектің өскен жері,
Кір жуып, кіндігін кескен жері.
Ей, Тезек, біз жеңілсек, өз намысың,
Бар болса, үйретіп қой кемдік жері.
Мен өзім – Құланаян Құлмамбетпін,
Алдыңа айдап келген мұндай екпін.
Тақсыр-ау, біз жеңілсек, өз намысың,
Түбектің кемдік жерін бізге үйреткін.

Тезек:
Көк мұздан тағасыз ат тайғанақтар,
Мұндайда жаман ақын сипалақтар.
Ақыннан сондай үлкен қаупің жоқ па,
Болмай ма сұрап жүрсең, зəнталақтар?
Ол Түбек Сарыарқада жатқан деймін,
Тəбін боп, орыс малын баққан деймін.
Қалыңдар, жеңілсең де, бір ұстасып,
Қара нан, малай болып, татқан деймін.
Байлығы біздің елден төмен деймін,
Бай болса, мұнда неге келген деймін?
Біреуі қатынының жады қылып,
Алты жыл тең жастанып жатқан деймін.

Түбек:
Ассалаумағалейкум, жұрт иесі!
Тезектің жолда жатыр жүз түйесі.
Сен едің Алатаудың бау жидесі,
Табылар, айта берсем, сөз жүйесі.
Бəйгеден күнде келген көк маралым,
Алты Алаш қоныс қонған Кеңаралым,
Жүзіңді көрейін деп, іздеп келдім,
Бəлкөндік, өз əлінше жандаралым.
Хан Тезек, қарамысың, төремісің,
Қылмасаң ұрлық-қарлық, өлемісің?
Еліңнен қомды түйе, жалды ат қоймай,
Барғанда тозаққа, шар беремісің?
Сөзіңді жақтырмаған естімейсің,
Адамның аңқаусыған кереңісің.
Жұтсаң да Алатауды, қақалмайсың,
Төренің жеті басты тереңісің.
Хан Тезек, атың шықты мұсылманда,
Түспейді ақ дидарың тірі жанға.
Төресің түлкі мінез шыр айналған,
Қоясың ақыл айтып, қысылғанда.
Мен келдім Əбілезден тоғыз алып,
Сені Тəңір алып па, одан қалып?
Сенен жаман төреден тоғыз алдым,
Екі тоғыз бересің, ашуланып.

Құлмамбет:
Келіпсің Сарыарқадан, Түбек аға,
Келіп пе ең балапандай түлеп, аға?
Келгеннен сыр бердіңіз, жүдеп, аға,
Төреден келе салып тілеп, аға.
Алыстан ат арытып келгеннен соң,
Төренің өзі-дағы біледі, аға.
Тілемей-ақ өлеңді айтсаңызшы,
«Бұл Түбек алжыған», – деп күледі, аға.
Ұлы жүз құлақ салған өлеңіме,
Бұл жерге, өкпелесем, келемін бе?
Төреден келе салып сұрай кеттің,
Қарамай ішіңдегі шеменіңе.
Арқасын қайтқан айғыр алдырады,
Тезектің душар болдың дөненіне.
Төремнен келе салып сұрай кеттің,
Оп-оңай, жеңілмесем, беремін бе?

Түбектің айтқаны:
Құлмамбет деген ақын сен бе деймін?
Қарағым, мен өзіңдей пенде деймін.
Қызғыштай қара жағал, құйрығы жоқ,
Қалыпсың ие болып көлге деймін.
Алаштан тары терген мен бір тауық,
Отыр ма айтыспаққа көңлің ауып?
Алыстан іздеп келген арыстанды,
Бір күшік к....і күйік алдың қауып.
Түбекті, қартайса да, жыға алмайсың,
Əлі де оқ өтпейтін темір сауыт.
Жығымтал тай-құнандай бала екенсің,
Шырағым, тоқтат сөзді, жылы жауып.
Демеңдер ажал қайдан, қатер-қауіп,
Мен келдім хан Тезекке көңлім ауып.
Əнім мен өлеңімді үйреніп ап,
Қылдың ба сен де мазақ, бетке шауып?
Бұл Тезек – дария шалқар, білем сырын,
Құртқаның шалқар көлді – жаман ырым.
Тезегің қызымды алып, төре болған,
Сарт еді сары құлақ бұдан бұрын.

Құлмамбет:
Салғаным садағыма ақ қайың оқ,
Шапқанда «Əжібайлап» тоқтауым жоқ.
Түбеке, «ақынмын» деп мақтанасың,
Бұлбұл да сайрап-сайрап, шұқиды боқ.
Жеріңде тік сандалдай терегің жоқ,
Еліңде Тезегімдей зерегің жоқ.
«Үйірге бір байталды қостым», – дейсің,
Байталыңды өзің ап кет, керегі жоқ.

Түбек:
Болмаса кəрілігім, мінім бар ма,
Ақырған жас күндегі үнім бар ма?
Кетесің салған жерден кəрілікке,
Дегенде кəрі кісі, жының бар ма?
Кетемін, ашулансам, қызымды алып,
Айғырың не болады, жалғыз қалып?
Байлардың əңгі айғыры секілденіп,
Мінесің əрбіреуің тоқым салып.
Көрінер төре жақсы ақылынан,
Көрінген ноғай жақсы шатырынан.
Қарашы Құлмамбеттің шермендесін,
Төресін айырмақ қой қатынынан.

Сонда ақындары жеңілетін болған соң, Тезектің Түбекке қарап айтқаны:
Бар екен қыл көпірде сират деймін,
Мақшарда иманды құл тұрад деймін.
Алыстан қартайғанда келген екен,
Құлмамбет, тоқтат сөзді, шырақ, деймін.
Түбеке, жас ақынмен бəс таласпа,
Кетесің терең жарға құлап деймін.
Екеуің жеңілгенше қоя берсем,
Аруаққа тілің тиер бірақ деймін.
Кеп қапсың картайғанда, Түбек аға,
Ала ғой алты түйе, бір ат деймін.
Құдайға біздің қылық тура болмас,
Ордадан құры шықсаң жылап деймін.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түбек пен Жәмшібайдың айтысы

  • 0
  • 0

Түбек пен Жәмшібайдың айтысы
Өлеңді айтушы едім жылқылдатып,
Сөйлеуші ем шаршы топты дуылдатып.
Түбек Байқошқарұлы

Толық

Бақтыбай мен Түбектің кездесуі

  • 0
  • 0

Бақтыбай мен Түбектің кездесуі
Бақаңның жиырма екіге шықты жасы,
Болып жүр, жас та болса, топтың басы,
Түбек Байқошқарұлы

Толық

Түбек пен Байқадамның кездесуі

  • 0
  • 0

Түбек пен Байқадамның кездесуі
Əй, Бəке, толып жатыр ақыл-айлаң,
Тигізші ақылыңнан бізге пайдаң.
Түбек Байқошқарұлы

Толық

Қарап көріңіз