Ғазал - ғұмыр

Бұл бетте «Ғазал - ғұмыр» атты Қуат Қайранбаев жазған өмір туралы өлең берілген. Өлең мәтіні, текст, өлең жолдары және толық нұсқасын осы жерден оқуға болады.

Көз жүгіртсем өткенге,
көтермеппін жүкті аса.
Тәтті сөзден құраппын сұлу өлең, мықтаса.
Жанартау боп жүректің жарылғанын қайтейін,
Жанайқайын жанымның жанашырым ұқпаса?!

Төрт құбылам тең сынды,
жаным неден тарықты?
Құлын даусын көңілімнің дей алмаймын бәрі ұқты.
Жан болармын, бәлкім, мен жарық күнде адасып,
Тектен-текке түңілген түннен іздеп жарықты?!

Жалғыз қалған жандаймын,
жабырқаулы, жырақта.
Ғұмыр кешу – баянсыз, саналыға мұрат па?
Сел-сел болып жөңкілген сезімімді қайтейін,
Қайнарлардан нәр алып, айналмаса бұлаққа?!

Қуануды қойғанмын,
тойғаным мен барға аса,
Ұлы мақсат болмаса – құр өмірің далбаса.
Жанғанымды қайтейін,
жалынымнан тұтанып,
Жанымдағы мың жүрек алаулап бір жанбаса?!

Тоқырадым,
тосылдым,
таба алмадым жыр шерін,
Алданыппын арзанға,
қолын соғып күлсе кім…
Жылдар бойы жазғаным оятты ма бір жүрек,
Үкілеген үмітім тұтатты ма бір сезім?!

Күндер өтіп барады,
ала-құла күй кеше,
Өмір сүргім келеді көңіліммен үйлесе.
Махаббатты маздатып жазғанымды қайтейін,
Мен сияқты ғашық боп,
мен секілді сүймесе?!

Ұмтыламын несіне,
кімдер үшін самғаймын?
Жібітер ме тасбауыр бұл қоғамды жан қайғым.
Ашылар ма бір гүлі соры қалың жұртымның,
Тамырына тамызсам терін сығып маңдайдың?!

Өмір сүргім келеді өлеңменен жұптаса,
Жүрек сөзін айтайын,
ардақты елім құптаса.
Ғазал-Ғұмыр,
ғашықпын сағымыңа мен сенің,
жанайқайын жанымның
ұқса-дағы…
ұқпаса…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ғазал - ғұмыр өлеңінің авторы кім?

Қуат Қайранбаев — осы өлеңнің авторы.

Ғазал - ғұмыр өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Ғазал - ғұмыр өлеңі не туралы?

Бұл шығарма өмір туралы өлең ретінде танымал. Өлеңде автор өз ойын көркем түрде жеткізеді.

Ғазал - ғұмыр өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері