Өлең, жыр, ақындар

Атырау

  • admin
  • 06.09.2024
  • 0
  • 0
  • 69
Жақындығын сезбегендей алыстың,
Бұған дейін білмеген ем, таныстым.
Асан қайғы, Жиреншелер отаны,
Ізі қалған жалаңаяқ Бейбарыстың.
Махамбеттің мұңын естір күйдемін
Ығылман мен Мұрат жырын сүйді елің.
Әрбір бұтаң, саз дыбысын жеткізді,
Құрманғазы, Дина шерткен күйлердің.

Қайырмасы:
Жігіттерің шеттерінен батыр-ау,
Қыздарыңның бәрі дерлік ақын-ау.
Көңіл – өзен Жайығындай жайылып,
Каспийіндей шалқып бара жатыр-ау.
Байлық, өнер, батырлықтың отаны
Мына аймақ неткен өлке апыра-ау!
Күй ордасы, жыр ордасы құт мекен,
Айналайын атағыңнан Атырау!
Мейман халық, бұзылмаған қаймағың,
Байлығыңа, бақытыңа сай бағың.
Бекіресін асау тайдай тулатып,
Қара алтынның қазып ашқан қайнарын.
Сүйсінемін кемеңгер-ой қартыңа,
Тәнті болдым әдеп-ғұрып салтыңа.
Уақытша қоштассам да өзіңмен,
Қайта-қайта қарай бердім артыма.

Қайырмасы:

Жігіттерің шеттерінен батыр-ау,
Қыздарыңның бәрі дерлік ақын-ау.
Көңіл – өзен Жайығындай жайылып,
Каспийіндей шалқып бара жатыр-ау.
Байлық, өнер, батырлықтың отаны
Мына аймақ неткен өлке апыра-ау!
Күй ордасы, жыр ордасы құт мекен,
Айналайын атағыңнан Атырау!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз