Сенің туған күніңде – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Сенің туған күніңде» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Жаным, енді сен менен алшақтама,
Қуана білсек болды әр шаққа да.
Сыйым еді арнаған» деп жаныңда
Отырсам бір әдемі ән сап қана.
Бал шарабын сезімнің сұрап ішіп,
Сыр алысып түндерде, жыр алысып.
Үйімізге құттықтап қауым келсе,
Зыр жүгіріп жүрсем ғой құрақ ұшып.
Үй тірлігін, шаруаны ақылдасып,
Әр істі ортаға сап мақұлдасып,
Көп ішінде, алқалы топ ішінде
жарасып отырсақ қой жақындасып.
Жаңа өмірге балаша тәй-тәйласам,
Кері қарай ешқашан қайта алмасам.
Құшып тұрып, орнымнан ұшып тұрып
«Сүйіктім осы ғой!» деп айқайласам.
Деймін де сабырымды шақырамын,
Тежеліп жүректегі нөпір ағын.
Содан соң тілегімді хат арқылы
Үн-түнсіз жолдап қана отырамын...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері