Күре жол
1
Кілт үзілді шарықтатып салған ән,
(Қайран дүние, кім-кімдерден қалмаған?!)
Күре жолдар қиып күретамырды,
Қос жүректі бір-ақ күнде жалмаған.
Сұм апатқа куә болып, анамен
Бірге аңырап жатты кеше сары далаң.
Көкжиек те күңіреніп көрінді,
Жабырқаулы, жым-жырт жатыр жол ұңғы.
Сүйесем деп сары жамбас қар мына,
Жота жатты төсесем деп жонымды.
Қасіреттен қорғамақ қой қам жасап,
Туған дала туған қызын, төл ұлды.
Аһ дегенде асқар тау да мүжіліп,
Белін жазбай белдер жатыр бүгіліп.
Тоңы қатып, тоны тозып, тоналған,
Тізбектелген теректер тұр түңіліп.
Жан ұшырып жүгіреді жол жаққа,
Аналардың кеудесінен бір үміт.
Бірақ бәрі кеш еді,
Қайырымсыз ажалдың жоқ еш емі.
Сорлы аналар соры қалың бес елі,
Жанын жайып жөргек етіп төседі.
Сұм көріністі көздеріне құйып ап,
Көңілі босап кезбе бұлттар көшеді.
Селк еткізген салқам жатқан даланы,
Орны толмас бір оқиға осы еді.
2
Үш отбасы, үш тағдыр,
Үш тарапқа күрсіністер ұшқан кіл.
Титтей ғана сәбиінің қолынан
Жан апасы «Соңғы үміт» деп ұстап жүр.
«Құдіретің күшті екен ғой Жаратқан,
Немеремді жетелейтін күш қалдыр».
Көкіректі қарс айырар қайғыны
Жазып жатыр жақсылыққа құштар жыр.
Бір оқиға, үш қайғы,
Қиыры жоқ үш әлемге ұқсайды.
Орманымен қоштастырды осы жыл,
Болғанымен дәл биылғы қыс жайлы.
Бұдан былай...
Жол күзетіп күтпейді ана баласын,
Сәбиді де әке-шеше мейірлене құшпайды.
3
Бедел, бірлік биіктерге өрмелеп,
Осы отаудан жеткен жылы елге леп.
Өзгелері бір төбе, ал осы ұлы
Анасына аса жақын болды ерек.
Зырылдауық-уақыт жатты дөңгелеп,
(Қайсыбірін әңгіме етем термелеп).
Ұл есейіп, келін енді есіктен,
Кішілері ағатайлап, жеңгелеп.
Айналдырып тіршіліктің ұршығын,
Еті тірі, көрмейтін ұл бір тыным.
Ән үйге енді, сәби келді, кәусәрін
Кеудесіне толтырып ап күлкінің.
Кім болжапты болашақты бұлжытпай,
Бек босаға, бұзыларын шырқының.
Шіркін, жастық, ажар қосқан ажарға,
Бақыт, байлық? Не күтіп тұр тағы алда?
Пешенеден асып пенде кеткен бе,
Жалған болса, маңдайына жазар ма?
Бірге кетті тарқамастан базары,
Қол ұстасып кіріп еді базарға.
Оралмайды мейлі, ертегі, аңыз ет,
Амандығын тілеп еді сан рет.
Азынаса сызды күнгі ызғырық,
Қосылады оған ана зары кеп,
Айтып жатқан тағдырына лағынет.
Жетімсіреп үйдің қазан-ошағы,
О да елеңдеп келін қолын тосады.
Қу көзі де көре қалды қапелім,
Қожайынын күтіп жатқан ат ерін,
Шерлі ананың көңілі тағы босады.
Азабы көп аза түн кеп алыстан,
Сары уайыммен арпалысқан, алысқан.
Ой сарсаңнан суырып ап, қай тадан,
Тіршілікке тоғытады таныс таң.
Көрші қарттың жиі айтатын басуы:
«Күпірлік бұл, шүкірлік қыл, Аллаға,
Тірі тышқан артық, өлі арыстан...».
Сабыр қылып салмақты осы дауыстан,
Рас, шарасыз алыс кетпес ағыстан.
Сабасына түсір, сәби, апаңды,
Сенде өйткені,
Екі жүрек лүпілі бар, тоғысқан.
4
Шаңырақтың шат боп өскен бес қызы,
Ата-ананың бес көктемі, бес күзі.
Ұлсыз ұрпақ жалғасқан ба, тәйірі,
Сумақай тіл дейтін еді «Өшті ізі».
Отағасы мұны талай естіді.
Бірақ оған налымайтын, мұңайып,
Көрмейтін де мұны өзі кінә, айып,
Төбесінен құс ұшырмай өсірген,
Бес қызы оның бес бақытқа лайық.
Тыным көрмей жүргені де күні-түн,
Балалары үшін емей кім үшін?!
Мойнына кеп асылғанда кенжесі,
«Көкелейтін», еселейтін ырысын.
Тәубе десті, қыздары ұлға бергісіз,
Осылар ғой кеңейтетін тынысын.
Қыздың алды он сегізге толған-ды,
Үй тірлігін үлкендерше қолға алды.
Бірі үй жинап, су әкелсе құдықтан,
Енді бірі малға үйірсек болған-ды.
Бес саусақтай біріккенде жұмылып,
Кім ойлады ойсырар деп орманды.
Қыздың алдын жат ұяға жөнелтті,
Көңілі босап, ойға батты, толғанды.
Жан адамға сипатпайтын жалынан,
Жиеніме берем дейтін жорғамды.
5
Ал сәбидің тәтті, алаңсыз шағы еді,
Бақыт құшқан балауса еді, бала еді,
Оның да енді алай-дүлей әлемі.
Оянғанда жетімдігін сезініп,
Ойнағанда баяғыдай мұңсыз әрі әдемі.
Уақыт-нарға өмір керуен көші ере,
Өтіп жатты айлар, күндер нешеме.
Ана көзін, әке жүзін сағынды ұл,
Апасы оны жоқтатпаймын десе де.
Жолаушылап кеткен жолға елеңдеп,
Жәудір көзін қалдыратын көшеде.
Осы ауланы абыр-сабыр шу етіп,
Жүргенімен өшкен күнді түлетіп,
Бір сұмдықтың, тылсымдықтың болғанын,
Іштей өзі сезініп-ақ жүретін,
Не айтады, не біледі осылар –
Қос құлағын үлкендерге түретін.
Жатпасын деп Құранға өлі бек сусап,
Отыратын үлкендер жақ бет сипап.
Елеңдейді ол кеп қалардай бір жақтан,
Әке-шеше есімдерін ести сап.
Бұл ұлдың да бұғанасы беки ме?
Үміт болып үлбірейді екі үйде.
Көрген сайын немересін-жиенін,
Ағытады бос көңілдің тиегін.
Көкейінде тұрып қалған түйін-дерт,
Осы ұл ғана табатындай бір емін.
Әрқайсысы өз ошағын толтырса деп шаттыққа,
Балады оны мұң боп келген бақ-құтқа.
Өкпелерін айтпаса да жақ ашып,
Немереге жүреді іштей таласып.
Екі үйдің де құйып өссін мейірімін,
Шұғыласын мұңы басым қарашық.
Бөтен көрме, бір-біріңді жат тұтпа,
Сабыр, көңіл, асығыста аптықпа.
Өзекті жанға өмір у да, сүт өмір,
Қайырымды бол, қайырын да күте біл.
Тоғыспайтын параллельдей емес тек,
Қиылыссын екі үйдегі үш өмір.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі