Мансаптың бәрі төр ме деп – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Мансаптың бәрі төр ме деп» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мансаптың бәрі төр ме деп,
Биіктің бәрі өр ме деп,
Айыра білмес алшаңдап,
Өресі жетпес өрмелеп.
Халінше әркім тырмысып,
Халінше әркім нұр құшып.
Араларынан әркімнің
Әрлі де берлі бір мысық
өтіп жүр.
Ол да өз тірлігі,
Осылай дейді ол бір күні -
Жабысып туған жоқ шығар
Жамандықпенен кіндігі.
Жылтырақ көрдік тасты да,
Құшағымызға алдық қасты да.
Басымыз тиген жастықты,
Төседік жаттың астына.
Жылатып айтпай досы кеп,
Айтпадық «Мұнысы несі?» деп.
Аяғын бастық үлкеннің,
өкшесін басу осы деп.
Байламын айтпай байсалды,
Шындықтан шал да тайсалды.
Мастығын көріп кішінің,
«Жастығы шығар», - дей салды.
Есебін тауып, еп қылдық,
Тартысты жерде тек тұрдық.
Аңқауға мұрын шүйіріп,
«Ауылдан келген» деп күлдік.
Жоқта да көңіл хошы ұдай,
иә, біз күлдік осылай.
Қамытың осы-ау қас тірлік
Танытып жүрген дос рай.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері