Шөжелер
Бұл бетте «Шөжелер» атты Сұлтан Қалиев жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Атам бiрде жәшiкпен
Алып келдi бiрдеңе.
Қайран қалдым
Ашып мен,
Апардым да iргеге.
Балапандар сап-сары
Қоя бердi шиқылдап.
Бiреуi де қашпады,
Өздерi тым сүйкiмдi-ақ.
Iшiнде бiр момынын
Сипап едiм бiр рет,
Ескерттi әжем:
– Қолыңның
Жайылады уы! – деп.
Дуылдады беттерiм,
Кеттiм бiлем қызарып.
– Қолымда у жоқ менiң,
Қайтем, – дедiм, – у жағып?
Келiп-ақ тұр жылағым:
– Сонда улы болдым ба?
– У болады, шырағым,
Әр адамның қолында.
Отын әкеп, су тасып,
Тұрмайды әжем орнында.
Көңiлiмдi мұң басып,
Жүрмiн ендi соңында.
– Бар тауықты мен кеше
Ұстап,
Қамап жемдедiм.
Солардың сiз, ендеше,
Көрдiңiз бе өлгенiн?
– Ұқпайсың ба мұны да?
Тауық үлкен. Өлмейдi.
Екi-үш айда
Уыңа
Шөже де бой бермейдi...
Үш күннен соң анам кеп,
Кетiп қалғам қалаға.
Қайтып келдiм
Алаң боп,
Екi ай салып араға.
Келсем,
Қызық,
Баяғы
Балапандар сап-сары
Ақ шөжеге айналып,
Аралап жүр бақшаны.
Атам инкубатордан
Әкелгенi кеше едi.
Құс деген бұл «антұрған»
Қалай жылдам өседi?
Сағынсам да соншалық,
«Шеп-шеп!» – деп ем жай ғана,
Құйрықтары шошайып,
Қоршап алды айнала.
Жылт-жылт етiп көздерi,
Таңырқаса қарады.
Сүп-сүйкiмдi өздерi,
Сипағым кеп барады.
Алып-ұшып көңiлiм,
Қолым созсам күбiрлеп,
Ойлады ма қолының
Жайылады уы деп,
Тып-тып етiп аяғы,
Қашқақтады тыңдамай.
Әжем сөзiн баяғы
Ұмытпапты,
Қулар-ай!
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Әл – Фараби
- Төлепбек Жантай
- Есбол Бозан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі