Өлең, жыр, ақындар

Ұлы Отан соғысы туралы жыр

  • admin
  • 08.11.2024
  • 0
  • 0
  • 123
Міне, менің алдымда жатыр Еділ,
Ер орыстың ежелден бесігі бұл.
Рухындай аруақты ата-бабалардың
Ойшыл бұлттар аспанда шомылып жүр.

Саратов, Тамбов, Москва- байтақ елім
Киінген қызыл әскер сұр шинелін.
Қайнап аққан болаттай келеді ерлер,
Қорғасынға түйіп ап кекті зілін.

Жау сұрқия, тобыры жендеттердің,
Ажал досы, қырсығы көк пен жердің.
Оның қанды қолынан, қанжарынан,
О, бауырым, аз қырғын болды дер кім!

Апат боп өліктерді басып-таптап,
Қасқыр боп, өрт боп дұшпан келді қаптап.
Атаға да балаға сайлап бұғау,
Жыландай жанды жерден болды шақпақ.

Ұлы ұран тау қырандай саңқылдады,
Дабысын ұлан-байтақ ел тыңдады.
Сонау алыс ғасырлар түкпірінен
Түсі суық найзалар жарқылдады.

Түстік таулар, арқалық теңіздерден
Ағылды әскер намысын кек кемірген.
Көтерілді орыстың ер ұрпағы
Бастап сонау қан қырғын Чуд көлінен.

Алты аспабы жарқылдап астында айдың,
Жалын шашып жүздері шегіп айбын,
Аттанды кеп ерлері Ұлы Отанның,
Дауыл күнгі бейне бір шалқар айдын.

Қатал күндер дауысы дауыл болып,
Ғасырларды оятып, өтті соғып.
Альпы тауын бетке ұстап саңқ-саңқ етіп,
Шықты ұшып қарт бүркіт ер Суворов.

Смоленск түбінде құрып шебін,
Кутузов жүр көкке атып зеңбірегін.
Қанды кия тастарға қару қадап,
Москва тұр баспа ғып Чудтың көлін.

Адам да, жер де, су да, ормандар да,
Ғалым, тарих, намыс та, кек те, ар да -
Бәрі де тайталасып майданға енді,
Жігіттер, бұдан асар ғажап бар ма!

Қарт Толстой жалын боп шығып демі,
Жазып жатыр, кім білер, әлденені?
Кей кезде бір шалынад құлағыма
Глинканың тым ауыр күрсінгені.

Салдың жара кеудеге, сұрқия жау,
Кетпес естен қан қырғын, талау-тонау.
Сенің арам сүйегің шірігенше
Біздің ауыр жарамыз жазылар-ау.

Европаға сыймастай ісіп-кеуіп,
Тәкаппарсып кетіп ең басып, теуіп.
Құладындай жүзіңді ішке тығып,
Енді неге бұғасың бүкшірейіп?!

Өлтіре соқ фашисті, ұр желкеден
Ғасырлар мен жылдардың салмағымен.
Өртенген үй, қираған атамекен,
Қан мен жастың кегі үшін аянба сен!

1943 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Біз - Отанның солдаты

  • 0
  • 0

Біз - Отанның солдаты
Батыс бардық,
Балқан бастық бөктерлеп,
Қасым Аманжолов

Толық

Біз кім?

  • 0
  • 0

Біз кім? - Қасым Аманжолов
Осы біз дуракпыз ба, ақынбыз ба?
Естіге - ақын, бұзықпыз ақылсызға.
Қырғидай кеп тиеміз әрқашанда

Толық

Алматым

  • 0
  • 0

Келдім сені сағынып,
Алтын ұям — Алматым,
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың.

Толық

Қарап көріңіз