Өлең, жыр, ақындар

Мамырда қар жауғанда

  • admin
  • 21.11.2024
  • 0
  • 0
  • 85
Кіріспе сөз
Әкелерді әкетті соғысқа айдап,
Мұң­зарында заманның пістік қайнап.
Саумалкөлден ауылға көшіп келдік,
Өксік, ыза, көз жасын ішке байлап.
Соры қалың сондағы нала­дертті
Кәрі­құртаң, жас ана, бала шекті.
Жалғызтаудың бауырында
Өскен атты
Шағын ауыл зор пана бола кетті.
Үкілі Ыбырай жер осы жаратылған,
Данамыз сол елге ортақ дара туған.
«Халық жауы» деп атап қатал заман,
Ұрпақтарын қайырды қанатынан.
Қиянат көп көз ашпай жанды улаған,
Емес бірақ дөп келген жалғыз маған.
Бүкіл ауыл әнші боп жаралса да,
Ыбырай әнін ешқашан салғызбаған.
Елдің аян осындай күйде өткені,
Аштық, соғыс – бәрі де түйдектеді.
Есте қалды Молдахмет атамыздың
«Гәкку» әнін жасырып үйреткені.
Жарқын көлге тігіпті бабам шатыр,
Аққу қонған Қамсақты санамда тұр.
Осы ауылда, тағдырдың бұйрығымен,
Бір зиратта менің қос анам жатыр.
Есте қалды қызыққа көз тойғаны,
Мұса бауырым ән салып қос толғаны.
Осы ауылда
Айтахмет әкеміздің
Құнанбаймен шын сыйлас дос болғаны.
Есен өтсе толқыннан бала қайық,
Кел, Әшірбек, өткенді шамалайық.
Сен ол кезде ес білмес бала едің ғой,
Енді бірге бір күнін аралайық.

Бірінші өлең
Қар жауған жыл.
Көңілге зіл байланды.
Көрген тірлік ақ боранға айналды.
Жыл емес­ау,
Жылдан ұзақ бір күнді
Жүйрік қалам баяндауға сайланды.
Көз алдыңа әкелгендей бар жауды,
Жиырмасыншы мамыр күні қар жауды.
Егін салып, тақау едік бітуге,
Ұмытардай шеккен бейнет, шаршауды.
Қырсық тисе жолы болмас оң істің,
Дәл екінші жылы еді сұм соғыстың.
Он жастамын,
Қол бастадым деп білем,
Жер жыртысып, мен де ақ бидай егістім.
Естиярлық ерте өзгертті өңімді,
Көп толқытты көк өрімдей көңілді.
Асық пен доп, қанбай қалған ұйқы да
Дәнмен бірге бороздада көмілді.
Артық күлкі, артық сөзден арылдық,
Информбюро хабарына табындық.
Тым көбейді шегініс те, жеңіліс,
Үлкен­кіші естен мүлде жаңылдық.
Алғы шепте тұрамыз деп тебініп,
Шымыр өстік құлын күннен жегіліп.
Әттең, шіркін...
Егіс бітер­бітпесте
Қар жауды ғой...
Жыртық аспан сөгіліп.
Жылауық бұлт қарт әжемнің көзіндей,
Себелеп тұр әудем сәтке көз ілмей.
Төгіліп тұр жапалақтап, жарқылдап,
Қыз­көктемге қыршын келген өлімдей.
Егістегі жердің аты – Қарағаш,
Қарағашта...
Қалды көктем жалаңаш.
Қаршагүлдің қар жамылған өңіне
Көзің түссе жаның қалай аямас?
Бас қаңғырды, ел мәңгірді делдалда,
Сасып қалды ес білетін шалдар да.
«Өткінші емес, арты жабық тұтасқан», –
Дейді олар әділ шешім таңдарда.
Басқарма да бұзбай сөздің арасын:
«Кеттік», – дейді.
Ол айтқан соң нанасың.
Кетеміз­ау... солдаттардай неміске
«Тастап шыққан»
Көп қорғаған қаласын.
Қар жауып тұр...
Міндік даяр арбаға,
Кәрі­құртаң, қатын­қалаш, бар бала...
Тар көлікте жамылыстық бір жабу,
Алға тартты қарулы өгіз қармана.
Өңі суық бригадир жүр сұрланып,
Мың толқиды
Бір суынып, бір жанып.
Қар жауып тұр...
Міз бақпайды, саспайды,
Көрші қыздың шолпысындай ырғалып.
Қалың нөкер дерсің көшкен ел­жұртты,
Қар қаумалап көзді көкке телміртті.
Қарауытты...
Бұлт қабағы түнерді,
Жуыр маңда ашылмасқа сендіртті.
Көз ұшында көрінетін Қарағаш,
Алыста екен қайың, терек аралас.
Қаратаған ұялары қарайып,
Ағаш басы қол сілтеді шала мас.
Өгіз аяң...
Денем қызып бара ма?..
Бір жұтым су... әлек салды санама.
Әрең шыдап көзді ұйқыға жұмсаймын,
Пәлем тиіп кетпесін деп анама.
Жау қолына түскен жаяу әскердей,
Ұбап­шұбап жеттік елге ас көрмей.
Аш қасқырдай дүлей боран ұлыды,
Қарсыласқан тірі жанға дес бермей.
Көңілдер пәс, шалқып көкке самғау жоқ,
Әуре­сарсаң, мал іздеген барлау көп.
Нағашы атам өңі суық күрсінді:
«Құс ұясы қарда қатып қалды­ау», – деп.

Екінші өлең
Қар жауған жыл...
Аш алапат секілді,
Жалаңаш жел жердің құтын кетірді.
Еріген қар ертіп кетті соңынан
Көк майсалы гүл патшасын не түрлі.
Жылуы өктем...
Қайда көктем көрікті?
Қыз шырайлы қызғалдақтар сөніпті.
Көктесіннің сарғайғаны шошытып,
Ел егіске қайта жекті көлікті.
Қабдыраштай жарысқанды ұта алмай,
Әубәкір жүр тракторы тұтанбай.
Қара өгіздің жүдегені­ай, жанары
Жаудырап тұр жұт қылғытып жұтардай.
Қайта егудің машақаты­ай тірлікте,
Сыналады іскерлік те, бірлік те.
Осы жөн деп, нар тәуекел, бел буса,
Сенімсіздік сеппесін де бір нүкте.
Салып жатты талай білгіш байбалам,
Талас­тартыс, керіс туды қайнаған.
«Осым теріс болса, – деді басқарма, –
Күн таусылсын мені сіздер сайлаған».
Сызат түссе сына қалар қам көңіл,
Нық нұсқаға алды бәрі жансебіл.
Күн де шықты
Болдыңдар ма дегендей,
Жұрт қуанды оралғандай сәнді өмір.
Қайта өңдедік талай егіс алаңды,
Жер ызғарлы, суық сорды табанды.
Өгіз жетпей, көрдік сонда соқаға
Сауын сиыр жеккен ауыр заманды.
Үлкендерге үрей салды келешек,
Аз емес­ті майданға да берешек.
Ақырғы астық...
Кетті жерге себіліп,
Масақ болды ауыл шеккен көрешек.
Атам жөндеп қирап қалған арбасын,
Жайғастырмақ кем­кетіктің шаруасын.
Сақау бала жетектеген шал да өтті,
Қатты қысып қайыр жиған дорбасын.
Көрші қарық көк өгізін аймалап,
Біреулер жүр: «Көп өгізім қайдалап».
Сыртқы селен
Ықтағы елге наразы,
Мысы құрып, тісін қатты қайрамақ.
Ілді­жұлды қарбаласта туындап,
Біреу сөкті ұрланғанды буындап.
Олжа малды соймаса арам өлер деп,
Балалар жүр қуырдақ күтіп шуылдап.
Ел әбігер,
Жерді жыртып болғасын,
Кезектесіп күзетеді төлбасын.
Әжем де жүр
Салт қамшыдай сыптығыр,
Көкірегіне тығып тастап көз жасын.
Арық кемпір,
Ал мінезі тым қатты.
Мәміле бастап, сөз тастайды зиятты.
Өз қызына «Бар жұмысқа!» дегенде
Бригадирдің көмекшісі сияқты.

Үшінші өлең
Қар жауған жыл...
Баттық боран оппаға.
Қырғын тиді «барыңа» да, «жоққа» да.
Ала бие естігенде өлімін,
Зар қақты ауыл үйір­үйір топтала.
Лүпілдейді жүрек нәзік пернелі,
Сурет еді­ау шапқаны да желгені.
Қызыл ала тудай еді­ау жануар,
Елге олжа дара озып келгені.
Жануар­ай! Біздің ауыл көркі еді,
«Шаппай берген» тиді талай ел төрі.
«Құлагердің жұрнағы» деп мақтайтын
Атамның да ішін запыран өртеді.
Үңілуші ек көңіл кетпей әр неге,
Естен кетпес қызық еді­ау әлде де.
Нұрбай, Қоқи кезек­кезек мінетін
Ала бие түсер сәтте бәйгеге.
Ит жүгіртіп, жүйрік мінген құсбегі,
Атам менің Қожағали күшті еді.
Осы жолы шоқ сақалын саусаққа
Жұрт көзінше мың­мың орап бүктеді.
Ол ауылда болды басшы атбегі,
Екі айтпайтын мінезі де қатты еді.
Бетін сипап, жануарды құшақтап:
«Сүмбе саңлақ, тәтті ұйқыда жат», – деді.
Ала бие өлімін де әлдекім
Даттап жатты. Келмес оны әрлегім.
Ақ кеседей... көзі жатыр аларып,
Сұм соғысқа арнағандай бар кегін.
Майдандағы басқарманың аты еді,
Секем алған сол ма жұрттың қатері?
«Ала келер келерінде ала мал,
Кетерінде ала кетер» – мәтелі.
Шағын ауыл көшкен сеңдей сенделді,
Ақсақалдар тоқтау салып, дем берді.
Өскен атты ауылымыздың дүлдүлі,
Мал да болса дәл адамша жерленді.
Сөгу қате елдің ырым­жырымын,
Түбі терең әр сөз маңыз, сырының.
Ертеңіне қара қағаз көп келді,
Ащысын­ай естірткен қарт тілінің:
«Тағдыр ісі – үлкен қатер жолықса,
Құт қонбайды қайран атақонысқа.
Ала бие ауылда өлді...
Қайырбек...
Ерлікпенен қаза тапты соғыста...» –
Дей бергенде
Жұрт шығарды дауысты,
Лықсып, өксіп бауыр құшақ қауышты.
Жоқтау салды анық атап есімін,
Жанашырлар көз бұлағын тауысты.
Ағайын ел зарлы әуенге ауысты,
Жел сыңсыды, қамыс сыңғыр қағысты.
Тоғай толқып, қарағай, қайың сенделді,
Жаңбырлы бұлт Жалғызтауға жабысты.
Шыдау қайда?!
Ел теңселді ес келмей,
Үлкендер тұр қайғы қаулап, сес бермей.
Сөз бастады Уәли атты ауылнай,
Өткір тілі жүрек шетін тескендей.
Ішін тартып,
Жұрт үндемей тұрысты,
Шешен жігіт барын сарқа тырысты.
Керек сөзге зерек туған халқым­ай!
Жоқтау тынды. Тоқтатуға бет бұрысты.
Шешем келіп сүртті екі бетімді,
Жаутаң қағып жылаған жұрт бекінді.
Жанарлары көрінеді
Селдір бұлт
Арасында сөнген жұлдыз секілді.
Тайлақ молда дереу аят оқыды,
Құйқылжыды үні тоғай тотылы.
Ол заулатса құран сөзін құбылтып,
Тыңдаған жұрт көкейіне тоқыды.
Құдай білсін не дегенін молданың,
Қайталадым әжем айтқан долбарын.
Бет сипады бастықтар да баппенен,
Жұрт қатарлы жайып екі қолдарын.
Дұға сөзге кім қалады үндемей,
Алла деуге адал барды тіл­көмей.
Қажыбай ағай – басқарманың хатшысы,
Ашық аят айтып жатты түрлемей.
Құран сөзі көтергендей пейілді,
Кәрі­жас та бола қалды зейінді.
Көз астымен қарасады барша жан
Не айтар деп ақсақалдар кейінгі.
Төңкеріліп маңдайда қос шырағы,
Смағұл қарт бір ауыз сөз құрады.
Үкілі Ыбырай үмбетінің үлкені
Әти шалдың айтқаны – ел ұраны.
«Беу, жарандар!
Табылғай ем дертіңе,
Көздің жасы жетсін соғыс өртіне.
Ес жинайық! Жансын үміт ұшқыны,
Есен жетсін сарбаздар ел шетіне.
Көз жасына толастамас мол қайғы,
Мол қайғыға батсақ, тірлік оңбайды.
Сабыр, халқым!
«Ат тұяғын тай басар»,
Медет етсек, Алла жар боп қолдайды.
Ақыл күтсең сексендегі кәріден,
Жұттың басын қайтарайық әріден.
Ендігәрі мамырда қар жаумасын,
Сақта, – деді, – Алла, тағдыр кәрінен.
Ата сөзі: «Ханның басын хан алар»,
Сол секілді «Қардың басын қар алар».
Бұдан кейін беті қайтып немістің,
Жауды жеңіп, есен келер балалар.
Дауыл­дүрмек соға бермес қуалап,
Халқым көрген болсын соңғы қиянат.
Молдық берсін егін, шөпке Жаратқан,
Қолдағы іске берсін ынта, тиянақ.
Қайырын берсін оққа ұшқан ардақтың,
Сол еді ғой қорғасындай салмақтым.
Ала бие құрмалдығы болыпты
Қайырбектей ел басшысы бекзаттың.
Беу, халайық!
Жөн құрмалдық шалғаның,
Аят оқып, құран сөзін арнадым.
Азаматтар есен келсін майданнан,
Сау болғай­ақ, бар ағайын, мал­жаның...» –
Деп тоқтатты Смағұл қарт сөз кенін,
Ақ батасы, дауа ма едің, ем бе едің?!
Терең ойдың отты ұшқыны дем беріп,
Сездім сонда бүкіл ауыл сенгенін.
Содан бері сақиналы сау басым,
Селк етеді бұлт бүркесе тау басын.
Есте қалған ата сөзін жалғайын:
Туған елге мамырда қар жаумасын!

Төртінші өлең
Қар жауған жыл...
Көп жүгін арқалатты.
Арты қайыр, ақтады бар талапты.
Жаңбырлы жаз, нұрлы күз, мырза қырман,
Керуен арттық майданға салтанатты.
Зейнет күтіп бейнетті мол ісінен,
Ел кенелді жайқалған егісімен.
Еркеледік арда емген құлыншақтай,
Ғибрат алдық өмірдің желісінен.
«Әшім қонған» егінжай даласында,
Түскі астан соң ақ қайың саясында
Ән салушы ек Қыз Жібек, Төлеген боп,
Бекежан да килігіп арасында.
Мадақтасам балалық мағынасын,
Мөлтектемей төгейін тағы да сыр.
Аққұба қыз – Қыз Жібек,
Мен – Төлеген,
Ашып едік кең дала сахнасын.
Ересектеу қыз­қырқын сәті келіп,
Жанарларын қызыққа жатты көміп.
«Бетінен сүй!»
«Құшақта, ұялма!» – деп,
Қарқылдасып шулайды жақсы көріп.
«Арық бала жыққаны тоқ баланы,
«Төлегеннің» бар, – дейтін, – оққағары».
«Қыз алдында жықтың», – деп
Сақау Кәптің
Естен кетпес сонда әрең тоқтағаны.
Қайда қалды ол заман...
Сан жыл өтті,
Кім ойлаған дертшіл деп бұл жүректі.
Кейде жиі лүпілдеп сағынтады
Сол баяғы бүлдіршін «Қыз Жібекті».
Мәшһүр етіп
Ол сырды терең барсақ,
Жол қосылмай жасымда кеткен алшақ.
Бірақ кейде баяғы бала Жібек
Ақ дидарын көргім кеп кетем аңсап.

Бесінші өлең
Қар жауған жыл...
Созылып қыс шұбады,
Еске түссе көкіректе мұз тұнады.
Ақсақ солдат – жандайшап бригадир де
Салт қамшысын үйіріп тыншымады.
Соқа айдасақ жер жыртып өгізбенен,
Сол өмірді тірлікке негіз көрем.
Масақ теріп,
Мәз етсе анам байғұс,
«Қарным ашты, қамықтым» дегізбеген.
Жеңіс келді!
Алақай, жеңіс келді!
Көп толқыны көңілдің тегістелді.
Барын сойып ел қырғын той жасады,
Бір жібітті бүктелген беріштерді.
Сабыр сақтап анам да жүр қасымда,
Қайғы көп қой әлі де бір басында.
Қара қағаз қалтада қинаса да,
Белгі болған күн туды бір ғасырға.
Азан­қазан шулы той құлақтанар,
Қарбаласта әжеме сұрақ та бар.
Сұрағым кеп «Келе ме, келмей ме?» деп,
«Қойшы, – деймін, – тағы да жылап қалар...»
Күн жарылқап ауылдың тойлы алаңын,
Әлі есімде, табиғат, қолдағаның.
«Әйгөлектің» қызығы­ай,
Айқабақтар
Айдай толқып көріп ем ойнағанын.
Күндіз тойлы жарыста жорға міндім,
Түнде «Ақсүйек» ойынын сонда білдім.
Қалымтаймен жарысып құлыншақтай,
Шаршасам да шыдадым, зорға жүрдім.
Бітті, бітті ел күткен тасқын жорық,
Аяғына жеттік­ау басын көріп.
Қоқи, Жәбен, Ерғожа, Сабыр, Жолан –
Бірге жүрдік ошақтың басын торып.
Үзілуге тақаған қыл мойынды,
Балалар бар көпсінбес мың тойыңды.
Қазан­қазан асқан ет мол болғаны,
Тамақты ойлау сол күні бір жойылды.
Желбіреді жалаулар,
Жеңіс келді.
Кейбір үйден кеткендер тегіс келді.
Кей шаңырақ біржола қаңыраса,
Жұрағаты қарғады немістерді.
Смағұл қарт үнсіз тұр Тойтөбеде,
Сыймай келді ұста шал жертөлеге.
Қатал тағдыр үш ұлын оққа ұшырып,
Күн ұялып, жылжымай тұр төбеде.
Жүз шақты үйден жүз жігіт оралмады,
Жүз тұғырға жүз саңлақ қона алмады.
Жоққа аят, барына бақыт тілеп,
Елді оңалта бастады оралғаны.
Әділеттің туды еркін жеңбек күні,
Қаһармандар оянды сергек сыны.
Құнанбайлар мүлтіксіз тәртіп жасап,
Өсім тапты әркімнің еңбеккүні.
Астық сарай ел сыйлар желкен бүгін,
Сол ғимарат ішінде көрген күнің.
Бар байлықтың бастығы Құнанбай да
Ақ бидаймен өтейтін еңбек құнын.
Астық сарай мектептің тап қасында,
Тазалық бар, тәртіп бар ауласында.
Жоқтық көрген адамдар қарап өтер,
Тоқтық тілеп, келгендей тәубасына.
«Оралған жан тап кеше қан майданнан,
Жаны аулақ ащы су, жын сайраннан, –
Дейді атам, – Құнанбай – елдің құты,
Құдай берді, құр қайтпас сұрай барған».
Қарттың сөзін келеді қайталағым,
Жатты ішінде ақ ниет, қайсар ағын.
«Ел ырысы берілді таза қолға, –
Дейді атам, – бір уһ деп жай табамын».
Дархан өмір басқаша басты арнаға,
Тізгін тиді жаңашыл жастарға да.
Басқарма да жаңарды көп ұзамай,
Кетті ауылнай, көмекші басқалар да.
Мың ақтарсам көңілді мың аударып,
Қозы жайған күн қалды, бұзау бағып.
Жаңбыр жауса орақта сернелестік,
Қыза­қыза біздер де «қыз ауладық».
Көрші ауылға, Тәңірім, қараттың ба?!
«Қара қамыс» қызы еді ғажап тұлға.
Ерте кетті өмірден,
Әттеген­ай!
Қатал екен қағысы сағаттың да.
Шын сұлудың ұқсайды­ау бәрі гүлге,
Гүл патшасы сол еді­ау, жаны бірге.
«Жезкиік» боп жүйткіген
Қызыл ішік
Елестейді көзіме әлі күнге.
Көркемдігі кеміген
Көктем күнге,
Есейсем де таусылмас өкпем мүлде.
Жас жүрегім тым ерте жараланды,
Жүк емес қой көтерер көппен бірге.
Ақ дидары жарқ етіп ашылардай,
Жан тілегін жеткіздім шашып алмай.
«Жезкиікті» көп айтам оңашада,
Аңсау, сусау, шөліркеу басылардай.
Жанға дәру бүкіл ел ұққан әні,
Үкілі бабам сол шығар құптағаны.
«Гәкку» қалқып, «Жезкиік» қатарласса,
Өкініштің өртінен құтқарады.
Айналайын ауылым «Гәккулеткен»,
Қызық едің жасымнан ән­күйлеткен.
Аққу сүйгіш болған соң ес білгелі,
Тарап кетті қазаққа «Аққу жеткен».

Соңғы сөз
Қар жауған жыл...
Сол ауыл мамырдағы
Еске түсіп жаным бір дамылдады.
Жауған қардай ақ шашым желбіресе,
Ол жүректің тым көптеу сағынғаны.
Осы күнде пайғамбар жасындамын,
Аз емес қой әлі де басымда мұң.
Ырыс пенен ынтымақ егіз екен,
Соны сезді шындыққа ғашық жаным.
Жал бітеді ақ ниет арыққа да,
Жеңіс көрді ел қанша зарықса да.
Құт орнасын қазаққа,
Тілегім сол,
Молдық келер жол түсіп нарыққа да.
Сүт бетінде қаймақтай мөлтілдеген,
Бұлт сыры жоқ аспанда мен білмеген.
Тілегім сол:
Мамырда қар жаумасын,
Тусын дәуір ел түлеп, жер гүлдеген.
Талай­талай әлі де дүрмек өтер,
Күндіз бітпей, қалың ой түнделетер.
Зілі батса мамырда жауған қардың,
Сыры осы сүйекпен бірге кетер.

19.04.1995



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ол да бір аққан жұлдыздай

  • 0
  • 0

Қырандай самғап өрледі,
Жасынан құштар білімге.
Ғұлама сырын мөрледі
Ағылшын, неміс тілінде.

Толық

Абайым

  • 0
  • 0

Салдың сөз сарайын,
Пайғамбар – пенде боп.
Екінші Абайым,
Кәкімбек Салықов

Толық

Мақта терген нәзік қыз

  • 0
  • 0

Мақта терген нәзік қыз
Ақ алтын аппақ гүлдей өрнегін­ай!
Құтты жер шөлі қанып бергені бай.
Кәкімбек Салықов

Толық

Қарап көріңіз