Өлең, жыр, ақындар

"Шындық" толғауы

Сөйле, тілім алаңдама, тартынба
Найзағайдай шындықты айтып жарқылда!
Қалай ғана өмір сүрдім дей алам,
Бір ауыз сөз қалмаған соң халқымда?!

Заман қалай, адам қалай өзгерді,
Өзгергенді шүкір, қазір көз көрді.
Арың менен ақиқаттың алдында
Шындықты айтып, шыңғыратын кез келді.

Айтса нанар момын халық едік қой,
Сенгіштіктен талай таяқ жедік қой.
Халқымыздың қамын жеген ұлдарын
О, ғаламат, «Халық жауы» дедік қой!

Күні болған қазағымның сорлаған
Қасіреттің қара бұлты торлаған.
Ешқашанда тарихымда даламның,
Кешегідей бұрыс кету болмаған!

Әке тұрып сөйлеп кетті баламыз,
Ағайыннан алыс кетті арамыз.
Үш миллион аштан өлген жарамыз,
Қалғанымыз қайда кетіп барамыз?

Сеніп өскен халық едік малына,
Малын алса, Қайтсін халық налымай?!
Америка, Түркияға, Қытайға,
Жетіскеннен шашылдық па тарыдай?

Шұбар ала болып кеткен тілдерің,
Айтатұғын келді ау оны күндерің.
Тілің кетсе, күнің қоса кетерін
Қайран елім, қалай ғана білмедің?

Орысшада орыстарды таң қылып,
Ана тілін білмеу қандай заңдылық?!
Жалпақ далаң өсер балаң, тұрғанда,
Қазақ тілі жасау керек мәңгілік!!!

Ауыруың бірте - бірте асқынған,
Қара ниет асып кетті қасқырдан.
Қай бабаңның дәстүрінде бар еді,
Ата - анасын интернатқа тапсырған.

Өкініштен өксігімді баса алмай,
Айту қиын ойлы көзге жас алмай.
Бір азамат бір ауылды билеуші ед,
Қазір қалдық бір әйелден аса алмай.

Азаматтар қол бастайтын қаһарман,
Алкогольдың ауруымен шатылған,
Бұл заманның Қобыланды мен Қамбары,
Оқ тимей - ақ шығып жатыр қатардан.

Бабамыздың биігінен аспадық,
Құдай менен дінді жауып тастадық.
Маскүнем боп ұлдар түгіл қыздарың,
Ол аз болса наша шеге бастадық.

Сәл кідіріп, ойлаңдаршы әріден,
Қанша сәби өлді улы дәріден.
Қыздарымыз үйде отырып жүкті боп,
Тірі жетім көбейді ғой бәрінен.

Қайдасыңдар, азаматым, арысым,
Қайда кеткен, қасиетті намысың?
Адам түгіл шырылдаған торғайда,
Жанын пида етпеушімед бала үшін.

Алған кезде бұл тоқырау алқымнан,
Жұрдай болдық қайран баба салтыңнан.
Қасиетті қыздарымның қылығы,
Арал болып, Балқаш болып сарқылған!

Миымызға өрмекші тор құрған ба?!
Көр соқыр қып құдай таза ұрған ба?!
Қара көздер кімге ғашық болдыңдар,
Өз батырың, өз арысың тұрғанда!

Намыс қайда, ұят қайда, ар қайда?
Мұның бәрі кеткеніме шалғайға.
Бұл бетімен кете берсе ұрпағың,
Шала естілеу, мәңгүрт болып қалмай ма?

Дұрыс болмай замананың жетегі,
Еңіреген ердің толды етегі.
Осылардың бәрін қосып ойласам,
Бас айналып, көз бұлдырап кетеді.

Қайран елім, сорың енді арылар.
Күнім туды ағымнан бір жарылар,
Шыдаушы еңдер, шыдаңдаршы шырылдап,
Шындық жайлы айтатыным әлі бар.

Туған елдің қазынасының бәрін ап,
Ұрпағымыз кейін немен жарымақ?!
Полигон боп Абай, Мұхтар жүрген жер,
Атом неге тек Семейде жарылад?!

Бұл сөзіме түсінер - ау есі бар,
Кімнің қандай ала - алмаған өші бар?
Ел жоқ күн жоқ тундралар тұрғанда,
Сары алтындай Сарыөзекте несі бар?

Мәз болмайық арқамыздан қаққанға,
Мәз болмайық жұлдыз әкеп таққанға,
Кімге керек жал мен жая жегенің,
Бауырларың қылтамақ боп жатқанда.

Бауырларым, жанымыз бір кемеде,
Мен ешкімге жүрген жоқпын сене де!
Лермонтовпен Пушкинді атқан жандарга,
Абай деген Семей деген немене?!

Оқымаған биікте тұр бабамыз,
Оқыдық қой неге саяз санамыз?
Асқынды ғой, асқынды ғой жарамыз.
Ей, бауырлар, қайда кетіп барамыз?

Ақмоланың ұмыттық біз аттарын
Кереку мен Қызылжар ед мақтаным
Орысша боп алаң түгіл қалаңда
Байқайсыңба қайда бара жатқанын

Қайран далам, өр төсіңе - нұр тұнған,
Қырандайсың, қанатынан қырқылған.
Мал өрісің, аң мен құсың жоқ болды,
Миллион гектар жырым - жырым жыртылған!

Асқар тауым - ақыл, ойым - қорғаным,
Есіңді жый, ешкімге жем болмағын.
Есіл ерлер ертеңді де ойлаңдар,
Кімге керек бес күн жақсы болғаның.

Айтатұғын келді бүгін ақ таңдар,
Бәрін біреу береді деп жатпаңдар.
Бір қазақты үшке бөліп бүлінбей,
Қайран елім, бірлігіңді сақтаңдар!



Пікірлер (1)

Айша

Супер

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз