Бақыт деген сүйеді тыныштықты – Айгүл Қадыр

Бұл бетте «Бақыт деген сүйеді тыныштықты» атты Айгүл Қадыр жазған бақыт туралы өлең берілген.

Қас қарайып келеді, қас қарайып,
Жұрт тіршілік жасайды жасқа лайық.
Ғашық қызды іздейді ғашық жігіт,
Махаббат бар, жоқ онда басқа айып.

Жұлдыздар да шығады жымың қағып,
Қыз сәнденер сырғаның мыңын тағып.
Толқынданған қап-қара қос бұрымға,
Жұпар шашқан әтірдің бірін жағып.

Жігіттің де жүрегі лүпілдейді,
Ұйықтамасын бар әлем бүгін мейлі.
Сұңқардайын сыланып қызға қарай,
Қомдағанда қанаты бүгілмейді.

Мынау дала алады Айдан үлгі,
Сезім жайлы ол енді қайдан білді?
Қол ұстасқан жас жүрек қалайды шын,
Бақытына құшағын жайған түнді.

Түн самалы тербейді күміс шықты,
Бір суытып, үрлейді бір ыстықты.
Әңгімесіз қиыла қарайды олар,
Бақыт деген сүйеді тыныштықты.
Айгүл Қадыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар