Өлең, жыр, ақындар

Сен болмасаң...

Сен болмасаң көп қуанып күлмес ем,
Сезімнің де не екенін білмес ем.
Сағынғанда іштен тынып, күрсініп,
Жанарыма бір тамшы жас ілмес ем.

Сен болмасаң таңнан шуақ алмас ем,
Құс жолына телмірмес ем, талмас ем.
Бал тіліммен шумақтарды сөйлетіп,
Сұлу жырдан зәулім сарай салмас ем.

Сен болмасаң тәтті түс те көрмес ем,
Көп армандап, қиялдарға ермес ем.
"Күлген кезде әдемісің" - дегенді,
Өзге айтса тіпті мән де бермес ем.

Сен болмасаң жалғыз шыңға шықпас ем,
Дауылдан да, бораннан да ықпас ем.
Ащысы мен тұщысынан дәм татып,
Бұл өмірдің не екенін ұқпас ем!

Сен болмасаң сырбаз мұңға төзбес ем,
Іңкәрліктен түнгі аспанды кезбес ем.
Ай, жұлдызға жалықпастан сыр айтып,
Сен болмасаң - Махаббатты,
Махаббатты, сезбес ем!
Айгүл Қадыр



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз