Өлең, жыр, ақындар

Терезені ақ аяз өрнектейді

Келеді әлі, тағы да қаңтар, ақпан,
Аппақ дала, аппақ түн, атар ақ таң.
Ақ қанатын жайғанда ақ ұлпалар,
Аппақ сезім еседі әр тараптан.

Терезені ақ аяз өрнектейді,
Оюласын, тоқысын өрмек мейлі.
Көңілімді менің де бір сағыныш,
Ақ мамыққа сәбидей жөргектейді.

Аппақ көңіл, кіршіксіз, аппақ дала,
Арман құшам дәл осы шақта ғана.
Ақ сезімге мендегі іңкәрлікті,
Алайыншы есіме сақтап қана.

Қар ериді, жауады, құрғамайды,
Еншісінде уақыттың сырғанайды.
Аппақ қыста біз кешкен естеліктер,
Шым-шымдап ет жүректі тырналайды.

Қысқы ақ түн арбайды кейде мені,
Махаббатқа ұқсайды кей бедері.
Аппақ қарға әр жерде түседі әлі,
Жүректердің сызылған бейнелері.
Айгүл Әбдіқадырқызы Анашбекова



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз