ӘКЕНІ АҢСАУ немесе әкесіз өскен ұлдың арманы
Әке, сізді.. сыртыңнан бір көруге...
Дүниемді түгел құрбан етейін,
Ең жоғарғы ақыны да төлейін.
Бүйрек, бауыр, жүрегім мен тәнімді -
Сол бір сәттік бақыт үшін берейін.
Даусыңды естіп, көздеріңді көрейін,
Қажет етсең табаныңды өбейін.
Күлкің үшін жолыңа гүл егейін,
Бір-ақ ауыз жылы, тәтті сөзіңе -
Төбеңізден алтын-күміс себейін.
Бар болғаны "ұлым" - деші елжіреп,
Құшақташы... жылуыңды сезейін.
Өзге әйелден туған ұл мен қызыңды,
Өгейсітпей, мейірімімді төгейін.
Өз қаныңнан тараған бар немерең,
Таныстырып алдыңа әкеп берейін,
Келініңе "құрмет көрсет, әкеме!" -
Деп, оған да өктемсіп бір көрейін...
Анам үшін жоқ боп кеткен сыйыңды,
Әр тараптан, түрлі жолмен терейін.
Жүрегіммен "жан әкешім-ау" - дейін.
Содан кейін армансыз-ақ өлейін.
Тек ұлыңды өзегінен теппеші...
Бұдан өзге әке сізге не дейін...?!!
Анамның да жоқ демеймін айыбы,
Мына әлемде аз ба оның уайымы.
Бөліскісі келмеген соң күйеуін,
Артық көрді.. қызғаныштан қайғыны..!
Сізді де мен кінәламан орынсыз,
Бойымда ағып жатқаннан соң қаныңыз.
Анашымнан таба алмаған сезімді,
Сезіндірген аман болсын жарыңыз!
Не де болса, әке сізді сыйлаймын,
Сізді ешқашан жамандыққа қимаймын.
Анашыма өкпелісіз жарайды,
Айтыңызшы...
Мені неге қинайсыз?!
Жазығым не? Неге іздеп келмейсіз?
Немереңді неге бір рет көрмейсіз?
Әке, мені танисыз ба? Қандаймын?
Танымайсыз...
Мені мүлдем білмейсіз...!
Мейлі мені сызып таста санаңнан,
Дәл осылай кек қайтарғын анамнан.
Әке сізді кешіремін күмәнсіз,
Өтінемін...
Бас тартпашы балаңнан?!
Өмір сүріп жатырмыз сұм заманда,
Тәкаппарлық биік тұрған адамнан.
Реніш пен айыптаулар тұрғанда,
Қосылмайды...
Табыспайды талай жан!
Бірақ БАЛА сыйы емес пе АЛЛАҺтың?
Неге оны жетім қылып зарлаттың?
Өзге ұл-қызды еркелетсе әкесі,
Сенің балаң көзден жасын парлатты...!
Бұдан кейін әке сізге жалынбан,
Кештім бірақ,
Реніштен арылғам..
Мейлі алаңсыз, мұңсыз ғұмыр кеше бер,
Жер бетінде бір ұлың бар сағынған!
Жер бетінде бір БАЛАҢ бар сағынған...
Гүлмекен Қасенбай
22.11.2025
Бақытбай Сабырбектің рилсын көргеннен кейін тілге оралған өлең.
Авторы: Гүлмекен Қасенбай
22.11.2025
- Оразбай Сарыбаев
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі