Өлең, жыр, ақындар

Жауынгер (Монолог)

Мен оралдым,
Демімсіз түнге сіңіп,
Жел тынғандай,
Тылсым бір үнге бұғып!

Өз ұяма,
Қаралы жолмен келдім,
Жерім үшін аттанғам,
Білек түріп.

Қасіреттің ащы дәмін
Ерте таттым,
Қан суарған даламда,
Терге баттым.

"Отан" деген
Жалғыз-ақ сөзді айтып,
Сөне тұрып,
Шын мәнде ерлік таптым.

Жерді құшып,
Көк аспан жүзін өптім,
Ащы терге малынып,
Шығып демім.

Соңғы сәтте елімді
Қимай-қимай,
Ажалдың бейтаныс,
Қолына өттім!

Жау уытқан,
Түндердің суық демі,
Сол суықтан,
Жоғалды жанның лебі.

Оқтан емес,
Ойлардан жараландым,
Бола алам ба деп?
Елімнің мен тірегі.

Жақындарым,
Ауырлау жолың бүгін,
Жыламаңдар,
Жұбатар жарық күнім.

Тәнім өшті,
Бірақ мен өшкен жоқпын,
Рухым демеп жүрсін,
Тамып нұрым.

Кешір, Ана,
Алдыңда айыптымын,
Сен едің-ау,
Бірі әлемде ең бақыттының!

Қос жанарды
Толтырдым мөлдір жасқа,
Жүрегіңе жүктеп қойып,
Қайғының ауыр жүгін.

Жарым едің,
Жүрекке жаққан жалын,
Саған ғана,
Бұрылған маңдай бағым.

Енді мені
Құшағыңа алмайсың рас,
Бірақ жетер,
Өзіңе таңдайдағы үнім.

Ұлым,
Сені бәрінен де биік көрем,
Көкірегім,
Күйік толы, күйбең шермен.

Бір өкініш —
Қайта сені көре алмаймын!
Барып тұршы сағынғанда,
Табылып бейітімнен.

Елім,
Сенің төсіңе тамды қаным,
Топырағың бұйырды,
Бал бұлағым!

Мен өшсем де,
Бұл ерлік өшпейді еш,
Сен бар да,
Мен де мәңгі бармын.

Қоштасайын бәріңмен,
Кең даламмен,
Денемді алып,
Ақ сұрып, кебін киген.

Аман болсын,
Туған ел, ел аман бол!
Өзімді көрген,
Ағайын, көзімді көрген.

Автор: Оразбай Сарыбаев



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз