Қазақтың Шерағасы
Шер-ағам жолбарыстай өткір көзің,
Тесердей тас кеудені отты сөзің.
Бойыңда тылсым күш бар құдіретті,
Тамұққа төтеп берер темір төзім.
Жаралғансың жалыннан сөз бағына,
Кеудең толы сарқылмас мол қазына .
Еңбекпен, адалдықпен ғұмыр кештің,
Айтпадың еш пендеге бір базына.
Қамқоры аға, іні, қарындастың,
Бұл күнде сол ісіңді сағынбас кім?!
Оралхан, Мұхтар ақын, Фаризаның,
"Лениншіл жасқа" әкеп бағын аштың.
Жаудың ұлы десе де тұралатып,
Тұрардың да тірілттің Тұрар атын.
Қыңбай жаздың өлшеусіз ер қызметін,
Қатал билік болса да "сұралатын".
Жерің жоқ қиындықтан қырын қашқан,
Телеарнаның ғажайып сырын аштың,
Жасаған ірі жобаң - "Таңшолпаның",
Әр таңда қазағыңа нұрын шашты.
Еңбегіңнің жемісін халық көрген,
Айналдым өзіңіздей даңқты ерден.
Есіміңіз қазақтың тарихында,
Мәңгі қалды сом алтын әріптермен.
Жалған сөздің ешқашан жанбас бағы,
Ақиқаттың ашық қой мәңгі аспаны.
Ел үшін еміреніп қалам тарттың,
Ар-намыс, адалдықтың алдаспаны.
Қиядан шалатұғын қыран едің,
Қасиеттің, намыстың тұрағы едің.
Әттең, дүние, өткінші "бір кем дүние"
Елеңдеп сені жоқтап тұрады елің.
Қиядан шалатұғын қырағы едің,
Қара сөздің дес бермес пырағы едің.
Шер аға өлкеңізде өзіңіздей,
Бой түзеп өсіп келед мұрагерің.
Әлімше баптап бүгін топқа қостым,
Тәй басқан өлеңімнің Құлагерін.
- Конфуций
- Конфуций
- Эдвард Дж. Стиглиц
- Нельсон Мандела
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі