Менің күзім – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Менің күзім» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Сағындырып жеттің-ау менің күзім,
Жүрегімде бір шаттық тулағандай.
Құстар қайтты көрсетпей көгінде ізін,
Қанатының қағысын бұлдағандай.
Санам да ояу, көңілім тазарғандай,
Тымық ауа, күз иісі білінеді.
Тым қашықтан елестеп ақ армандай,
Тереземе таң бозы ілінеді.
Жердің, әлде, білмеймін таудың лебі,
Естілгендей болады талып қана.
Жаңбырдың ба, бәлки ол қардың лебі,
Тіршілік бар секілді табытта да.
Сен бір күлші, қуаншы, мен де күлем,
Жапырағың ән салып, талың билеп.
Түк таппадым сезімнен сенделіп ем,
Тәнімді илеп, барады жанымды илеп.
Көрмеуге енді бекіндім көңілсізді,
Аялауға өзімді күшім қалмай.
Жақсы көрем, әрине, Өмір, сізді,
Кей сәттерді жүрсем де түсіне алмай.
Күзім менің, келдің-ау зарықтырып,
Неге екенін жақынсың жаныма тым.
Жүрегіме кеткен жан тағып құлып,
Әлі мені сияқты сағынатын.
Әлде тағы, тағы да қателестім,
Нендей ғажап көңілді жадыратқан?!
Мен де өзіңе, мұнар күз, жат емеспін,
Айырмам жоқ титтей де жапырақтан.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері