Бұл бетте «Аңсау» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Ісі де жоқ ешкімнің ешкімменен,
Арманым-ай, ешкімге естілмеген.
Қуып келем елесті жеткізбейтін,
Сусып өтіп барады «бес күн» менен.
Айналамның бәрін де жұмақ көріп,
Түсінбесті түсініп, сұрап көріп.
Өң бе, түс пе белгісіз бір елеспен,
Жылап кетіп барамын жылап келіп.
Ажыратып тірліктің ақ, қарасын,
Ашу қысып, өлуге шақ қаласың.
Сен де ешкімді ұғуға тырыспайсың,
Сені де ешкім ұғынып жатпағасын.
Жақсы сөзді күтесің, сағынасың,
Жүрегіңді ит тірлік жанығасын.
Пенделік-ай, біреу сәл жылы күлсе,
Сол адамның жанынан табыласың.
Ақын болсаң, ал тіпті жаны жасын,
От боп, өрт боп түбі бір жарыласың.
Жұртқа ұнаған той-думан саған жақпай,
Саған жаққан нәрседен жалығасың.
Көргің келмей көп жанды қамығасың,
Адамсың ғой, құлайсың, жаңыласың.
Біреу олай, ал біреу былай сөйлеп,
Дерт түседі айықпас жаныңа шын.
Көңілімнен кей сәтте күн күледі,
Бақыт кетсе бақ келер кім біледі.
Ақын деген атаққа ұмтылғам жоқ,
Тәңір берген пендемін жыр жүрегі.
Қалай басам кеудемде от демімді,
Жақсы көру, үйрендім жек көруді.
Жаным қыстан қалтырап, мұздағандай,
Өткенімді аңсадым көктемімді.
Ай біледі, бір білсе таң ажарын,
Өзім де емес, жырымда бар азабым.
Үркітпесе болғаны біреу келіп,
Көлде жүзген көңілдің ала қазын.
Күн батады қызарып, жүректе үміт,
Ертеңіңді күтесің білек түріп.
Көз шырымын алады кең дүние,
Жүрегінің төріне гүл ектіріп.
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі