Құтқармайды, құтқармайтын боп алған – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Құтқармайды, құтқармайтын боп алған» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Құтқармайды, құтқармайтын боп алған.
Ойланбауға мұрша бермес азабым,
Түйсігі жоқ біреу болу, сол арман,
Етім жауыр, мені ұмытшы аза мұң.
Тым болмаса, сәл кешірек, кешірек...
Жолық, сосын, жүрегімді тесіп өт.
Өмірім бар, кіл жалғаннан тұратын
Отырғаны, тұрғанынан көші көп.
Көре-көре көзімнің де көркі жоқ,
Жана-жана сезімнің де өрті жоқ.
«Жан» – атанған жарық күннің елшісі
Кеудемде жүр тірлігімнің серті боп.
Мезгіл, уақыт, жұмбақ күйге түсті үміт,
Ыстық, аптап, соңы тағы үскірік.
Үре-үре жалыққан ба білмеймін,
Ой төбет жүр, ұғар күтіп, іште ұлып.
Сөз де өзін ұғар жанды сағынар,
Ой да, ми да, бәрі, бәрі, бәрі бар.
Қалың нөпір, жалғыз кетіп барамын
Көңілі – қыс, жүрегі – мұз, жаны – қар.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері