Ауған соғысына – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Ауған соғысына» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Біз ол кезде бала едік, балғын едік,
Батқан күнмен қуандық таңды көріп.
Ойладық па, бақытты бал дәуренді,
Кетеміз деп ауылға мәңгі көміп.
Есте бәрі, асыр сап шаттанамыз,
Шыбық алып шыққанша ақ мамамыз,
Әсерінен ойынның арыла алмай,
Ал ертесі мектепке аттанамыз.
Мақтанышпен ерекше махаббатпен,
«Отан» сөзін жазамыз тақтаға біз.
Дәл сол жылы ойран ғып ойымызды,
Ауған жайлы таралып жатқан аңыз.
Үзілместей бұйдалап үміттерін,
Рухына жеңдіріп күдіктерін.
Алып жатты әскерге сол ауылдың,
Тепсе темір үзетін жігіттерін.
Гүл сияқты екен ғой қыз дегенің,
Сен дей алмай есімде «Сіз» дегенім,
Сен аттанған сол күні кірпік ілмей,
Бір сезімді елегзіп іздегенмін.
Қызығыңды анашым көрсем деген,
«Жалғызымның алдында өлсем» деген.
Аманат қып отырған шаңырақты,
Бір дауыл кеп шайқады ел сенбеген.
Өлі де емес, тірі емес жанары мұң,
Қапаланған заңына заманының.
Ұлы жатыр ананың ащы жасын,
Қуысына жасырып тамағының.
Жаратқан-ай, Тәңірдің көрікті ғып,
Тіршілік жоқ көзінде өліпті үміт.
Тұңғыш рет «лағынет өмір» дедім,
Домаланған томарды көріп тұрып.
Қыз бала едік, кететін ерте гүлдеп,
«Жүруші едім өзімді еркемін» деп.
«Қарындасым, аяулы қарлығашым,
Таусылмайтын сен менің ертегім» деп.
Ән салатын, жоқ енді сол бір әні,
Өмір неге бұлайша тоңдырады.
Еріндері күбірлеп қайталайды,
«Бітті, бәрі осымен болды бәрі».
Емес еді бұл соңы қасіреттің,
Қанша жүрек қапыда жасып өтті.
Бір күн жарық түк болмай ар алдында,
Жүректегі рухты басым етті.
Емдейді уақыт бәрін де, мұң-наланы,
Сол шешеді кім кетіп, кім қалады.
Сен шырқаған сол бір ән сияқтанып,
Түн артынан қуалап күн барады.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері