Жұмекенмен сырласу – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Жұмекенмен сырласу» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жұмекен аға, Жұмекен аға,
Өмiр дегенiң мұң екен аға.
Жабырқап жүрген жалғыздың күйiн,
Шындықсыз өмiр жүдетедi аға.
Ойымды ойға түнетем аға,
Сүлдемдi сүйреп жүр екем аға.
Өксiген көңiл өмiршең екен,
Өлдiм ғой деп ем, тiрi екем аға.
Табалар досым, қасым да күлiп,
Күн түскен жерге шашылған үмiт.
Жаралы жаным қансырап жатыр,
Адалдығымның қасында жүрiп.
Аш бөрi болып ұлыды заман,
Тасқыны ем, таудың құмығып ағам.
Ананың зарын естiдi құлақ,
Ботасын жоқтап құлынымдаған.
Не деймін енді, не дермін аға,
Маңдайға жазса, көнермін аға,
Жырларыңменен сусындап жүрген,
Тағдырлы қызың мен едім аға!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері