Ұлылардың ұрпағымыз саналы – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Ұлылардың ұрпағымыз саналы» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ұлылардың ұрпағымыз саналы,
Сол ұрпақтың улануда жан, ары.
Алтын көрсе анталаған ағалар!
Тартылсыншы, оларға да өз табағы.
Арманына жетпей кеткен ұл қанша,
Бұл қоғамда менсiнбейдi қызды онша.
Бiздiң iздi басқандарға не дермiз,
Өзiмiздiң жүрегiмiз мұз болса.
Жамандықты сезсе болды көкке ұлып,
Жылар ит те көздерiне шоқ тұнып.
Құдiреттiң барын ол да бiледi,
Мүлт кеткендi жiберетiн жоқ қылып.
Иесiнiң амандығын тiлейтiн,
Сол ит құрлы жасай алмай шапағат.
Алдындағы асын iшпей жүдейтiн,
Бiзге бiтсе, итке бiткен махаббат.
Көңілге кеп қылаулайды көп үмiт,
Пендемiз ғой, ойдан сезiм өрiлiп.
Қыңсылайды мақұлықтар ал көкте,
Дөңгеледi Ай, көк бұлттарға көмiлiп.
Ұрпағы едiк, ұлылардың саналы,
Сол ұрпақтың ашылмай жүр қабағы.
Алтын көрсе анталаған ағалар!
Тартылсыншы, сол ұрпаққа өз табағы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері