Көрiмдiк – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Көрiмдiк» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Таң атқалы жауып тұр борап қары,
Аппақ ұлпа аспанның қонақтары.
Сұрғылт күннiң сұрқына үйренбеген,
Ғайып болды көңiлдiң жолақтары.
Мұңаяды айнала зiлсiз ғана,
Сыр айтқандай болады тiлсiз қала.
Тұңғиықтан төгiлген таза қиқым,
Ой салатын сияқты мұңсызға да.
Басылған жоқ даланың дегбiрi де,
Тарқатады толассыз шердi күнге.
Кiр шалмаған жаулығын әппақ қайың,
Сырымды айтам өзiңсiз ендi кiмге.
Қап-қара едi, болды ендi әппақ қала,
Көрпе керек боп едi батпаққа да
Кiрпiгiңе iлiнген жұлдыздарды.
Тұнық аспан шашсаңшы, шақтап қана.
Жұлдыз қарды бiртүрлi өпкiм келдi,
Жан сырымды ақтарып көп күндергi.
Ақ таңменен адасқан көбiк қармен,
Аспан жаққа адасып кеткiм келдi.
Ағарғандай ақ қармен көңiл кiрi,
Түк еместей болды да өмiр мұңы.
Шыркөбелек айналды жұлдызша қар,
Жаңа жылдың осы деп көрiмдiгi.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері