Жанарымда өткеннiң елесi бар – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Жанарымда өткеннiң елесi бар» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жанарымда өткеннiң елесi бар,
Арманымның аспаған белесi бар.
Санадағы сан ойдың салмағынан,
Жерiп кетпе жүрегiм, менi есiңе ал.
Көрерiм бар, берерiм аларым да,
Жаңаруда өмiрiм, заманым да.
Жоқ iздеген жоқшының мен де бiрi,
Таппасым да белгiсiз, табарым да.
Умаждалса жастығым құшағымда,
Тағдыр менi телiген құса мұңға.
Лапылдаған сезiмдi тежеуде күш,
Тұсалдым ба бiлмеймiн, тұсады ма.
Көктем де емес, күз де емес, көңілi қар,
Қардай суық қақаған өмiрiм бар.
Ауыры бар, тiрлiктiң жеңiлi бар,
Бiр жан шықса болғаны менi де ұғар.
Қалайы бар, нелiктен, негесi бар,
Тағдырдың да талайы егесi бар.
Жасыма тек жүрегiм, жаншылма тек,
Жаншығанға ерегес, менi есiңе ал.
Өкпелеме, көп болса, өкiнiшiм,
Өрлiгiм бар өткiзбес бекiнiсiм.
Ең алдымен өзiңдi бағалашы,
Адам болып өмiрден өту үшiн.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері