Мұқағали ақынға – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Мұқағали ақынға» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ойлы көзің бұлақтай мөлдіреген,
Самал желмен самайың желбіреген.
Қабағыңа қарасам, қамығамын,
Қара бұлты өмірдің төнді неден.
Жыр шағала қанатын жайыпты шын,
Дауыл күнгі теңізде қайықпысың.
Бәлкім, мынау дүмбілез дүниеде,
Ақын болған үшін де айыптысың.
Көзбен емес, көресің жүрегіңмен.
Жүрегіммен көрсем деп
Жүр едім мен.
Тап өзіңдей айналдым
Сырлы ақыннан,
Жылай білген өмірде
Күле білген.
Өлеңменен таңдадың бағытыңды,
Шырқай көктен селдеттің
Шабытыңды.
Өміріңді өлең ғып жауып кеткен,
Қара өлеңнің қалайша
Жағы тынды.
Өмір сүру білмеймін,
Қиын ба шын,
Қалай ерте жан аға қиылғансың.
Жыр теңіздің кемері көтерілді,
Таудан таза
Бұлақтар құйылғасын.
Өзіңе арнап жыр жазды,
Қарындасың,
Қарындасың, қанатты қарлығашың.
Арыс ақын өлеңнің
Хан-Тәңірі
Мәңгілікке сен менің
Жанымдасың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері