Бәрінен қорқамын – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Бәрінен қорқамын» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бәрінен қорқамын,
Мен күткен бақыт та өзгеше,
Ортамын,
Шүпілдеп толмадым,
Амал не,
Болмайды төзбесе.
Еркемін,
Есермін еліткен сезімге.
Жанымда ешкім жоқ
Қалыппын.
Ертегі айтатын кезіңде,
Сенен де,
Өзімнен жалықтым.
Бұзықпын,
Ол ойға мен жайлы келістім,
Есімнен айырыла сүйгенде.
Қызық күн,
Селт етпей басамыз жер үстін,
Күнәсін арқалап өлгенде.
Жабықтым,
Кірпігім сүйіп тұр жасымды,
Жып-жылы құшақта жоғалсам.
Игем жоқ ешкімге басымды,
Тоналған шығармын,
Тоналсам.
Тұнықпын,
Жаным тұр мөлдіреп,
Білмеймін, болады енді, не?!
Күйген жер кетіпті көлдіреп,
Бұл қандай жатады белгіге?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері