Жоқ боп кетсем – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Жоқ боп кетсем» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жоқ боп кетсем,
көрінбей ешкімге де,
Қолды бір-ақ сілтесем,
бес күнге де.
Мені кім іздер екен.
Іздер екен, сонда кім,
Қайдан бірақ,
Іздесе ғой, көктемім
Жайған құрақ.
Мендік үміт
жұлдызды аралап жүр,
Аспандағы арманым
Айдан құлап.
Жоқ боп кетсем...
Тірлікке тойып кеткем,
Орын алсам,
Ортасын ойып көктен.
Төзе берем,
төзуге жаралғанмын,
Қоштаспайды қыспен де
Мойып көктем.
Ұқпай кеткем,
Бұл күнде өзімді мен,
Миым басқа,
Көлгірсу сөзім кілең.
Тауды көрем түсімде,
Көкті сүйген,
Кім боламын,
Не болам,
Өзім білем.
Жоқ боп кетіп
Түбінде табыламын,
Келер сонда
Жұбатып жаныма мұң.
Жоғалуға болмайды
Өмір барда,
Сол өмірдің
Ырқына бағынамын.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері