Арға сөз – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Арға сөз» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Серік еттім, серік етем өзіңді ар,
Саған бірақ айтатұғын сөзім бар.
Ажал келіп алқымымнан алса да,
Дейтін едім, «сөзімді алма, өзімді ал».
Ой келеді бұл күндері не түрлі,
Өмір өткен есіркейтін жетімді.
Жейін деп жүр жетесіздер ұялмай,
Тірідей-ақ кесіп берсең етіңді.
Арғымақты ауыздықтап мінгендер,
Кіл «өзімдер», жаулап алды кіл «мендер».
Өмір деген қас пен көздің арасы,
Мәңгілікпен шатастырып жүрмеңдер.
Дегім келген, айтқым келген бәрін де,
Жүрек бірақ бағынбайды әмірге.
Көз жасымның кермек дәмі сияқты,
Бір сырқат бар жүрегімде, тәнімде.
Соның бәрін тек Сен ғана білесің,
Дертім аздай кінә тағып жүресің.
Өзің айтшы, қанша ақымақ болсам да,
Жақсылыққа қосқан бар ғой үлесім?!
Әлде жоқ па, түсіндірші, Сен маған,
Саған сеніп, құзғындарға жем болам.
Бұл өмірден аларым бар менің де,
Сол үшін де бағынбаймын енді оған.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері