Жырақ едім өзімнен – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Жырақ едім өзімнен» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жырақ едім өзімнен
Тым жырақ ем.
Мұң моншақтар төгілді
Тұнжырап ем.
Ғұмыр кешіп жүрміз ғой
Мына жақта,
Бір күнә емес,
Құдай-ау, мың күнәмен.
Кешіре ме Тәңірім
кім біледі,
Жүрегімді бір азап
тілгіледі.
Бар ниетті бір нәпсі
бүлдіреді,
Жылатады, содан соң
күлдіреді.
Жарық күнді келеді
Аялағым,
Жасыл бақты келеді
Саялағым.
Бұрынғыдай мен қалай
Бұлданармын,
Бір тықырдың сезген соң
Таяғанын.
Күдік қалды,
Ол түгіл үміт қалды.
Көмейге кеп бір өксік
Тұрып қалды.
Өзгелерді өзіндей
Көрген көңіл,
Амал қанша,
Кілтсіз-ақ құлыпталды.
Өкініш кеп өбеді
Жанарымды
Өлең болса, өрнектеп
парағымды,
Жазармын-ау,
Өлмесем, жазам әлі,
Ақиқатқа малып ап
Қаламымды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері