Сау адаммын ба, осы мен? – Роза Сейілхан

Бұл бетте «Сау адаммын ба, осы мен?» атты Роза Сейілхан жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Мен осы бар ғой, жылай аламын,
Жыламайтындарды қызғанбай.
Батпандар басса шыдай аламын,
Денемде мүлде із қалмай.

Атқақтап жүрек, толқиды жаным,
Қуанар болсам егерде.
Сезінсеңдер ғой, сол күйді бәрің,
Бойласаңдар ғой тереңге.

Ұнатар болсам, сағына берем,
Сол жайлы ойға беріліп.
Бір келген жерге тағы да келем.
Отырам сосын егіліп.

Мен осы бар ғой, қызық екенмін
Түсінбейтіндерге өкпем жоқ.
Заңдылықтарды бұзып өтермін,
Бөгетке бірақ жеткем жоқ.

Өмірді мүлде жек көрмейді екем,
Жанардан қалай өшірем.
Біреуге тіпті кектенбейді екем,
Сау адаммын ба, осы мен?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері