Тағдыр талай сүріндірді, құлатты – Ибрагим Иса

Бұл бетте «Тағдыр талай сүріндірді, құлатты» атты Ибрагим Иса жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тағдыр талай сүріндірді, құлатты,
Орным жоқтай тиянақты, тұрақты.
Небір қиын сұрақтарды шешсем де,
Шеше алмаймын кейде оп-оңай сұрақты.
Бір суық жел соғады ылғи іргеден,
Жол іздеймін кейде ешкім жүрмеген.
Көңілім кейде асып-тасып жүрсе де,
Жүрем кейде шыққан жандай түрмеден.
Бір батпан жүк түспейді ылғи желкеден,
Сайланып-ақ шығам кейде ертемен.
Өз ісіме өзім кейде шаттанып,
Өз ісімнен өзім кейде жиіркенем.
Жан-жағымнан тұрғандайын тас борап,
Көңілімді күдік жейді ашқарақ.
Ауыр-ауыр түстер көрем түнімен,
Жауыр болған ойларымды жастап ап.
Үміт ұшып кетпеген соң кеудеден,
Бақытымды көрсем деймін көрмеген.
Уақытымды азық қылам амалсыз,
Таң атса екен,
Күн шықса екен деуменен.

1998 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері