Әнияға – Ибрагим Иса

Бұл бетте «Әнияға» атты Ибрагим Иса жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

1
Сенің жаның сағынған
даталай дауыл қарсы аққан,
Амалым жоқ бұл жалғанға
келер күнді аңсатқан.
Жүзіктері самсап тұрған
саусақтарды көргенде,
Сүйгім келіп тұрады ылғи
жүзігің жоқ саусақтан.
Қандай киім кисең дағы
жарасады тек саған,
Көбелектей үлбірейсің
ұшып шыққан бақшадан.
Пошымы жоқ, шешімі жоқ
әйелдер көп, оқалы,
Қандай оқа тақсаң дағы
жарасады тек саған.
Бірақ оқа, алтын, жібек...
аша алмайды көрікті,
Құдай сені жақсы ақынға
жақсы жар ғып беріпті.
Жүзі менен көзінде тұр,
қылығы да нұр шашқан,
Сондықтан да оқаламай
жаратқан ғой елікті.
Елік сынды еркем менің
көңіліңде көктем нұр,
Күндеріңе өкпелеме
тас көшеде өткен бұл.
Сені алтын нұрға бөлеп
жібереді түбінде,
Алтыннан да қымбат мынау
жүрегімнен төккен жыр.
Сен сұлусың осынау бір
Құдай берген пішінмен,
Жасандыны уайымдама,
уайымдама ішіңнен.
Жасанды нұр жайнатпаған,
сайратпаған бұлбұлды,
Күннің нұрын жаратушы
саған ғана түсірген.
Жанарыңнан қуаныштың
нұры тамар әрқашан
Сағыныштың уызы бар
жүрегіңде шайқасаң.
Бар сұлулық, бар жылылық,
өшпейтұғын мәңгілік,
Ғашықтардың өмірінде
тұрған сынды байқасаң.
Сонау баста ажарлы ғып
жаратқан соң өзіңді,
Тұмшалама арай шашып тұрған
нұрлы көзіңді,
Алтын бола алмайды ғой,
алдайды ғой сезімді,
Саф алтынды айырбасқа
салғанменен жезіңді.
Киім деген сүйілмеген
ерін сынды лақтырар,
Сүйілмеген еріндерде
тұз қаптаған қақ тұрар.
Таңғы ауаның тыныштығы
таңғы шықтың мөлдірі,
Сенің ғана жүрегіңде,
тамырыңда шапқылар.
Жан жылуы
Ісіп кеткен ағалар мен
пісіп кеткен жеңшелер,
Ішіп кеткен пақырлар мен,
түсіп кеткен еңселер,
Өздерінше мына ақынның
есі дұрыс па екен дер,
Әйелімді мақтап жүрген
кездерімді көрсе егер.
Қасыңды да боямашы,
боямашы шашыңды,
Сонымен-ақ жүре берші
жасартпай-ақ жасыңды.
Күлімдеген жанарыңда
қуаныш бар өшпейтін,
Жылуыңмен жылытшы бұл
Жылуы жоқ ғасырды.

2001 ж.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері