Өлең, жыр, ақындар

Орал балладасы

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2377
Кеттім Орал орманым
Бір күн кеште аралап.
Көрдім Орал қорғанын
Ақ Еділді жағалап.
Димнің бойы тал өрім
Қыз беліндей талдырмаш.
Салауаттың әндерін
Салады жас сандуғаш.
Ерке қыздың назындай
Сыңғыр –сыңғыр сызылып.
Сағыныштың сазындай
Тамшылайды ән үзіліп.
Жас гүлдерден жұпарын,
Кеуде керіп жұтамын.
Пыр етеді торғайлар
Бұтағынан бұтаның.
Жүрегіме құйқылжып,
Құйылады құс әні.
Келеді ептеп түн жылжып,
Қаракеуім құшағы.
Қара бұлттар тау-сынды
Тас төбеден тұр қарап,
Қанатымен қаусырды
Төңіректі түн орап.
Аяқты аңдап басамын
Жалғыздықты есіме ап.
Келді таяқ жасағым
Бір бұтақты кесіп ап.
Таба алмадым бәкімді
Тінтіп түбін қалтамның.
Көптен серік затымды
Жоғалтқанға аң-таңмын.
Қай ағаштың жанында
Қалды, қалай жоғалттым?
Суарылған жалынға
Сынығы еді болаттың.
Айрылыспай онымен
Талай жолда қонып ем.
Нанды кесіп ет турап
Ағашты да жонып ем.
Бір қалыпта тұратын
Жүзі бірде жұқармай,
Тасқа салса шығатын
Майырылып,
мұқалмай.
Іздей –іздей бас қатты
Кетті ме екен жерге еніп?
Өткіздім бос уақытты
Әрлі-берлі сенделіп.
Таба алмадым бәкіні
Жолдан шығып адастым.
Отырдым кеп ақыры
Түбіне бір ағаштың.
Жақтым жинап шырпыны
Көкке жалын жол тартты.
Иығында мылтығы
Шықты түннен салт атты.
Тапқандай бір жақынын
Атап менің атымды,
Езу тартып ақырын
Беріп жатыр бәкімді.
Орман қауіп қашаннан
Жүрмеген дұрыс түнгілік...
Кеше мені қарсы алған
Башқұрт тұр күліп.
Келе жатып ізіммен
Тауып апты бәкімді.
Көргендеймін жүзінен
Салауаттай батырды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дуадақтың көзі

  • 0
  • 0

Жүр еді қырда жайылып,
Қос мерген атты оны.
Қос мылтықтан шыққан қос түтін,
Шұбалып жатты оны.

Толық

Соқпақ

  • 0
  • 0

Аралап ойды, дөңесті,
Соқпақтар сансыз таралған.
Кейбірі тартып көмескі
Келеді көне заманнан.

Толық

Алғашқы адым

  • 0
  • 0

Қалды өзенде — жар астында,
Найзағай қанат алабұға.
Отырды ол мектеп партасында,
Өмірдің тұңғыш сабағында.

Толық

Қарап көріңіз