Елтінжал – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «Елтінжал» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2693
Шығарған Қызылжармен қатар атын,
Тигізген талайларға шапағатын,
Қойнында Қостанайдың бір орман бар,
Ертеден Елтінжал деп аталатын.
Ол өзі бастан кешті тірлік нендей,
Сөйлейді бұтақтары тіл біткендей.
Жазықта мұнарланған көк иірім
Көліне кең дүниені сүңгіткендей.
Айналып соғатұғын ұясындай,
Кетпейді ертелі-кеш күн асылмай.
Тұрады ол ойға батып қыр үстінде
Күндердің өткен-кеткен куәсындай.
Өртеніп самұрықтың қанатындай,
Жатады жанып түзде сары алтындай.
Төгілген зер шашағы Елтінжалды
Көтеріп келе жатыр дала тудай.
Су тосып қарлығаштай ауызына,
Шілденің сая болып тамызында,
Жасыл ну жер бауырлап жатқан бұлттай
Ұқсайды ертегінің аңызына.
Кезінде көні кеуіп, күйі кеткен,
Тұрсын деп ерекше бұл биік өктем.
Адырға жаны жомарт жаратылыс
Көз жасын орман етіп құйып өткен.
Таба алмай жазық жерден тіреу берік,
Жаутаңдап жабыққанда жүдеу елік,
Елтінжал енесіндей паналатып,
Төсеген көгалынан кілем керіп.
Күн шыға көмкеріліп нұрмен өлке,
Көлеңдеп желбірейді гүлдер ерке,
Жүзеді нәзік муза секілденіп
Көк орман көкірегінде бір көлеңке.
Сыпсыңдар біркелкі боп сұрыпталған,
Сыр тартып тұрады ылғи бұлттардан.
Жайылған жасыл көзді жапырақтар
Толқындай іркес-тіркес тұнып қалған.
Шайқалып, лайланып көл тұнығы,
Елінің кеткенінде еркіндігі,
Күреске күңіреніп жұртты жинап,
Жалаудай көтерілген елтін нуы.
Қадірін Елтінжалдың жете ұғынып,
Бір содан тапқан кеште мекенін бұлт.
Көк орман күмбездей боп көзге түскен
Ішінен көк сағымның көтеріліп.
Өткізіп қаралы күн қанды көшін,
Шерткен жел шерлі күйдей әңгімесін.
Шым-шымдап, шымырлап күй бойға дарып,
Босатқан қарияның жан-жүйесін.
Сол желдің жібектей боп тиіп лебі,
Аймалап айналады сүйіп сені.
Мінгізіп ұшқыр қиял жебесіне,
Арманға шақырады биіктегі.
Құйғытып өткен жылда зымыраған,
Әлі де кешегідей бүгін оған,
Елтінжал ешбір сырын білдірген жоқ,
Аямай арқалатты жүгін заман.
Таңырқар болмаса да тау бұлағы,
Көлдері сусыныңды қандырады.
Көкала көбік атқан толқындардай
Тигенде желдің лебі жаңғырады.
Елтінжал әрі сұлу, әрі нәзік,
Табады тұрпатынан жаның азық.
Еркіндеп ек даланың құшағында
Жатады жаңа күннің әнін жазып.
Тастаған тамашасын өмір тізіп,
Алдыңнан ашылады не бір қызық.
Денеңе керемет күш құйылады
Көліне қуаныштың көңіл жүзіп.
Жан-жаққа жапырақтары шашқан арай,
Жұлдызды орман да бір астанадай.
Құлпырған бикештері ақ қайыңдар,
Жайнаған жігіттері — жас қарағай.
Таралып бауырынан жылға-жөлек,
Даланы жасартады нұрға бөлеп.
Аялап жерді жасыл алақанмен
Өсірген бағбан қарттай қырға желек.
Ну орман шырпылардан шырақ ұстап,
Қарсы алып, қарауылдап шығарып сап,
Тербеліп, жайқалады, теңселеді,
Сағыммен бір жақындап, бір алыстап.
Мақтауды ол жаратпайды көзіне көп,
Таспайды жұрттың шулы сөзін елеп.
Қырдағы тұрған собір Елтінжалды
Ойладым Ғабеңнің дәл өзі ме деп.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Елтінжал өлеңінің авторы кім?

Сырбай Мәуленов — осы өлеңнің авторы.

Елтінжал өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Елтінжал өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Сырбай Мәуленов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Елтінжал өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері