Өлең, жыр, ақындар

Насихат

  • 15.04.2015
  • 3
  • 4
  • 26566
Кел, байлар, балаңды оқыт, ғылым ізде,
Қазақты бастайтұғын қару сізде.
Партияға шашқанша, осыған сал,
Қолыңда қорегің бар кезіңізде.

Білгіштер, біліміңді өнерге сал,
Жарты өмір жалғыз күндік болмайды жал.
Тіленіп, тілің безеп қу атанбай,
Ғылым білсең, табасың қадір мен мал.

Есті жи, ел шаңына ер, мұны тастап,
Қайғы жоқ басқа жатсаң ғылым жастап.
Сен – батыр, мынау – білгіш, анау – есті,
Апардың қазақ көшін қайда бастап?

Көрмедім көш бастаған қазақ ұлын,
Кеңірдек, өңеш кетіп, қалды жұлын.
Бәрің есті, батырсың, айлалысың,
Қазақтың түзеттің бе жалғыз қылын?

Жарлылар, жалаңдама, сендер де ойлан,
Кер кедей, кежірлікті шығар бойдан.
Бойың жалдап қор болма, ойың жалда,
Түк өнбес алты ай жүріп алған қойдан.

Онан да өнер үйрен тек жүрсең де,
Ақы алмай, тамақ қана жеп жүрсең де.
Өнер білсең – он күнде жүзді аласың,
Басында пайда алмай-ақ көп жүрсең де.

Жастарым, құмар болма көрінгенге,
Жас күнде бойды үйретпе ерінгенге.
Аз ойна да, көп ойла, осынымды ұқ,
Өкінбе жастық бойдан серілгенде.

Ғылым тап жас күніңде буын қатпай,
Басында байқамассың дәмін татпай.
Менің көрген жайымды сендер білсең,
Ғылым үшін жүрер ең тыным таппай.

Адамнан адам озар немен артып,
Бұл сөзді ақылға сал, кірге тартып.
Залымдықпен ел алса, сол оза ма,
Маңайының бәрін де оттай шарпып?

Біреу жүр алдап алып қайта малын,
Жалындай тысқа жаққан күнде шалқып.
Көпке пайда тигізіп біреу жүрсе,
Ғылым іздеп жап-жатық майдай балқып.

Осылардың қайсысын ұнатасың,
Ақылға әрбіреуін сынатасың.
«Көпке пайда тигізген жақсы» десең,
Оны неге іздемей тек жатасың?

Егерде ел алғанға қуанасың,
Немесе алдау қылып жұбанасың.
Бұл екеуін көңілің жақсы көрсе,
Бәрібір, сен де сондай дуанасың.



Пікірлер (4)

Салтанат Пернебаева

кушты екен

НҰРЛЫАЙ

Ок

Н.Әбдырахман

Мен осыны жаттасам сыйлық алам

Пікір қалдырыңыз

Бай мен кедей

  • 0
  • 2

Бай болдың, батыр болдың, шешен болдың,
Ел билеп, топ бастаған көсем болдың.
Сен қылмаған өнер жоқ бола қойсын,
Бір адам қандай болсын десең, болдың.

Толық

Ызақорлар

  • 1
  • 4


Ашу келсе, тұрғызбас,
Артыңа мойын бұрғызбас.
Көрінеу отқа салады,
Орынды жұмыс қылғызбас.

Толық

Адамдық борышың

  • 1
  • 29

Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл.

Толық

Қарап көріңіз