Өлең, жыр, ақындар

Наурыз-мейрам

  • 08.08.2016
  • 0
  • 1
  • 9913
Болмасын тек Арудың қабағы мұң,
Жалыны байқалсыншы жанарының.
Мынау Дала сілкінер шағы туды,
Наурыз келіп қалыпты - Жаңа жылың!

Сезіледі тіршілік жұрт қамынан,
Дәстүрін, баба жолын жұрт таныған.
Егін бітік, еліңде ақ мол болсын,
Қазақ та ұлт қой әр кез құт дарыған.

Құттықтасын әркім де тұрғыласын,
Көреміз қашаннан-ақ жырды басым.
Әр үйде ақ дастарқан жайылсын да,
Қазандары қайнатсын сүрдің асын.

Наурыз көже ішілсін мерекеде,
Ұлық тұтқан ұлт соны ел екен де.
Салт-дәстүрі сақталса арда елдің,
Сонда кірер ынтымақ, берекең де.

Оянғандай жақсылық, сенім-үміт,
Қарсы ала ма Наурызын елі күліп.
Сыйластығын білдіріп сұлуларға
"Селт еткізер" жасасын сері жігіт.

Ғашықтарға бөгет жоқ жану барда,
Жетелесін арманы аруды алға.
Сергек болсын серінің сезімі деп,
"Ұйқыашар" дәм ұсынсын арулар да.

Құлпырғандай көктеммен дала бүгін,
Алып бір келгендей-ақ жаңалығын.
Құтты болсын Наурызың есік қаққан,
Құтты болсын, алаш ел, Жаңа жылың.

Болсын әр кез асылдан жиғаның ой,
Ұлыс күнде ұрпаққа сыйладың ой.
Алтыбақан тептірген ғашықтарға
Наурыз деген - Махаббат мейрамы ғой!



Пікірлер (1)

Адай

Ғабиден Қожахметтің «Наурыз-мейрам» өлеңін оқып, көңілім көктемгі шуақтай жылып, жүрегім шаттыққа толды! Автордың қаламы соншалық жылы, шынайы әрі құттықтауға толы! Мұндай көктемгі рух беретін, ұлттық құндылықты жырлайтын өлеңдерді оқу – нағыз ләззат. Наурыз мейрамы құтты болсын, алаш еліне! Әр үйге молшылық, әр жүрекке махаббат, әр отбасына ынтымақ тілеймін. Көктемгі гүлдей құлпырып, жаңа жылды шаттықпен қарсы алайық! ❤️ Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, қазақ халқы! ❤️

Пікір қалдырыңыз

Болмысы асқақ бабалар

  • 0
  • 0

Өтсе де ғасыр бір күннен асып бір күнің,
Басталған екен елдігің сонау жыл бұрын.
Ордаңды тіктеп, шаңырақ көтерген кезіңді
Санада сақтап, айшықтап жазған күн бүгін.

Толық

Жауқазын дәурен

  • 0
  • 1

Санамашы оны да балаға енді,
Жылдар легі шаттығын ала келді.
Қамсыз жүрген кешегі балаңдау қыз
Он жетіде өзгеріп сала берді.

Толық

Желтоқсан

  • 0
  • 2

Деді ме екен қайраттанар жыл келді,
Таңдандырып аға ұрпақты, үлкенді.
Ар-намыстың алаңында жастықтың
Сонда рухы жұдырық боп сілтенді.

Толық