Өлең, жыр, ақындар

Перзент парызы

  • 01.05.2017
  • 0
  • 1
  • 11279
Тіршіліктің танылғандай дастаны,
Ар жолына ашылғандай аспаны,
Әкесіне келіп бірде баласы
Былай деп сөз бастады:
– Ұзақ өмір артыңызға қалдырып,
Сүрген жоқсыз бекерлік.
Көрсететін келді кезім ар қылық,
Перзенттік бір парызымды өтерлік.
Бұл ісіме кейінгі ұрпақ таң қалад,
Бұл парызым үлгі болсын көпке де.
Ұзақ жолмен өзіңізді арқалап
Апарайын Меккеге.
Қалғандай-ақ перзент парыз өтеліп,
Мына қадам іс болғандай бір игі.
Содан кейін әке басын көтеріп,
Былай деп сәл жымиды:
– Бұл сөзіңе жауабымды жұптайын,
Таңдап бірін алыпсың ғой ер істің.
Ұлым, мен де қадамыңды құптайын,
Бұл ісіңе келістім!
Перзентінің нұр ойнады бетінде,
Бір парызым кетпеді деп текке анық.
Жолға шықты сәрсенбінің сәтінде
Құбыланы бетке алып.
Көрінгендей елесімен сағымның,
Әке байғұс арқасында баланың.
Ал ұлының аңызақ жел, шағыл құм
Аттатпайды қадамын.
Кенет әке перзентінен сұрады:
– Балам, анау не нәрсе екен, қарашы?!
Тани қойып алыстағы қараны:
– Түйе ғой, – деп жауап берді баласы.
Тағы сұрақ берді әке жүйелеп,
Іздегендей сол сағымнан жоқты нақ.
– Әке, жаңа айтқам жоқ па түйе деп?! –
Бала бұл жолы жауап берді қаттырақ.
Осынау жол перзентіне екен сын,
Шаттық әні енді қайдан табылмақ?
Бала байғұс арқалап ап әкесін
Жылжи берді адымдап.
Кенет әке тағы берді сұрағын,
Перзентінің тауысқандай төзімін:
– Бір түйені әке тағы сұрадың!
Мына жолда аз сөйлеудің өзі мұң!
Манадан бері қабағымды шытпадым,
Ал, әке, сен жайымды бір ұқпадың! –
Сол сәт ішке жиналғандай наласы,
Бұрқан-тарқан ашуланды баласы.
– Тоқта, – деді әкесі. – Көңіліңнің болса қазір түйері,
Шаршасаң бір дамылда.
Көрмей келе жатырғам жоқ түйені
Оранған бір сағымға.
Сенің бала шағыңның
Еске алғандай сұрағын,
Ұлым, сені сынадым.
Есіңде ме бала кезгі ұғымың
Табиғатпен ұғысқан?
Сол кезде мен, құлыным,
Шаршап талай келуші едім жұмыстан.
Әке көңілі неге соны сағынды?
Келем соған таңғала.
Сол бір шақта алдырмастан дамылды
Мінуші едің арқама.
Жүзін дағы көрген сәтте баламның,
Жүруші едім ұзақ түнді қалқалап.
Дайын тұрған тамағын да ішпеуші едім анаңның
Сені дағы арқалап.
Болса перзент қасыңда бір шаршама,
Жүрегіңді жауламасын қайғы сең.
Сол бір шақта: “Анау не?” – деп сұраушы едің қаншама
Аспандағы Айды сен.
Шаршаған бір көңіл соған тыңайды,
Кінә артқам жоқ айыппен.
Қаншама рет сұрасаң да бір Айды,
Түсіндіргем байыппен.
Талса дағы өзегім,
Өзімді өзім күштегем:
Сен қуансын деп,
Сен жұбансын деп,
Сен ұғынсын деп,
Әке шуақ отына жылынсын деп
Мен осылай істегем.
Шыдамыңмен неге алмадың сынақты,
Ал мен саған небәрі үш-ақ рет қойған ем ғой сұрақты.
Берген жоқсың, рас, кезек дамылға,
Алған жоқсың ұзақ жолдың тынымын.
Осы жерден орала ғой ауылға,
Ниетіңе ризамын, құлыным!
Әке сөзіне болмай ешбір таласы,
Ойға батып жанары, үнсіз қалды баласы.
Иә, солай,
Әке, Ананың алдындағы парызды,
Әке, Ананың алдындағы қарызды,
Олардың сіңірген еңбегін де сан ізгі
Өзіндей ғып олардың
Ұрпақтарға қайтарып,
Өтеу қиын жалғанда.
Сондықтан да
Ұрпақтардың өтеуі,
Ұрпақтардың өтемі,
Ұрпақтардың парызы,
Ұрпақтардың қарызы
Айналады тек армандар мен арманға.



Пікірлер (1)

Айдина

Өтінем менің ойымша қиың жұмбақ жасыру керек бірақ оның жауабын астына жазу керек

Пікір қалдырыңыз

Мәдениетті қолдау жылы

  • 0
  • 0

Өмірдің көп екен-ау бұралаңы,
Осы еді тақырып қып құрағаны.
1910 жыл – алғаш рет
Өмірге келді қазақ романы.

Толық

Ұстазға тілек

  • 0
  • 0

Қашаннан қуаныштың асқар әні,
Өмірге келген күннен басталады.
Құт болсын туған күні тәтемізге,
Алпысы құтты болсын асқаралы.

Толық

Әр әулеттің өзіне тән әні бар

  • 0
  • 0

Қасиетті соқпағы бар, жолы бар
Дәстүр салтын сезінген жан сағынар.
Тыңдай алсаң, ұға білсең егер де,
Әр әулеттің өзіне тән әні бар.

Толық

Қарап көріңіз