Өлең, жыр, ақындар

Кереку кеші

  • 06.03.2018
  • 0
  • 0
  • 1907
(Сабыржан салған ән әсерімен)
1
Даусыңның қоңырын-ай,
Майдасын-ай!
Барады жыр-толқындар ойға сыймай.
Кәдімгі Керекуден ән боратқан,
Кешегі қайда Майра,
Қайда сырнай?!
Әнші қыз,
Ақын Майра аңыратқан,
Қызығып ай қарайды шаңырақтан.
Әнімен ауыл кешін сан әлдилеп,
Әнімен Керекудің таны да атқан.
Толқытып сол бір сәттер өлеңді-өлең,
Белдерде еліктер де елеңдеген.
Қосылып ақындыққа серілігің,
Тынысы тірлігіңнің тереңдеген.
Атынды әнмен жайып Сарыарқаға,
Қалықтап жүрді аққу — ән бар ортада.
Майра боп қалдың бүкіл қазақ үшін,
Заман-ай!
Дүркін-дүркін жаңарса да...
Жата ма жан түбінде өткір сезім,
Бар екен өзіңе сай жеткіншегің.
Серік пен Сабыржандар шырқатқанда,
Көк нөсер,
Сұлу саздың кештім селін,
Жаңғыртып жатыр кешін Керекудің,
Бар екен айтысқа ерік беретін күн.
Айтыстың атын халқын аңсағаннан,
Көзден жас,
Көкіректен төгетін мұң.
Аспанға аты шыққан Керекуді,
Жасымнан кереметтей көретінмін.
Жел көмей Сабыржандай жүйіріктер,
Айтысқа білем,
Жан сап беретінін!
2
Таңсық қып,
Тамсандырған жыршы Майра,
Қашанда,
Қай кезде де жүрсің ойда.
Қазақтың даласында Майралар көп,
Сен ұқсап тұрсың әне,
Аспанда айға!
Өмірді өткерсең де серілікпен,
Үзілдің таң шолпандай көрініп сен.
Кешегі сан сайраған Семейінде,
Талайдың тумай жатып демі біткен...
Басына өзің барған бұлақ қайда,
Кетті екен көздің жасын бұлап қайда?!
Малынған қос етегің көкорай бел,
Сарғайған жылай-жылай құрақтар да.
Табиғат пәк сезімге жуындырған,
Жаралған жан едің бір сұлу жырдан.
Желтоқсан оқиғасы жас ұрпақтың
Сезімін тұншықтырып,
Үнін буған
Ой салып сол оқиға «ақылсызға»,
Батыр боп кетпеді ме батылсыз да.
Баурында Керекудің сан толғанып,
Бәріне ой жіберіп жатырсыз ба?!.
Сыр айтсам, кешір енді,
Әнші Майра,
Қайғыны ақтармасаң жаншымай ма.
Оңаша отырғанда елден алыс,
Батамын сансыз қиял.
Сансыз ойға.
Ақын ем ел үмітін арқалаған,
Базары бұрымымдай тарқамаған.
Мен де бір текті жанның баласы едім,
Тегіне,
Айнымаса,
Тартады адам!.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Баянтау

  • 0
  • 0

Неге оны Баян-жүрек атады екен,
Осынау тау жанға жылы ата мекен.
Бір кезде бабам көшкен қара нардай,
Созылып кеп жазыққа жатады екен.

Толық

Көктем әуені

  • 0
  • 0

Есті де көктем самалы,
Желпіп бір өтті даланы.
Құстарын күткен тауларым,
Сүзіліп көкке қарады.

Толық

Іздерсің сонда

  • 0
  • 0

Ауылға, достар, ал кеттім,
Серігім болар кімің бар.
Келеді кейде әндеткім,
Соны ұғып жұлдыз жымыңдар.

Толық

Қарап көріңіз