Өлең, жыр, ақындар

Гималай

  • 24.03.2018
  • 1
  • 0
  • 12486
(Жиһангер жайлаған шығыс)
Сұрау

Ақшалап басын қар көміп,
Аспанның төсін арда еміп,
Анасындай алтын күн,
Сел жіберіп бір жуып.
Жел жіберіп бір желпіп,
Ауық - ауық құшақтап,
Әлсін - әлсін нұр сеуіп,
Есейген асқар Гималай...
Сол күннен нұр ала алмай,
Басы мұнар, бауыр тар...
Гималай асқар неге олай?
Буырқанып, бұрсанып,
Бұлттанып, құрсанып,
Бірде жылы, нұрланып,
Бірде ашулы, томсарып,
Бірде торғын жұмсарып,
Көк үйрілген анадай...
Сол анадан сүт алмай,
Көзі соқыр, көңілі тас,
Гималай асқар неге олай?
Ырғалып, тулап, тербеліп,
Тербетсе асқар күңреніп,
Жазықта аттай жарысып,
Иықта жіптей күрмеліп,
Тауды бұзып, тасты айдап,
Сылдыр - сылдыр сөз сөйлеп,
Өзендер салған неге айқай?
Сол судан сыр ала алмай,
Қабағы күз, мұрны мұз,
Гималай асқар неге олай?
Жемісі жерде мәуелеп
Терегі көкке тәуелеп,
Тағысы таста ойнаса,
Қиядан қыран әуелеп,
Андыздап ара бал сорып,
Шешегін шымшып көбелек
Құндағы ну, қарағай
Сол сәулетке оранбай:
Борбайы борша, арша арқа,
Гималай асқар неге олай?
Бұлт тамшылап, қамшылап
Бұрқақтатып күн шығады.
Сол бұрқақтың астында
Қиналған бір үн шығады.
Қиналад та, күңіренеді.
Асқар әлде тұншығады,
Басқан оны қай Құдай?
Түсті ме екен найзағай?
Жатыр ма екен жау жайлап?
Гималай асқар неге олай?
Жауап
Гималай - көктің кіндігі.
Гималай жердің түндігі.
Мұз туырлық, қар үзік,
Түрілмеген бір күні.
Қалған құсы басында
Сауысқаны, құзғыны.
Ол құлаған құландай.
Күшіген қорқау, құмайдай
Жемтігіне жабысқан.
Гималай сорлы, сор маңдай.
Күнін көміп, батырған,
Өзенін тас қатырған.
Құзын, мұзын шеңгелдеп,
Тегеурінін батырған.
Апшысын аяз қуырып,
Қақалса қан қақырған.
Бар бір басқан тұмандай.
Сол тұманнан шыға алмай,
Жүрегі жара, көзі көл
Гималай сорлы, сор маңдай.
Жерін жайлап, у қылған,
Ерін қанап, құл қылған,
Елін талап, еңбегін
Жалмап, жеуіп, жүн қылған,
Құлдың жанын кұм қылған,
Құлдың қанын қылғыған,
Бар бір зәрлі жыландай...
Сол жыланнан жылжымай,
Қабағы жабық, қаны арық
Гималай сорлы, сор маңдай.
Тоқ қарыны басылған,
Аш қарыны ашынған.
Тұман өдет, қар сәлде
Арылмаған басынан.
Құлғанасы құл жайлап
Ғасырдан шіріп сасыған,
Дертке дене толғандай...
Сол бір дертке ем қонбай,
Жаны жара, тәні ауру
Гималай сорлы, сор маңдай.
Тауды, тасты қашатып.
Ойды, қырды жасатып,
Ойбай! - десе тас атып,
Қойдым десе босатып,
Жалынса табан жалатып,
Қарысса қан асатып,
Бар құлданған зор Құдай...
Сол Құдайдан құтылмай
Заманы дозақ, қанды азап,
Гималай сорлы, сор маңдай.
Батыста қауырт бір қол бар,
Қол алдында бір ту бар,
Ту жазуы «Коминтерн».
Шығыста қалың бір құл бар,
Құл аузында бір шу бар,
Шудың туы «Коминтерн».
Сол туды шу қолға алмай,
Тау толғанбай, қозғалмай,
Дерт жыланнан,тұманнан
Айыға алмас Гималай!
Гималайда қуат бар,
Қозғалды оны құрауға.
Гималайда ұлы от бар,
Таянып тұр, тұтауға.
Гималайда улы оқ бар
Құл атады Құдайға.
Болса болар, болғандай...
Көксеп күн мен көк орай,
Дейтіндерге неге олай?
Айтар сонда Гималай!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шым-шытырық

  • 1
  • 3

Алған - берген,
Қалған - өлген, шым - шытырық қу заман.
Жаулаған да,
Даулаған да, сұм құзғындай шулаған.

Толық

Сондағы сүйенгенім қай иығың

  • 0
  • 0

Өзенімен, қаласымен Безенген күз.
Кеш еді, келе жатық өзенге біз.
Қайтуға өзенді өрлеп, арал көріп,
М...сыз шығалық деп, кезенгенбіз.

Толық

Ескі күн

  • 1
  • 2

Ескі күн ес шыққанда кетер естен,
Қиялды кейде билеп жетелескен.
Мол өріс, алқап қоныс, кең жайылым,
Сол күнгі қулар, сулар кетер ме естен?

Толық

Қарап көріңіз