Ғұмыры бітпес үйдегі – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Ғұмыры бітпес үйдегі» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 30.03.2018
  • 0
  • 0
  • 4450
Ғұмыры бітпес үйдегі
тірліктің жайы талдырып,
сезімді нандай иледі,
үміт пен арман қалды ұмыт.
Баланың қамы, үй қамы,
Әйтеуір бітпей күйбеңі,
жұмысың тағы қинады,
жазбаған жырың ми жеді.
Ұмытар өзің өзіңді
бір сәтті сонда аңсадың,
күйбеңдер қажап төзімді,
жұқарып жүйке, шаршадың.
Достар ма құяр күлкі үнін,
қырдағы туыс, бауыр ма,
жаныңа берер бір тыным
әлде бір шалғай ауыл ма –
әйтеуір дайын тұрасың
кетуге кейде үйіңнен.
Мұраттан сүйтіп шығасың,
кездесіп талай жиынмен.
Жеткізбей бірақ таң-үміт,
өтеді думан,
нұр күнің,
кетесің сосын сағынып
таусылмас ошақ тірлігін.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері