Өлең, жыр, ақындар

Өтірік өлең

  • 04.06.2018
  • 0
  • 3
  • 46396
Қайныма қарға мініп ұрын бардым,
Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.
Айғырын шегірткенің ұстап мініп,
Алдына қайын атамның қырындадым.
Жүк артып инелікке ерте көштім,
Шүйкелеп сары майдан арқан естім.
Мұртына шегірткенің ат арқандап,
Дегенде өлдім-талдым әрең шештім.
Міндім де сасық қоңыз аяңдадым,
Болдыртып, аяңымен қоян алдым.
Япырым-ай, сол қоянның семізін-ай,
Көтеріп қоңызыма қоя алмадым.
Міндім де жасыл қоңыз сона қудым,
Басынан мұнар төбе сағым будым.
Дәулеттің маған біткен арқасында,
Қанменен көйлегімнің кірін жудым.
Үш жаста мергеншілік кәсіп қылдым,
Ши оқпен мың құланды атып қырдым
Ауынан өрмекшінің кілем тоқып,
Ұялмай жүз тұсақтан сатып тұрдым.
Балықтың қабыршағын отқа жақтым,
Өтірік өлең айтып жұртқа жақтым.
Бір сонам асыранды қашып кетіп,
Меккеден он жыл іздеп, азар таптым.
Ақылдан ер жеткен соң болдым жарым
Бір суыр мал дегенде қолда барым.
Қатыным тел қоянды жаздай сауып,
Түйреді сары майды екі қарын.
Беріпті бақа қызын көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Бір туын құмырсқаның ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырып төңірекке.
Міндім де сары қоңыз сона қудым,
Үш жұма, үш ай жүріп қона қудым.
Қумасқа белді байлап тұрып едім,
Дегенге жеңгем жерік бола қудым.
Бай болдым төрт түлікке тумай жатып,
Балама қалың бердім бәрін сатып.
Білімін мал жыюдың ерте біліп,
Сондықтан кедейлікке қалдым батып.
Байлықтан ыза шектім ақырында,
Бір түйір мал болмады жақынымда.
Малымның бәрін жинап отқа жағып,
Отырмын кедейліктің тақырында.
Қамыстан жылқы ұстауға құрық қылдым,
Жусаннан үйге тіреу сырық қылдым.
Бір талын сақалымның кесіп алып,
Көшкенде мал айдайтын шыбық қылдым.
Жиынға салтанатқа кидім құрым,
Қытықтап зорға айтқыздым ханның сырын.
Келгенде қалыңдығым сексен төртке,
Қайныма бес жасымда бардым ұрын.
Жүз салған қорғасыннан қара балтам,
Шыққанды он матадан сыңар қалтам.
Дәулеттің маған біткен арқасында,
Көшкенде жүз түлкіге жүгімді артам.
Айдадым жылқы қылып отыз түлкі,
Борсықты ұстап мінсең аттың мүлкі.
Ішінде топ адамның тулап жығып,
Қылдың-ау, ойбай, қарсақ, жұртқа күлкі!
Арасын жырып қостым сыр қуаңның,
Машықтым елін билеп бес дуанның.
Екі жүз құнан қойым егіз туып,
Осыған, нанар болсаң, көп қуандым.
Мен көрдім қара шіркей бала қаздай,
Жүк арттым бес қарсаққа ала жаздай.
Түлкісін қырдың қызыл жайлаймын деп,
Қан түсіп аяғыма өле жаздай.
Тамырға өтірікті қап-қап бердім,
Найзасын нән қамысқа саптап бердім.
Жүйрігін тасбақаның ұстап мініп,
Түлкіге төсте қашқан тап-тап бердім.
Басынан Қап тауының қора қылдым,
Бітер деп бес мың жылқы жора қылдым.
Топан су тау басына дамыл бермей,
Қыл маска енді қора тоба қылдым.
Баласы қасқа айғырдың бөлтірікті,
Айтпаймын өлтірсең де өтірікті,
Мың кісі бір тышқанға мінгескенде,
Апырым-ай, тулап бәрін өлтіріпті!
Мен өзім кішкенеден қарға бақтым,
Қашырмай сол қарғаны зорға бақтым.
Біреуі жануардың үздік шығып,
Мойнына ақ киізден тұмар тақтым.
Басында керегенің үрген қарын,
Көтердім балуандықпен соның бәрін.
Түйеге төстеп барып қойғанымда,
Мертікті көтере алмай қара нарым.
Мизамның сілемейін желім қылдым,
Шымшықтың жұмыртқасын келі қылдым.
Қамыстан сегіз қанат үй істетіп,
Жонынан кесірткенің көгін тілдім.
Шымшықтың шылым шектім бақайынан
Қоянның атым үрікті топайынан.
Баланың ақылы артық, ойы жетік,
Көр тышқан етік қылдым шоқайынан.
Басына бәйтеректің тіктім орда,
Көк орай шалғын екен қорда-қорда.
Қос атпен күні-түні бірдей қуып,
Қашаған бір битімді тұттым зорға.
Мен өзім өтіріктен пайда еткенмін,
Биялай, бит терісін қалта еткенмін.
Етіне бір шіркейдің қазан толмай,
Соймасқа қайтып шіркей ант еткенмін.
Мыс егіп көбік қарға алтын ордым,
Ізіне әбжыланның қақпан құрдым.
Шегірткем мініп жүрген тулап еді,
Жалғыз тал қыл қамшыммен өлгенше ұрдым.
Түгестім сапты аяқпен Сырдың суын,
Он нарға артып жүрмін қыздың буын.
Еншіге әкем берген мың қоянның
Соғымға қырып алдым барлық туын.
Тілімнің келмейді ебі өтірікке,
Тақсыр-ау, осыным да өтірік пе?
Қырық байтал қалың малға санап алып,
Қыз бердім отау тігіп кекілікке.
Биені қымыз іштім мұзға байлап,
Тышқанды жауыр қылдым үш жыл жайлап.
Қырық тоғыз мүшелімде әкем туып,
Жүгірдім қуанғаннан алақайлап.
Отыным жазғы жаққан мұздан болды,
Салымым сексендегі қыздан болды.
Былтырғы жер ошаққа жаққан отым,
Тұтанып зорға биыл қызған болды.
Сауысқан алып ұшты бөлтірікті,
Айтпаймын қыз берсең де өтірікті.
Шіркіннің тепкісінің қаттысын-ай,
Бір қызды шыбын теуіп өлтіріпті.
Шаянның шаңырақтай омыртқасы,
Көнектей көлбақаның жұмыртқасы.
Болмаған енді шындық несі қалды?
Түбінен жау қияқтың ердің қасы.
Жонынан атжалманның айыл алдым,
Үш жөргем ішін жарып майын алдым
Ізіне аттың басқан қақ тұрыпты,
Қырық құлаш қармақ салып, жайын алдым.
Қошқардың қағанақтан күйегі бар,
Шідердің мұздан жонған тиегі бар.
Тақсыр-ау, осыған да нанбаймысың?
Қырық арба бір қаншырдың сүйегі бар.
Шымшықтың шылым шектім қу басынан,
Атжалман арқан естім шудасынан.
Қырық қарға, отыз сона құда түсіп,
Инелік киіт киді құдасынан.
Серік боп құрқылтаймен қылдым сауда,
Айналды бұл сертімнің арты дауға.
Борсыққа жарап жүрген міне шауып,
Ұрандап, бір бүйірден тидім жауға.
Елімді қызғыш шауып салды бүлік,
Сауысқан әбден асты аққуды іліп.
Қақалып кеше кешке жеген етке,
Қолқамда бес жыл тұрды кәрі жілік.
Борышыма қатынымды кіреу қойдым,
Аспанға алты жерден тіреу қойдым.
Жүрегін қорқақ тайдың төрт бөліп жеп,
Нансаңыз, өмірімде бір-ақ тойдым.
Жаратып қасқыр қудым көбелекпен,
Дарияға тоған бастым ебелектен.
Жығылып тас кенеден мойны үзіліп,
Бір кемпір "ә" дегенше еле кеткен.



Пікірлер (3)

Алтынай

керемет

Брқиа орынбас

Жақсы қурастрған керемет

Әмина

Супер

Пікір қалдырыңыз

Қобыланды батыр

  • 0
  • 9

Мен, Сейілдің ұлы Қараман!
Қазанға кетіп барамын,
Жүрмейсің бе, құрдасжан?
Көп қолқалық қыламын.

Толық

Қарап көріңіз