Күздегі көріністер
I. Сәріден
Хабаршысы алдағы болар қыстың:—
Аппақ қырау жауыпты жердің үстін,
Үстімде бұлт, қасымда ызғарлы жел,
Мен колхозды ауылға келіп түстім.
Жатыр екен қат-қабат еңбек қайнап.,
Біреу астық толтырып, біреу байлап,
Зырыл қағып тынымсыз веялкалар
Бидай ақты мекені желмен ойнап...
Жас қыз да, жас жігіт те, кәрі шал да,
Сүйілген де, сырлас та сүйген жар да
Сол бір еңбек басынан табылғандай,
Әнші де, ел еркесі ақындар да.—
Күз бір қатал тергеуші бейнесінде,
Орнаған әр адамның кеудесінде.
Жинап жатыр, зорлықпен алып жатыр,
Берерін де, даланың бермесін де...
Әр адам өлшеп күшін алты ай қыспен,
Дара балуан секілді топқа түскен:
Бар жұмысын тойымсыз өндіреді,
Машинамен, ақылмен, қайрат күшпен.
Үй, қора, шөп, тағы да керектерін:
Суаттарын кішкене сенектерін
Қадағалап тәртіппен түзетеді
Құдықтарын, су алар шелектерін.
Сол жерде комбайнның рулінде,
Қайраттың оты жайнап жүрегінде,
Жүрді Асаубай егістің даласында,
Мың аттың күші бардай білегінде.
Озық жүрді, қалды артта таласқандар,
Өздерін жан озбас деп санасқандар.
Асаубайдың алдына шыға алмады
Талай орден еңбекпен қадасқандар.
Келеді ол жан-жағына көзін тастап,
Зор болашақ алдында тұр ойқастап.
Самалы жеңісті еңбек армиясын,
Бұл майданда жүргендей өзі бастап.
Өз ұлы да бидайлы асқар белде:
Маңдайын тосып қойып соққан желге,
Комбайнмен сырғытып келе жатыр,
Алдына жан салмайтын ұқсап ерге.
Өмір, еңбек жарыспен тартып алға.
Нұрлы шырай енгізіп әр адамға.
Байсалды ұлы көшпен бара жатыр
Коммунизм шыңына — ұлы таңға.
II. Сол кеште
...Кеш, Асаубай үйінде жас пен кәрі,
(Бәрі де сол колхоздың адамдары).
Жиналды, отырысы әсем, сәнді.
Қойылған алдарына тағамдары.
Асаубай салмақпенен тұрып сонда:
Құйылған бокалдағы шарап қолда,
Әлденендей халыққа сөз айтқалы,
Өр шалқақ кеудесімен бұрылды онға.
— Балам, сен азамат боп жетіп жасың,
Ертең таңнан әскерге аттанасың!
Шекарада тұрасың, борышыңды —
Отан үшін, ел үшін атқарасың.
Қайда тұр, нені күзет, нені сақта,
Советтің ұлы деген атынды ақта!
Жаудың барын есіңе ал әрқашан да,
Қай қалада болсаң да, қай тарапта.
Сақ күзет Октябрьді — өз жеріңді!
Қалғыма, кірпік қақпа, бол сенімді!
Ойла тұрған жеріңнен басталарын,
Колхозыңды, Отанды, өз еліңді.
Ойла! Мыңдар төккенін кеше қанды
Жаудан сақтау жолында Ұлы Отанды.
Ойла! Әкең де қиғанын шыбын жанын,
Ойла! Оқ тескен кеудемді, қабырғамды!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі