Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүрдің алпыс сегізінде сөйлегені

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 4191
Түзелер қашан жұрт боп мына қазақ,
Қылмаған кім бар дейсің бізді мазақ?!
Кешегі өткен дәуірде тұншығумен,
Өлуге, өлмесекте, қалдық аз-ақ!
Аяқтты бір баса алмай емін-еркін,
Өтті ғой ит қорлықпен өмір шіркін!
Жүргенбіз өліп қалмай, не ғып шыдап,
Қарашы күдерідей жанның беркін (берігін)!
Өшпейді өсіп зорайған өтірік, ұрлық!
Қалған жоқ әлімжеттік, әлі озбырлық!
Өткіздік өмір жасты жылауменен,
Жалғаннан таяқ жеу мен көріп қорлық.
Жыландай ысқырумен төгіп зарын,
Тыныштықпен тата алмады ешкім нәрін!
Көз-соқыр, құлақ саңырау болғандықтан,
Біз білдік қызық дәурен соның бәрін!
Ат шауып айнала алмас біздің міннен,
Тышқанша жан сақтадық шықпай іннен!
Замана баса көктеп билеп кетіп,
Кетіппіз болып болып кәпір, шығып діннен!
Алай-түлей ұйтқыған боран соғып,
Ақыл, сезім жылқыдай кеткен ығып.
Кеткен нәрсе орнына бір келмеді,
Күн қанша жадырағанмен, шуақ шығып!
Келуі жоқ, қанша қақса, кеткен қайтып!
Жараны жаңғыртпайын текке ұлғайтып!
Дей бергіштік қылмайын босқа шаршап,
Көріп тұрған нәрсені сөйлеп, айтып.
Бұ жалғаннан біз көрдік дұшпандықты,
Емен талқы ағашпен қысқандықты.
Жас ұлан мен жынысы әйел - кедей тобы,
Алып тұрсың еркіндік, бостандықты!
Жүрдік-ау тіріміз деп біз де ұялмай,
Өздігіңнен өлуге жан қия алмай.
Өнер, білім, талапқа жол жоқтықтан,
Хайуанша қаңғып қалдық оқи алмай.
Мен жастан болдым ақын, өлең дарып,
Кететін сөйлемесем, ішім жарып.
Ауызға ерте ілініп, түстім көзге,
Қылған титтей пайдам жоқ мұнан жарып.
Бұ жалғаннан өтеді кім басы аман?!
Бізді билеп иледі өткен заман!
Жеңсікшіл елдің жетпей мақтағанын
Желөкпелік ұқтырды шын деп маған!
Жағдайсыз сұм заманмен өмірім өтті,
Ғашықлық, нем бар еді қыспай к...ті?!
Ерік, ықтияр өзінде жоқтығынан,
Не жаудыр көз қуса боп, қыршын кетті?!
Бай кедейге көрді ме мойын бұрып,
Өмір бойы жем қылды қанын сорып.
Бұл күнде есіктегі жалшылары
Төре айтты өздеріне төрде отырып.
Ездігімнен мен жүрмін тіпті әлі өлмей,
Ер болсам, кетер едім тілге келмей.
Мұның бәрін кім қылды, Құдай қылды,
Қазақ жүр мұның бір де бірін білмей.
Біздің қазақ саяғы кер кеткеннің,
Түк пайдасын көргем жоқ ер жеткеннің.
Алқымынан алған жау босатпайды,
Онан күші аса алмас жан біткеннің!
Көл құрып, аққан дария - су тартылған,
Ұртты ауыртқан құр бос сөз көп айтылған!
Азаматта айтарлық таппадым жан,
Бой жеткенмен, күндіктен күні артылған.
Не боларлық сабаздар жүр ғой өспей,
Өмір бойы желкеден жауы түспей!
Мен көрмесем, кейінгі заман көрер,
Дәметейін түңіліп, үміт кеспей!
Жегеніне мәз болып тауып нанды,
Алас ұрып бәрі жүр қинап жанды.
Шарқ ұрсаң да дүниені таба алмайсың,
Басқаға пайдам тисін деген жанды.
Кедейдің шықпайды өнер саяғынан,
Байлардың запыс болған таяғынан.
Бірі шаба жөнелсе ілгері озып,
Шап етіп бірі алады аяғынан.
Жұмысы замананың сауда - сату,
Арам боп ылғи түнге таң боп ату.
Дүние - дос, малға құмар жанын жалдап,
Табылмас, емге іздесең, екі тату!
Пайдалы оқу үйренбей жалғыз әріп (харіп),
Шатпалақтап үйрендім наху, сарыф.
Пайғамбар айтқан екен, білмеппіз біз:
"Алшаһарыт апату, - деп, - Хадіс, Шәріп!"
Ауызға ерте ілініп, атақ алдық,
Үйір-үйір қысырақ матап алдық.
Белімізді сындырып кете жаздап,
Шөккен нардай бақ етіп, жата қалдық.
Аспандағы бұлтпен араластық,
Кейде жаңбыр, кейде қар, бұршақ шаштық.
Тапқан олжам, атақтан алған сыйым,
Бір өзінен іс көрдім үш-төрт қастық.
Тоқтамадым мен мұнан аузым тыйып,
Бергім келмес ешкімге көзім қиып.
Жүрген күнім көп болды-ау әрі - Айдай,
Жер мен көктің ортасына зорға сыйып.
Тұрарлық бір сөз әбден айтарлыққа,
Мұрша болмай бұл беттен қайтарлыққа,
Ақша шашам, шар салып сайлайтын кім,
Таласпасам мен сөйтіп шайтандыққа
Пәлі, олжаңа болайын алған саған!
Атақ қайда дүниені даңқы жарған?!
Міне, атақтың пайдасы маған берген,
Сыбағасын шайтанның тартып алған.
Қылық емес көрінер Құдайға қош,
Ұқтыңдар ма: қай жерден тігілді қос?!
Мырза Құдай, кең Құдай кешірімді,
Қалай еркін қаңғытып, жіберген бос?!
Тең құрбымнан жүрмекпін бойым асып,
Кез келгендей бетіме жердей басып.
Шыбын құрлы қауқар жоқ, жоқ есім де,
Өмірі өткен Құдаймен қарсыласып.
Мен не болсам, обал жоқ өзіме деп,
Бақкүндесім, байқасам, шашымнан көп.
Алас ұрдым әуре боп, тұстасымның,
Бет қаратпай бәрін де жеңемін деп.
Айналыстым жынменен мен бесімде,
Кетпестей боп орнады он бесімде. ,
Әуреленіп шарқ ұрдым, жетілдім деп,
Арты қандай болары жоқ есімде.
"Жазған сөзім әркімге тұмар!" - дедім,
"Аузын ашып, ол көзін жұмар", - дедім.
Мылтық алып, атам деп көздегенді
Ақымақлықтан: "Маған сол құмар!"- дедім.
Мәшһүрдің құр бос сөзбен толған ұрты,
Ойында жоқ ағарған сақал-мұрты.
"Түлкінің қызылдығы өзіне сор", -
Сол сықылды болыппын көздің құрты.
Ішпей мас боп жүріппін, жемей - тойып,
Өзімді - өзім мұқатып күнде жойып.
Құмар болып қолына түсіргендер,
Түлкіше сыдырып алды бір-ақ сойып.
Болғанда сен не болдың, түлкі болдың,
Қу медиен, құба жонның көркі болдың.
Қолға түспей жүргенде оңды-ақ едің,
Тұтылдың, қолға түстің, күлкі болдың.
Дүние тегіс біледі жұпар даңқын
Құнды, пұлды танып жұрт, қымбат нарқын.
Жұпар өзі немене, айтыңдаршы,
Бір киіктің кіндігі, білсең жарқын.
Анадайдан мұрынды исі жарып,
Жүрген - тұрған жерінде жұғын қалып.
Оған құмар болмаған кім бар дейсің,
Қолға қайдан түсер деп азаптанып.
"Жұрт біткен екен ғой, - деп, - маған құмар,
Елтіп мас боп, бас шайқап, көзін жұмар.
Құмар емей немене, қолға түссе,
Кенедейін сақтайды, қылып тұмар.
Ол мүсәпір мастанар жазғытұры,
Оны аңдыған дүниеде көп боп ұры.
Бар деймісің ойында титтей оның,
Екендігі кіндігі бостың соры.
Қолға түспес бір асыл піл сүйегі,
Мұрыны зор, ол-бір хайуан: жоқ иегі.
Сөзді сөз түртіп айдап шығарады,
Шідердей ағытылса сөз тиегі.
Алла адамды жаратқан артық зирек,
Басқадан артықтығы оқшау бөлек.
Оған-дағы, жұрт құмар күн-түн андып,
Сүйегін алу үшін қылып керек.
Сорды азсынып, кейде біз тұз да қостық,
Желді азсынып, құйынның жолын тостық.
Пайда ойласаң басыңа, жап етекті,
Жұрттың жақсы көргенін білме достық.
"Жап етекті! – дегенім - есіңді жи!"
Есті жисаң, көресің сонда артық сый.
Ақшаға ешкім алмайды, шаш далаға,
Атақ, абырой, ар, намыс, - бәрін де қи!
Бой бермеймін дегендер ар - намысқа,
Ұзап шырқап кетеді тіпті алысқа.
Кеткенімен алысқа құтылмайды,
Қайда барса, килігіп ну қамысқа.
"Бай болады, - деп айтқан, - к...ті қысқан",
Қыспағанға дос аз да, көп қой дұшпан.
Көп қамыстан қоянға не пайда бар,
Жел тұрса, сыбдырынан үрейі ұшқан.
Білмейсің өзің қалай ұшқаныңды,
Жығылып жерді қауып, құшқаныңды!
Саған атақ әперген қызыл тілің
Өзіңе көбейтеді дұшпаныңды.
Жаз - алмасаң сыбаға, қыс-аласың,
Астары жоқ киімге тыс аласың.
Алған пайдаң мақтанға, тапқан олжаң,
Дұшпандардың оғына нысанасың!
Оқу жын - есалаңға, өлең де - жын,
Өнерің - өткір пышақ, сен - оған қын.
Өзіңді тілім - тілім, дал-дал қылды,
Өзгесі өтірік болса да, бұл сөзім-шын.
Досы емес, өз жаныңның қасы болдың,
Артық сөйлеп Аллаға асы болдың.
Жұрт қолына алды деп, елеурейсің,
Қолға алғанда дойбының тасы болдың.
Әлдеқандай боласың бұрылмай бет,
Мастанасың шай ішіп, жегенге-ет.
Бірде биге шығасың, бірде-закот,
Бар болғаның осы ма, ту, пәлекет!
Шайнам ақыл жоқ титтей, не еткен бассың?!
Жеп етің жоқ, ит тиген арам ассың!
Жұрт ойнаса тақтайдың бетіндесің,
Ойнамаса, қалтада қалған тассың!
Тасы болмай дойбының, болсаң қалам,
Қолына алып жаза алмас ешбір адам.
Жерге қиып тастамай көрген кісі,
Әбдіреде жансыздай жатып қалам.
Мұныменен таусылсын Мәшһүр сөзі,
Өз сөзіне сүйсінсін құлақ, көзі!
Керексізді бір алар - жаратпаған,
Неге керек боларын біледі өзі.
Күнелттім бір үй толған соқыр бағып,
Оған мен жаранамын қалай жағып?!
Түрінің қандай екенін қайдан білсін,
Самаладай қойсаң да мың шам жағып.
Айтқан сөзім құлақтан кетеді ағып,
Құлақ қайда мақтанар гауһар тағып.
Құлағы тарс бекіген саңырауларға
Шаршама сылдыр - сылдыр қоңырау тағып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бес қымбат

  • 2
  • 2

«Ең әуел керек нәрсе иман»-деген,
«Ақырет iстерiне (ишларына) инан!»- деген!
«Құдай кешiрер!»-дегенмен, iс бiтпейдi,
«ИМан шартын бiлмесе, есен(ибан)»- деген.

Толық

Пайғамбардың соңғы тілегі

  • 0
  • 0

Біләлға Расул айтты қылып пәрман:
- Хабар қып Халықтың бәрін келтіріп сан.
Ақырғы өсиетім үшбудүр, - деп,
Бұл күнде сант өсиет айта - дүрман.

Толық

Шежіре өлең

  • 0
  • 0

Қолыма: "Бисмилла!"-деп, алдым қалам,
Екінші - Мейрам атаң, Арғын - бабаң.
Келеді үшіншіде Қарақожа,
Төртінші - Ақжол батыр, білсең тамам.

Толық

Қарап көріңіз