Өлең, жыр, ақындар

Мұса Шорманұлының асы

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 4919
Бисмилла - бұ сөзімнің басы болды,
Екі елу ер жігіттің жасы болды.
Биылғы өткен жаздың ортасында
Мұсаның ат шаптырған асы болды.
Сол асқа жақсы келді, жаман келді,
Бай, жарлы, төре, қара-тамам келді.
Арғынның ақсақалы Саққұлақ боп,
Әр жұрттан әрбір жақсы адам келді.
Әкімбек Шідертіні өрлей көшіп,
Тәнтімен мырзалыққа ерегесіп.
Екі болыс: Айдабол, Күлік, Қаржас, -
Ac берді Сүйіндік боп басын қосып.
Мұсаның кім таласар бұ шағына,
Ел сыйған, жайса құлаш, құшағына.
Бақтыбай, Мақан, Шоман аулыменен
Айнала қонып алды ошағына.
Өлеңті, Шідерті мен - елге қоныс,
Мұсаға жан біткеннің көңілі дұрыс.
Ac берді екі облысқа, сауын айтып,
Тік тұрып екі оязнай, он бес болыс.
Жері еді ошақ қазған -"Шүршіт қырған".
Кім шығар Мұсадай боп енді қырдан?!
Уай, дүние-ай, ырғап-жырғап кайтушы еді,
Қожалар Қаратау мен келген Сырдан.
Жылқыны бауыздады құмап жарға,
Аққан су араласты қызыл қанға.
Омбы, Семей - бір шетін шақырудың
Жіберді Көкшетау мен Қызылжарға.
Қараөткел мен Қарқаралы,
Атбасардың Шақырды почтаменен мұның бәрін.
Келген келді, келмеген қала берді,
Бір үлкен жиын болды сондай қалың.
Қуандық, Сүйіндік пен егіз еді,
Ақылға - Мұса- Арғынның теңізі еді.
Жүз жылқы - алдыңғы аттың бәйгесіне,
Бұйымы жамбысымен тоғыз еді.
Топ болған ба Секербай, Мұса болмай,
Айтқан сөзі өр жерде қисса болмай?!
Серкесіз – қой, көсемсіз қош болған соң,
Қалай дәурен сүресің құса болмай?!
Керейден келген екен Жөкен асқа,
Саққұлақ сексен алты келген жасқа!
Қанша елден қанша жақсы келсе - дағы,
Мұсаның өзге жаннан орны басқа!
Мұсадай түгел туған жақсы қайда,
Жоқтығың білінеді әрбір жайда.
Хан болып қара басы, дәурен сүрген,
Мұндай ер енді анадан болмас пайда.
Тигізген бірдей қайыр жарлы, байға,
Бола ма тегін адам Мұса жайға?!
Онымен бірге туған - Әужан,
Иса, Кіре алмас рұқсатсыз (ұлықсатсыз) оязнайға.
Бақ, дәулет, ақыл, ғылым-тегіс еді,
Саф алтын, арамы жоқ күміс еді.
Жандарал неше келген князьбенен
Бәрінің құрдасындай біліс еді.
Асқар тау, дұшпан аспас-сары белім,
Айнала көз жеткісіз шалқар көлім!
Көркі едің Орта жүздің шырайындай,
Кешегі туың қайда, қайран елім?!
Көз көрмес, қолға түспес асыл еді,
Басқадан бақ, аруағы басым еді.
Асында кеше Керей: Сағынайдың
Сүйіндік өзге жұрттан асып еді.
Аспай, қайтсін, аз дәурен құрғаннан соң,
Құдай берген дәулетке толғаннан соң?!
Жарасып: ишан, қожа, молдасымен,
Секербай, Мұса болып тұрғаннан соң.
Әкімбек төбелесті салып жатыр,
Күсекей шатырда өліп талып жатыр.
- Керей, саған бұл аз! - деп, кекесіндеп,
Секербай қанша жолды алып жатыр.
Кеш келген Қанжығалы шегіншектеп,
Арғынның көбейтуге тобын жіктеп.
Саққұлақ айдалаға отырып алды:
- Толыбай, ұрандыға жүз үй тік! - деп.
- Мақтандың байлық айтып, Керей сорлы,
Билігін маған берсең, сол еді орны!
Бір жерге тамам Арғын бас қосқанда,
Жылқың жоқ - жолаушының аты құрлы.
Жалынды Керей сорлы ағатайлап,
Таныды ашып көзін, жаңа абайлап.
Әр таптан әр жақсыны соңына ертіп,
Сол асты қылды орнықты Мұса жайлап.
Жұрт көрген сонда Мұса салтанатын,
Көп нөкер қасындағы жамағатын.
Төрт інісі түп-түгел баласы мен,
Құдай да беріп қойған қолғанатын.
Мұсаға қара қазақ тең болды ма,
Есепсіз ақыл-ойы кең болды ма?!
Секербай - Малгелдінің бел баласы,
Ешкімнен қызыл тілде кем болды ма?
Тоқтау жоқ, сырғанайды табанымыз,
Құрып тұр бұған айла, амалымыз.
Жүк - тайлаққа, қалғандай ел бойдаққа,
Әлдеқандай болады заманымыз?!
Шорман өліп, жас қалған Мұса бала,
Таласа Шоңмен шықты Боштай және (жана).
Бой жетті ендігінің, ой жеткен жоқ,
Қанша жетті десең де, әлі шала.
Айдаған мың-мың жылқы байлар кетті,
Жылдан-жылдар, айлардан айлар өтті.
Қырық асып, елу барып, не боламыз?
Жиырма, отыз бенен текке кетті.
Дүние-ай, қорлықпенен өткенің бе,
Шыныңмен, жиырма бес, кеткенің бе?!
Өлеңменен газетте біз жүргенде,
Аяңдап, қырық пен елу, жеткенің бе?!
Мұса өтті, былтырғы қыс - биыл болды,
Тіріде жүрген жері жиын болды.
Күн көрген мәжілісінде қожа, молда,
Кең дүние тарыдай болып, қиын болды.
Жеткізер құдай, пенде қылса талап,
Дүниені кім өткізер қолдан санап?!
Үлгі жол - бұрынғының әрбір ісі,
Кітаптан қалмайды екен жанасалап.
Күні өтті ғапілдікпен пенде білмей,
Не білейін мұңдық жайын, басқа келмей.
"Өлі тілін - тірі алмас," - деген сөз бар,
Сақтанбас ғапіл пенде, көзі көрмей!
Көп шығар әрбір түрлі біздің тұста,
Бірдей бол, шамаң келсе: дұшпан, досқа!
Бір басымда мың ғайып толып жатыр,
Сөйлеймін: болғандықтан - ақылым қысқа!
Аузыма, қайтармаймын, келген сөзді,
Сөйлесін деп қойыпты Тәңірім бізді!
Іздесең де, дүниені, таба алмайсың,
Мендей қисық, сынбайтын қатыгезді?!
Парқы бар жақсының да жаманменен,
Ғалым бірдей бола ма наданменен?!
Аллаға жағам десең, азанды бол,
"Халыққа жақ, - деген сөз бар, - қазанменен!"
Жүремін қалт-құлт етіп: "Бердімменен",
Ісім жоқ жақсы-жаман ешкімменен.
Аллаға азаным бар, қазаным жоқ!
Жағамын бүкіл жұртқа мен немменен?!
Парқы бар жақсының да жақсыменен,
Бола ма, балгер бірдей бақсыменен?!
Артымда ненің барын-мен білем бе,
Жамандық - қанша болса, тапшы менен!
Парқы бар жаманның да жаманменен,
Жүйрік ат тең бола ма шабанменен?!
Өткіздім мен өмірімді бекер босқа,
Осындай әуре-сарсаң заманменен.
Жүремін шүкірлік қып денім сауға,
Үміт бар - ермеспін деп-нәпсі жауға!
Көзіме айт, сыртыма айтпай, қасың бар ма,
Қылайын білместікке мен һәм тәубе.
Жабысты маған өлең он бес жаста
Жұрт айтты:
- Не қыласың?- дейді - таста!
Өйткенмен қоя алмадым бір білген соң,
Сотым жоқ қылған жұртқа мұнан басқа.
Жақсы өтті, табылмайтын, кеше мырза,
Онан жақсы асқан жоқ осы қырда!
"Керек орны мұның да бар екен!" - деп,
Сөзіме әрбір айтқан болған риза.
Хазірет айтты:
- Сенікі өнер! - дейді,
- Әр сөзің әрбір жөнге келер! - дейді.
- Мырзаға жарастықты сөз сөйлесең,
Жұрт бата өлеңіңе берер!- дейді.
Сонымен мен мырзаны қозғадым ғой,
Солардың ынтымағын бұзбадым ғой.
Жүйрікпін: өз әлімше жүгіремін,
Демеймін: "Бүкіл (бүтіл) жұрттан озбадым ғой!"
Пайдасыз жұрт нанады өсек сөзге,
Өнер жоқ - жұртта табар онан өзге!
Жетпеген күші аузына қожалармен
Үйінде Баттал мырза келдік кезге.
Сөйлестік бір-екі ауыз сөздің жөнін,
Жүсіптің кім кеседі қызыл тілін?!
Өзіменен өзі білген әулие ғой,
Біреудің сөйлемек қой біреу мінін!
Тимеймін мен бұл жұртқа тіпті тектен,
Не түсер сақтағанмен, өкпе кектен?!
Жамандап мені барып Мәжи қожа,
Алыпты бір түйені Ақылбектен.
Түйе алмайтын кісі ме жай да барып,
О да жүрген қожадан бүркіт алып.
Баянаула, Қызылтау арасына
Қожа жүрген өсектен көпір салып.
Тере берсек, айтуға сөз де көп қой,
Бұ күнгі қожа, молда - арам шөп қой.
Ақсүйекке өсектің ұнамы жоқ,
Қара казак баласы біздерге еп қой.
Менің қанша сотым бар қас көргендей,
Өнер жоқ - ауыз бағып, жай жүргендей.
Бұл казактың баласы дуагөйге
Өсек айтпай жүрсе де, ас бергендей!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тәтиді жоқтау

  • 1
  • 0

Қара бір таудың жылғасы,
Халқының бағлан құлжасы,
Сүйіндіктің ағасы,
Алтыннан салған сырғасы,

Толық

Сыздық Мешімбайұлына

  • 0
  • 0

Шешмадай өлең түбін күнде қаздым,
Жете алмай тұщы көзге, жүдеп, аздым.
Елі-Алтай, аты-Сыздық тәржіменге,
Намына махаббаттан бір сөз жаздым.

Толық

Иманжүсіп атынан шығарғаны

  • 0
  • 0

Жел сөзге болған жастан ауызым епті,
Жас та болсам, ел кезіп, көрдім көпті.
Қалың топтың тастайын ортасына,
Ғаріпшілік жөнінен біраз кепті.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар