Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүр-Жүсіптің қарғамен айтысқаны

  • 10.08.2018
  • 0
  • 0
  • 3605
Түн ұзап, күн қысқарып, болды қазан,
Бес намаз, жанның пipi[l] иман, азан.
Арбаға ала қарға қонып алып,
Қарқылдап ертең ерте, кетті мазам.
Мәшһүр-Жүсіп.
Тұғырың, қарға, сенің тартқан арба,
Қақсайсың ертеменен жының бар ма?
Немене айтып тұрған былшыл сөзің,
Айт маған анық қылып, ала қарға?!
Қарға.
Келмейді тілім сақау, айтар сөзге,
Фарағат, рақат жазған жоқ-ты бізге.
Қысылып бір жанымнан қақсап тұрмын,
Килігіп қалғандықтан, суық күзге.
Мәшһүр-Жүсіп.
Кім тігер сен тоңды деп ақ шатырды,
Болса да көңіл қорқақ, қол батыр-ды.
Осынша жұрттың тынышын кетіресің,
"Арқаға кел!"-деп, еені кім шақырды?
Қарға.
Құс едім жүнім ала, атым-қарға,
Көрінер алтын тақтай (тақ тәрізді дегені-Г.Ж ) арба.
Қаңғырып бейнетпенен кешкен күнім,
Қорлыққа жазса Құдай, шарам бар ма?!
Мәшһүр-Жүсіп.
Ей, қарға, ойын сөзге болма наза,
Қарқылдап ертеңменен алдың маза.
Жалғанда тыныштық саған бермегендей,
Құдайға қылып едің қандай жаза?
Қарға.
Көп құстың мен жаралдым бірі болып,
Қыдырдым бұ дүниені сері болып.
Ұшырып Нух пайғамбар қарғысына,
Өкіндім жүргеніме тірі болып.
Мәшһүр-Жүсіп.
"Қарқылдақ, қара мойын қарға"- атандың,
Таңертең қақсаған боп мазамды алдың.
Бұлайша қарғысына душар болып,
Айт маған: не себептен бүйтіп қалдың?
Қарға.
Айтайын, естір болсаң, енді сырды,
Топан боп жан-жануар бәрін қырды.
Арасы жер мен көктің сумен толып,
Алты ай, алты күндей толқып тұрды.
Кемесін Нұх пайғамбар тышқан тесті,
"Кім табар сол тесікті?"- деп кеңесті.
Тесікті жылан тауып кіріп алып,
Ауызына сол тесіктің бүке түсті.
Тесіктен су жібермей жатып алды,
Халайық кеме ішінде аман қалды.
"Берсін,-деп,- қалағаным, уәде бар"
- Деп, жылан еңбек сұрап, қолқа салды.
Бұл хабар жетіп қалды пайғамбарға,
Олардың сөздерінде жалған бар ма?
- Не тілесе, тілегін алсын!-дейді,
- Көңілінде қалағаны мал ма, жан ба?
Мұны естіп жыланға кірді хайла:
- Жалғанда ішпек, жемек жанға пайда.
Тәтті етті мақұлықтан қорек берсін,
Кәнеки, еті тәтті мақұлық қайда?
- Жарайды, бұйырайын, алсын!-дейді,
- Іздеуге оны біреу барсын!-дейді.
- Қиямет қайымғаша қорек болып,
Жыланға еті тәтті қалсын!-дейді.
Дүниеде жерік асым - жемтік, тамақ,
Алдымнан бәрі даяр табақ-табақ.
Тауықты кепіл қойып сенімдікке,
Кәнеки, кеттім ұшып далақ-далақ.
Қыдырсам, тартылған соң топан суы,
Қырылған мақұлықтың жасы, қуы.
Жарлығы пайғамбардың шықты есімнен,
Жемтіктің мастандырды мені буы.
Ойыма түссін қайдан маған қайту,
Есімнен шықты қайтып хабар айту.
Жемтікке қызыққаннан алысқа ұзап,
Күдірден асып кеттік арту-арту.
Тауыққа сонда мені:
- Шақыр!- депті,
- Қанат қағып сол келе жатыр,- депті.
- Ұша алмас осылайша бұл,-деп айтқыш,
- Қиямет қайымғаша ақыр!-депті.
"Шақыр" десе, қиқулап айғай салғап
Естісін кеткен қарға оны қайдан?
Тамам құсқа бір тауық кепіл болып,
Кепілінен жазылмай кентте қалған.
Қарғаның қайтатұғын мезгілі асты,
Қайдан қайтсын сол тастап жерік асты ?
- Сен тауып, сол қарғаны алып кел,- деп,
Жіберген:
- Ұшқыр!-ғой деп, қарлығашты.
Қарлығаш жетіп сонда маған келді,
Бірге еріп оқпақ, сона,-тамам келді.
- Тәтті екен ненің еті бұл жалғанда,
Білдің бе татып бәрін, қарғам?-дейді.
Жоқ қылған патша Құдай құстың сүтін,
Болады иманды құл тілге шетін.
Қарлығаш, қанша жанның таттым етін,
Тәтті екен,- деп мақтадым,-адам етін!
- Япырм-ау, тәтті ме екен адам?-дейді.
Жыланға болғаны матағам?!-дейді.
Білейін мен иісінен, қалай екен?
Иіскетші, ауызыңды аш та, маған!-дейді.
Сонда мен ауызымды ашып, тұрдым қарап,
Тілімді жұлып алды, ақты қанап.
Тілім жоқ енді сөйлер, сақау болдым,
Қарадым сасқанымнан алақ-алақ.
Оқпақ сонда:
- Айтамыз мұны!-дейді,
Тілінің түсер саған құны!-дейді.
Оқпақтың тілін жұлып, "ох!" дегізіп,
Сонаны ызылдатып қоя берді.
Таласа қарлығашпен мен де салдым,
Алдына Нух пайғамбар жетіп бардым.
Не ғып мұнша кешіктің?-деген шақта:
Қарқ-қарқ!-деп сөйлей алмай, сөйтіп қалдым.
Пайғамбар қарлығаштан сұрап қанған:
Сөйлемес қарға тіпті, ұялғаннан!
Жолда келе жатқанда маған айтты,
Шөлбақа тәтті екен,-деп,- барша жаннан".
Адамға қарлығаштың іші бұрды,
Жыланға шөлбақаны жем бұйырды.
Атар таң, шығар күн жоқ мен сорлыға,
Қайнатты сөйтіп маған қалың сорды.
-Ей, қарға, бейнетпенен күнің кешсін
Тіліңді мұнан жаман тәңірі кессін!
Қиямет қайымғаша қарқылдап өт,
Әрқашан көкейіңді жемтік тессін!
- Қарлығаш мені шетке байлағаны,
Қатты екен пайғамбардың қарғағаны.
Ғұмырымда мирас қалды тұқымыма,
Қалың сор сонда мені айдағаны!
Мәшһүр-Жүсіп.
Бозбала, ғибрат алшы, мына сөзден,
Жастықта дүниені қой, иман ізден!
Қарғаша Құдайыңнан қалма ұялып,
Дүние-жемтік: жол табар мұнан безген.
Артыңда қалдырасың жиғанынды,
Құдай сүйер дүниені қиғаныңды.
Қарғаның тілін жұлған қарлығашша,
Ғазазіл ап кетпесін иманыңды!
Құдай-ау,әзәзілден бізді сақта,
Алдырма сол дұшпанға өлер шақта.
Мен емес, тілінді алған-өз сазайың,
Ступай, пошел, қарға, басқа жаққа!
Ты что, занимался ғапіл пенде,
Не принять ни как нельзя мінез сенде!
Кедейлерге кежегең кейін тартып,
Бай жұмсаса, жүгіру- сен де, мен де!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Пайғамбардың нұры

  • 0
  • 0

Ғаламнан он сегіз мың әуел бұрын,
Жаратты пайғамбардың асыл нұрын.
"Әуелі мақұлық атта нұрым!"- деген,
Хақында дәлел болды хадис мұның.

Толық

Қара өлең

  • 0
  • 0

Жатқандай тәтті ұйқыда қазақ халқы,
Айырылмай жақсы менен жаман парқы.
Баласы дін мұсылман, ояныңдар,
Көрінер өз пайдасы, жұрттың нарқы!

Толық

Әменді жоқтау

  • 0
  • 0

Ташкентте қаза тапты Әмен өзі,
Көп жұрттың қоя ма тек тіл мен көзі?!
Мән-жайын көзі көрген бастан-аяқ,
Уәлихан Омаровтың айтқан сөзі:

Толық

Қарап көріңіз