Өлең, жыр, ақындар

Сүлеймен мен Ібіліс

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 4223
Құдайдың құлшылығы бізге парыз,
Жалғанда құтылмасақ болар қарыз.
Пайғамбар тақ Сүлеймен бір күндерде
Аллаға бір сөз айтып қылды арыз:
- Жын-пері адамзатқа қылдың еркін.
Билеттің арзан қылып дүние-мүлкін.
Ұшқан құс, жүгірген аң жел мен судың,
Жараттың бір жүзікте қылып кілтін!
Жер алыс үйден шығып жүрмегенге!
Бар нәрсе жоқ сықылды көрмегенге!
"Берді", - деп патшалықты ойламаймын,
Билігін бір шайтан лағын бермегенге!
- Ежелден жүрген шайтан қисық жолға,
Жақсылық қылған емес ешбір құлға.
- Ол итті билегенмен не қыласың
Ойлайсың болады деп неге тұлға?!
- Сен мені қойдың жұртқа патша сайлап,
Алдыма салып жүрмін бәрін айдап!
Билігін Ібіліс лағын берсең маған,
Тас қылып қойсам деймін мықтап байлап.
- Муафиқ тағдырыма емес сөзің,
Жетпей түр бүл араға сенің көзің.
Шайтанды босатпастан қойсаң байлап,
Жүрерсің өле жаздап аштан өзің.
- Жараттың оны неге әуел бастан,
Атамыз адамзатқа қылып кұстан.
Сенен бір сұрағаным билігін бер!
Қояйын оны байлап, өлсем де аштан!
- Ұшырып алып келсін: бұйыр желге!
Қоймасын, тығылса да көрден-көрге!
Қалжырап өзің аштан дағдарарсың
Таба алмай ас пен қорек ішіп-жерге.
Бұйырды сонда желге: "Алып кел!" - деп,
Ұйтқыған самал тұрды, жел уілдеп,
Ұшырып ап келген соң, байлап салды:
- Ал, малғұн, тырп етпестен жата бер! - деп.
Шайтанды байлап қойды пентке (винтке) салып
Азаппен қинайын деп, өшін алып.
Әртүрлі ерік берген пендесіне
Құданың құдіретіне қайран қалып!
Ақыл малда, көрік-шырай көмейде екен,
Бұл сөзді ешкім бекер демейді екен.
"Еңбексіз халал емес ішкен асың, - деп,
Тағамды патшалықтан жемейді екен.
Базарға тоқып зәнбіл сатады екен,
Ас қылып сонан қорек татады екен.
Өзінен онан басқа жемей тағам,
Сабыр қып аш та болса, жатады екен.
Бір себет талдан тоқып қолына алды,
Сатып тамақ алуға базар барды.
Базарда қыбырлаған жалғыз жан жоқ,
"Бұл қалай кеп болды?!"- деп қайран қалды.
Бос қалған шаршы базар, көше, сарай,
Келеді жан-жағына қарай-қарай.
Жандыдан жалғыз жүрген қарға да жоқ,
Құданың құдіретін көр, болды қалай?!
Тамаша көз жіберді әрбір жаққа,
Қызығар бір пенде жоқ мал мен баққа:
(Қылып тұр тәңірім оны сынамаққа!)
Жан біткен үй ішінде — мешітте отыр,
Құбылаға қарап, жылап жалғыз хаққа!
Ешкімнің ойында жоқ дүние жалған,
Безіпті үлкен-кіші бәрі малдан.
Біреуге-біреу үндеп, тіл қатпайды,
Дүниенің жұмысынан бәрі қалған!
Жылаулы бір құдайға жанның бәрі,
Отырған шарт жүгініп жас пен кәрі.
Ешкімнің еш нәрсемен жұмысы жоқ,
Көзінен тақ Сүлеймен көрген, әні!
- Алушы зәнбілімді болмады жан,
Шықпастан алды отырып үйлерінен,
Бұ не сыр, жұртқа түскен не күн болды?!
Құдая, білдірсейші, қалдым ғой таң?!
Нандың ба, көріп, маған көзіңменен?
Сен жұртты көрме бірдей өзіңменен.
Жұмыстан қалды бүгін соның бәрі,
Өзіңнің еркін айтқан сөзіңменен!
Мәнісін мұның саған айтам енді,
Бұларды өз қалпына кайтар енді!
Әркімге әрбір түрлі іс қылғанда,
Түрткілеп: "Бол-бол!"- дейтін шайтан еді.
Біреуге ол, біреуге бүл жұмыс салып,
Түрткілеп ерікке қоймай тыныш алып.
Шайтанды өзің байлап қойғаннан соң,
Байланды бүгін, істен бәрі қалып.
Шайтанның адамзатқа достығы - қас,
Мұрнына дәрі иіскетіп қылады мас.
Ерікті шайтан құлға бола алмаса,
Алданып бүл дүниеге бұрмайды бас.
Отырған бір орнынан бұлар тұрмас,
Бас қосып бір-бірімен кеңес құрмас.
Бейхыкмет ешбір нәрсе жаратпадым,
Шайтансыз, асылы, дүние дүние болмас.
Таң қалып тақ Сүлеймен күлді дейді,
Құдайдың шеберлігін білді дейді:
- Менікі ойлап тұрсам, бекер екен,
Малғұнды босатайын енді! - дейді.
Шайтанды хал ас қылып қоя берді,
Адамдар топ-топ болып жүреді енді.
Ұмтылды өзді-өзінің шаруасына,
Ду болып қыза берді базар енді.
Қылады біреу шаруа, біреу сауда,
Аң атып мергендікпен біреу тауда.
Дүниеде көп жұмысқа жарайды екен,
Бостан бос қалмайды екен шайтан жау да.
Ғазазіл болып малғұн қалған екен,
Билігін дүние ісінің алған екен.
Дүниеде адамзатты аздырмаққа,
Әркімге әрбір қиял /хиял/ салған екен.
Бәтшағар соның үшін жүрген өлмей,
Шара не басқа түссе, пенде көнбей?!
Жалғанда әрбір түрлі қылған істің,
Адасар: оң-терісін пенде білмей.
Түспесін алдауына пенде не ғып?
Жүрген соң дайым андып қойдай бағып.
Құдайым рақым (рахым) айлап фазылына алған,
Пендесін өзі сақтап алар қағып,
Белгілі көрініп түр көзімізге,
Бек анық болуға аян өзімізге.
Бозбала, бекер ғой деп болма мүңкір-(мәнкір),
Кітаптан көріп айтқан сөзімізге.
Ғибрат ал болып жүрген болыс-биден,
Жалғанда әрбір басқа түскен күйден.
Мал шашсаң, ұлықтыққа партия боп,
Табылар екі жүз сом елу үйден!
Бір ниет ой ойласаң егер дінге,
Тартам деп хақ жаратқан түзу жөнге.
Беруге хақ жолына қылып һәммәт
Табылмас елу үйден екі теңге!
Осылай болып біздің заманымыз,
Құрып тұр бұған хайла амалымыз.
Жалғанда арманда боп біз барамыз,
Бір жерге тұрақтамай табанымыз!
Бұл Мәшһүр Бұхар барған, Қоқан барған,
Ойы бар: кетсем деген онан да арман.
Түлеген аққу кұстың қанатындай,
Жерінде жүрген-тұрған сөзі қалған.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жігіт назы

  • 0
  • 0

Жастықтың заманы өтті жалдайтұғын,
Өмірдің уақыты жетті алдайтұғын.
Көз салып, көңіл қалап (қалып), тауды алып,
Баяғы күй[ің] бар ма таңдайтұғын?!

Толық

Мешіт зары

  • 0
  • 0

Бір мың тоғыз жүз және он үште жыл,
Жылдың атын биылғы сиыр деп біл.
Он төрті апрельдің сөйлеген сөз
Мешіт пен медреседен бір шыққан тіл.

Толық

Дүниеге көңілі қалғандықтан, сөйлеген сөзі

  • 0
  • 0

Хат жазар қалам алып, ғылымдылар,
Сөйлемес жаман сөзді білімділер.
Пендеден алып пенде бай болмайды,
Құдайдың бергенімен күніңді көр!

Толық

Қарап көріңіз