Өлең, жыр, ақындар

Жантемір қажы

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2591
Айтпаймын мен бұл сөзді тіпті тектен,
Келеді бір жел гулеп аспан көктен.
Ішіме сақтауыма сөз сыймайды,
Жүйрік боп озғаннан соң Сүйіндіктен.
Ақынның сөз дарыған тіл-жағына,
Келтірер ойға алғанын ырғағына.
Әр түрлі әңгіме ғып сөз айтады
Жүйрік ат, шешен жігіт жұрт бағына!
Ұстаның темірінде таты бар-ды,
Молданың артта қалар хаты бар-ды.
Сөйлеймін мен жұртыма әңгіме ғып,
Аталған жұрт аузында аты барды.
Байлардан қылман дәме құнан-тайды,
Біледі бұл Орта жүз біздің жайды.
Айтарға ауызға алып ерінемін,
Аты бар, атағы жоқ бықсық байды.
Сөзіме ақы алмаймын, пара алмаймын,
Жалпаңдап әр есікке бара алмаймын.
Сақидың сүйсінемін мінезіне,
Жаным қас-пейілі тар, сараң баймен.
Ісіне бұл заманның болдым құса,
Бозбала, шамаң келсе, маған ұса (ұқса).
Ерігіп мен үйімде ішім пысып,
Бір сақи, бір сараңды қылдым қыса (қисса).
Туған соң, жазды Құдай бізге көрді,
Бұйырған адамзатқа қара жерді.
Қолыма қағаз бенен алдым қалам,
Сөз қылып қозғайын деп жомарт ерді.
Күші бар жүйрік аттың табанында,
Болады әркім білгіш аманында.
Сүйіндік сегіз болыс, жұрт алды еді,
Мұса менен Секербайдың заманында.
Секербай, Мұса болып қатар жүрді,
Көп нөкер әрбір таптан қасына ерді.
Солардың келген, кеткен қонатына
Айтамын мен сақилық қылған ерді.
Айтамын танық емес, анық ерді,
Анығы: сол еңбегін тәңірім берді.
Кім айтар мырза емес деп көрген жанда
Баласы Еркебұлан Жантемірді?!
Басына орнаған соң дәулет құсы,
Тігулі үй сыртында тұрды қосы.
Кеше Мұса, Секербай заманында
Мырзалық іркілместен қылған — осы!
Қатардан бір қалмаған қара басы,
Жылы — қой, жетпіс үште биыл жасы.
Жантемір мырза атаңды жас күнінен,
Берумен жарастықты қонағасы.
Құлаштап дастарқанын, өзін жайған,
Шығарған келген жанды ет пен шайдан.
Тастамай сол әдетін қылып кетті,
Күнінде қол қысқа боп, дәулет тайған.
Уақытында дастарқаны жұрттан асты,
Сан малын сапырумен судай тасты.
Ақмола, Семипалат арасына
Дәулетін мырзалықпен жүріп шашты.
Ісі жоқ бұл жалғанның мұнан қалған,
Нәрсесін істеп өтті ойына алған.
Ақыры ерлігінің осы болып,
Жомарттық екпінімен қажы барған.
Ер еді судай төккен малдың қанын,
Құдайға қиып қолдан берді өз жанын.
Ақшамен пәленше жүз қажыға барды,
Сұрама үйде қалған малдың санын.
Сараң деп Жантемірді қай пенде айтар,
Еңбегі әр не қылған хақтан қайтар,
"Пәлі, тауып кісісін сөйлепті!"—деп,
Сөзімді естіген жан басын шайқар.
Сөйлеймін өз тұсымда жұрт асқанды,
Өнері сөйлеуіме ұнасқан-ды.
Мен едім көрген Мәшһүр Жантемірді,
Күнінде қыстап жүрген Қарбасқанды.
Айта алман сол күндегі салтанатын,
Қылған күн Құдай түгел қолғанатын.
Ұлбөпе Ақынбайдың қызы еді ғой,
Өзіне лайықты боп туған қатын.
Зікірия онан туған қандай еді,
Қант пенен бал қосылған нандай еді.
Сүйріктей судан шыққан қоп-қолайлы,
Баланың Сүйіндікте маңдайы еді.
Күні еді толған сонда шарасына,
Көз тойған айдап жүрген қарасына.
Аяғы әр нәрседен тая берді,
Күйгеннен сондай асыл баласына.
Зікірия мен Мағауия кете барды,
Оларды қыршын жаста ажал алды.
Бірсыпыра үй толы жан бәрі кетіп,
Тақауи бір енеден жалғыз қалды.
Жұлынып шығып еді мұның өзі,
Бір шақта жұрт аузында болып сөзі.
Жоқ жерден кемшілікке айналдырды,
Көп жұрттың ерікке қоймай тіл мен көзі.а
Таңдап жүріп Көкімдей сұлуды алды,
Аямай шашып, төгіп беріп малды.
Пәленше-түгенше мен туып сонан,
Еңбегі шын болған соң және жанды.
Сол күнде не жүйрікпен жарысып жүр,
Омбы, Семей,—бәріне барысып жүр.
Бір жақ емес, әр жақпен бір ұстасып,
Сеңгір-сеңгір таулармен алысып жүр.
Еңбегі бір кем болмай жанған шоқтан,
Опасыз өшін алып дүние боқтан.
Қайтпаған, қарсыласқан, беті ешкімнен,
Сескеніп қымсынбастан атқан оқтан.
Арыстанның ауызынан айырып жем,
Болған жоқ өз тұсында ешкімнен кем.
Алты алаш сол себепті атын білген,
Жаманды үйде жатқан біледі кім?!
Біп-бітеу қабырғасы сөгілместен,
Кетті толған бойымен төгілместен.
Келгенше жетпіс үшке жігіт қалпы,
Бүкірейіп белі биттей бүгілместен.
Дау-жанжал, ұрыс-керіс іңкәры еді,
Деп айтпас ешкім оны: "Тым кәрі еді!"
Бой сымбаты түп-түзу боп жаралған,
Деген қиғаш адамның сұңқары еді.
Анадан енді тумас мұндай кісі,
Таусылмас жазсам қанша қылған ісі:
Он бес пен жиырма бес күніндегі
Бой, сымбат, әp мүше мен ажар-түсі!
Сапары барған қажы келер кейін,
Асықпаңыз тыңдаушылар оған шейін.
Тамамдап бастан-аяқ теруіме
Мөлшері жетпей жатыр ақыл, зейін.
Қолы ашық, емес пе еді тілі-шырын?!
Айтайын қылғанының қайсы бірін?!
Танымай жүруші едің бұрын бәрің,
Мінеки, таныдың ба анық ерін?!
Жадағай есіл өмір өтті түзде,
Нәш бар еді аузынан шыққан сөзде.
Жандарал губернатор жұрт аралап,
Баянға келіп еді өткен күзде.
Еді ғой бір келмейтін ердің ері,
Халқына бар еді той керек жері.
Ұлыққа жетіп барып ауыз айтқан
Сөзінің сондағы еді мынау түрі:
— Тақсыр, сіз ортамызға келдің!—депті.
— Жүрсіз ғой пайдасы үшін елдің!—депті.
— Осы тұрған бұқара, народ-жұртқа,
Аз болғанда мың теңге бердің! — депті.
— Ол қалайша десеңіз, ат бара алмай,
Ақырып, зәрені алып, айғайламай,
Бұйрық жоқ пәлен жерден күтсін деген,
Жұрттың көбі килікті абайламай.
Жетпіс асып келіппін мұнша жасқа,
Келгендігім — ақ кірді, міне, шашқа.
Халық, жұртты есіркеп аяп келген,
Мен ұлықты көргем жоқ сізден басқа!
"Күтпесең, жіберем,—деп,—сені айдатып!"
Алдынан уряднигін айғайлатып.
Жаман-жұман начальник, чиновниктер,
Қан сорпа қылушы еді ат байлатып.
Ісіңіз қылып тұрған осы күнгі,
Асыл зат екендіктен берді белгі.
Қазақты мұнан былай аралаушы
Ұлыққа бір жақсы өрнек салдың үлгі! —
Ұлыққа осы сөзі жетіп еді,
Арғы-бергі жағынан өтіп еді.
Бір сөзбен народ-жұртқа риза болып,
Ешкімге қылмай сойқан кетіп еді.
Жақсы өтіп, бұл дүниеде жаман қалды,
Белгісіз не болары заман қалды.
"Білмейді дәнеменің надан парқын",—
Деуменен жұрттың көбі аман қалды.
Әрқашан көзге түсер жүйрік озып,
Шыдамай айғай-дуға бүйірі қызып,
Тағы бір сондай күннің келсе кезі,
Көрермін: кім сөйлейді мойнын созып?!
Төңкерген қалай-қалай шараларды,
Теңгерген жаман-жұман қараларды.
Доптай-ақ домалантып жүгіртетін
Көшеде талай ақсақ балаларды.
Баяндау бауырында жатушы еді,
Тигізіп нысанадан атушы еді.
Ақсақтармен қажасып ойнасқанда,
Жұрт күліп шек-сілесі қатушы еді.
Өзіне қыдыр дарып, дуа қонған,
Жері жоқ қысы-жазы мұздап тоңған.
Ұрысы мен керісі бір тамаша,
Халқына ұлы думан, базар болған.
Бір Құдайдан басқаға сыйынбаған,
Бір көсілген аяғы жиылмаған.
Жәкең байғұс отырған сияз топта
Жұрттың ерні күлкіден тыйылмаған.
Бұл мінезі мұнымен бұ да тұрсын,
Сөйлеп кетсе қандырар құлақ құршын.
Енді сондай ер қайда көңіл ашар
Білгіштермен өш болған жалған құрысын!
Арканың айтын айттап, тойын тойлап,
Жарқылдап жас-кәрімен күліп ойнап.
Көз салмай бар-жоғына кете барды,
Бұрынғы парыз болған күнін ойлап.
Талғамай көрінгенге берген асын,
Өткізген айт пен той ғып өмір жасын.
Аққұлын: "Қабибулла!—деген Хадис,
Жігіттер, көрдіңіз бе енді расын?!
Қатардан қара басы қалмай жүрді,
Өнерін бұл Орта жүз тегіс көрді.
Қалтада не бар, не жоқ,— жан білмеді,
һәмматпен талап қылып қажыға жүрді.
Ер екен еңбегіне кеткен дуа,
Ерлердің туған екен жолын қуа.
Көркейіп бұл сапарға барғанына
Арғын түгіл, өрдегі Найман куә!
Құрметтеп аттандырған қанша кісі,
Ісіне жүрген-тұрған еріп іші.
Жөнелген жарастықты қылып тойын,
Байлармен қатар түсіп қылған ісі.
Құдайға шын ықыласын берген құлап,
Ағызып екі көзден жасын бұлап:
"Бұл жерге қайтып мені келтірме!"—деп,
Қол жайған тілеп Хақтан боздап, жылап.
Рудан—жалғыз, таптан кетіп жеке,
Болмай ма оған тиген қызыл шеке?!
Белгілі Тілембек пен осы болды
Медине, шын ықыласпен барған Мекке.
Бәйгеден айқын озған қырғын көк-ті,
Ер еді о да шыққан жерден текті.
Жаннатіл Бақияның өзінде өлген,
Ұрпағы ер Олжабай Тілембек-ті.
Тілеуін шын тілеген Құдай берді,
Медине, Мекке халқы тегіс көрді.
Шала-шарпы танықпен жұмысым жоқ,
Айтқым келіп барады бұл екі ерді.
Атақ үшін әуре боп көбі барып,
Келгеніне мәз болып қажы атанып.
Қалашы, базаршы боп жүрген жан кеп,
Шабадан мен самаурын, шайнек алып.
"Құтылмас—деген сөз бар-иман ерден",
Басқанмен не жұғады қара жерден?!
Зат пен тек жұрт көзіне бір түсірмек,
Барды не, бармады не затсыз жерден?!
Тіріде Тілембекті жан білмейді,
Ондайды елеп ешкім көзге ілмейді.
Құны асты өлгеннен соң мың сан жаннан,
Өлшесең, оған ешкім пар келмейді.
Ешкіммен келген-кеткен жоқ жұмысым,
Білемін бар ма таңың менің үшін.
Сөйледім барып өлген сақиларды
Ұнатып сол бұрынғы қылған ісін.
Бара ма қалтасына ақша сыймай,
Көбі жүр босқа жерге салып шимай.
Қалтақтап сараң келе беретұғын
Құдайға шын беруге жанын қимай.
Шашады біздің қазақ босқа малды,
Шашпаса, кәне, уыстап, не олжа алды?!
Құдай-дағы сүйсініп оңдыны алар,
Шын ықыласпен аямай берген жанды.
Тілембек Мединенің өзінде өлді,
Тамам жұрт шарапатын, көзбен көрді,
Бірден соңғы бұл жолғы бәйгені алған—
Мінеки, көрдіңдер ме Жантемірді?!
Сөзіме құлақ қойып тыңда тосып,
Кетемін түзге лағып жосып-жосып.
Құдайдың қонағасы берген жері—
Жылда бір мұсылманның басын қосып.
Мол болса сондай жерде тиын-сиын,
Телміртіп тілегенді кету қиын.
Майданы ғарасаттың сықылданған
Бас қосқан дін-мұсылман бұл бір жиын.
Ойға алған зияратқа бару қиын,
Қиыны сол: бармайсың аяп тиын.
Шақырған пенделерін сынау үшін:
"Біріне көрсетсін,—деп бірі сыйын!"
Барады жаннан кешкен ердің ері,
Саулаумен пұшпағынан ағып тері.
Сараң кейін жүреді тасаланып,
Жомарттың көзге түсер бұл бір жері.
Кісіден бір босанбай жүрер жолы,
Меккенің болған күні анық толы.
Қажы көп арсалаңдап кайтып келген
Жете алмай Хажар асуад тасқа қолы.
Ер керек болар басшы сондай жайда,
Түсіріп жолдасына біраз пайда.
Бір барған Сүйіндіктен он жеті жан
Демей ме арсалаңдап: "Жәкең қайда?"
— Жәке, сіздің басқадан орның басқа,
Анадайдан көрініп Айдай қасқа!
Алдымыздан жол салып қар бұзғандай,
Қолымызды тигізсең ана тасқа!
Жәкең сонда белгілі бір жөткірді,
Жөткірген соң бойына күші кірді.
— Белбеуімнен жабылып ұстаңдар!—деп,
Жетпегенге қолының ұшын берді.
Тасқа қарай бет қойды қадам басып,
Өзге жаннан иығы бөлек асып.
Тік көтеріп алдынан бұлай қойып,
Қара жолды салмай ма алдын ашып?!
Қарағанға бетіне береді пұл,
Пұл алған соң жол беріп қалады сол.
Қолы ашықтық мінезін бастаған соң,
Еріксіз жолды батырың алмай ма сол?!
Ең алдымен өзінің қолы тиіп,
Құшақтап Хажар асуад тасты сүйіп.
Сол арада жан-жаққа пұл шашқан соң,
Көрген жан ерімес пе бұған иіп?!
Шашқан пұлды таласып алып жатыр,
Жәкең қолды қалтаға салып жатыр.
Пұлға айналып қалған соң, тіл байланып,
Кейінгіге жол босап қалып жатыр.
Түсіп кетіп бойыма ғайып пірім,
Сөйлеп-сөйлеп тарқаттым ішкі шерім.
Жұрт көзіне көркейіп түсіп кеткен
Сәтті күнде жаралып туған ерім!
Қайтпақ боп тамам жан Мекке айналған,
Көшуге енді керуен ыңғайланған.
Сонда Жәкең сөйлеген мойнын созып,
Әуелден айтқан сөзі оңға айналған:
— Байтұлла, келіп едім сенің үшін,
Ондағы керек қылмай елдің ішін.
Мені алып қал, жіберме кайта Арқаға,
Ер тонарлық ежелгі қайда күшің?!
Өз басыма өзімнің жаным ашып,
Кеткеннен соң сүйіндім тастан асып.
"Сияз топқа жібермес, кіргізбес!"— деп,
Келіп ем паналауға саған қашып.
Партияға барамын, сенен кетсем,
Сияз топ бір кіріп күжілдетсем.
Құным сенің мойыныңда, ей, Байтұлла,
Төбелесіп біреумен өліп кетсем!
Жастығымда жан маған беттемеді,
Ешкім тұрып: "Тұр, менен кет!"—демеді.
Арыстандай ақырып жүргенімде
Қанша айтсам да, онша айттым, кектемеді.
Шаштың ағы басымда болды тұман,
Деп айтатын кісі жоқ: "Алтын құман".
"Шал ғой, кімді мұқатып тастайды!"—деп,
Кектейтін, сірә, енді жаман-жұман.
Түскен кезде шабады жүйрік күйі,
Үзілмейді, қайыстың жетілсе иі.
Жамандармен мені арпалыстырмай,
Алып қал көп ұзатпай, Хақтың үйі!
Қаралдыңды көрумен тойдым ғой мен,
Енді қарным ашырып жіберме сен!
Сарыарқаға қаңғыртып тағы айдасаң,
Сені: "Құдай үйі",—деп айтпасым шын!
— Алып қал! Алып қал!—деп, көп жылады.
Жабдығын бір жанының жеп жылады.
Шын ықыласпен бұл сөзді айтқанына
— Куә бол, ей, халайық!—деп жылады.
Шын ағызған көзінен сонда жасты,
Тұнып жатқан көңілдің кірін ашты.
Сап-сау жүрген кісі еді құлан ұрып,
Сонан соң-ақ ауруға араласты.
Әр мүшеден әл кетіп ауру кірді,
Ішке тұрмай ішкен ас жүдей берді.
Қайтқан жұртпен ілесіп әрең жүріп,
Тор, Сина тауына бірге келді.
Ауру әбден тауысып қуат-күшті,
Періштелер ап кетіп ажар, түсті.
Тамам қажы жеті күн карантин боп,
Тұтқын болып дәрігерге қолға түсті.
Ойына түспей ме сол ел-жұрт енді,
Сүйеу қылсын бұл жерде, айтшы, кімді?!
Жан-жағына қараса дәнеме жоқ,
Жалғыздықтың жаманын сонда білді.
Жаудырап екі көзі қалды тірі,
Мінеки, шын туысқан керек жері!
Шаһиттік дәрежесін қамал тапқан,
Құдайдың анық қалап сүйген ері.
Қызығын бұл жалғанның көрген көзі,
Таптан - жеке, рудан - жалғыз өзі.
"Алырфиқшым алтырық",—деп айтылған,
Біліңдер шын екенін Хадис сөзі.
Бозбала, білесіңдер ненің сырын?!
Сөйлесем сырдан сөзді, ол — бір шырын!
Шаһиттік бәйгесінің ең алды—осы,
Жалғызға жалғыз салар көздің қырын.
Жомарттық, шаһитлік пен—кітап сөзі,
Кәріплік [ғарыблік]ол екінші келіп кезі.
Жалғыздық дәреженің ең ағыласы,
Үш шаһит болса арман не, жалғыз өзі.
Ел-жұрттан осынша алыс жерге жүріп,
Отырған бір пенде жоқ сусын беріп.
Жаны ашып, жапа-жалғыз жатқанына,
Ғазірейіл егіледі су боп еріп.
Құдайдың шын сүйгенін о да білді.
Қымсынып қысқа ұстайды бұған тілді.
Шыжымдап ақырын ғана тартады-міс,
Алғандай үзіп қана наннан қылды.
Пендесін бұл халдегі тәңірім аяр,
Құдіретпен қылған ісін жұртқа жаяр.
Жабдығын жуып көму қылу үшін,
Періште хисабы жоқ болар даяр.
Ер кетті, әңгімесі қолда қалсын,
Асыл тас, теңге түсіп (еңбегі асып), жолда қалсын!
Алған соң Құдай сүйіп құшағына.
Пендесі қайда қалса, онда қалсын!
Әр түрлі әрқайсысы сөйлер шатып,
Сөз қылдым мен ерімді үйде жатып.
Жақсыға—хат, жаманға дәнеме емес,
Тұрғанда Жүсіпбекке қатты батып.
Жантемір барып өлді-ау жақсы жолға,
Жан біткен қуанады туған ұлға.
Ендігі туғандарда бола бермес,
Ұл болып туғанымен мұндай тұлға!
Ісінің айналған соң ақыры оңға,
Сөз болды мұнша әңгіме бұрын-соңға.
Хабарын телеграмның естіген соң,
Қаламды ақын Мәшһүр алды қолға.
Қаламды бір алған соң Мәшһүр қолға,
Бұрылып қарамайды оң мен солға.
Бермеді жазған қолы өзіне ерік:
"Қажылар келсін, тоқта, тұра-тұрға".
Қалпыма мен баяғы қайта бердім,
Қаламды тоқтатпастан тарта бердім.
Жолығып қажыларға келгендерге
Жәкеңді әңгіме ғып айта бердім.
Қажының келген бірін көрмей көзім,
Ойыммен соға бердім менің өзім.
Барғанның естіп келген әңгімесі:
Өзімнің үйде отырып айтқан сөзім.
Қажы коп орғып-орғып келген жосып,
Көбейтіп бұрынғыға жамап қосып.
"Имамбек келеді,—деп,— енді қашан?"
Мен тұрмын салып құлақ соны тосып.
Қылмаймын бармадым деп қажыға арман,
Бітпесең маған, дүние, онан да әрмен!
Өзі ойға алып бір келсе, жолығармын,
Болмаса, кім де болса, іздеп барман!
Құдайдың өзгеге - қыс, маған - жазы,
Сол үшін есеп емес көбі, азы.
Дүниесін шашып-төгіп құр алақан,
Бар ма екен жұмсап келген тегіс қажы?!
Жарайды ең аз болса, мыңмен барған,
Мол болса, бола берсін онан да әрмен (арман).
Мекке мен Мединеде қол жайғанда,
Болмасын барған жаннан бір құр қалған.
Дүниенің сонда керек көп пен азы,
Бәрі де көрінгеннің болса разы.
Бір тиын үйге кайтып әкелмесе,
Әне, сол — Құдай үшін барған қажы!
Жалақтап төрт-бес жүзбен қажы барса,
Телміріп ондағылар құр боп қалса.
Сол екі жайға қимай алып қайтқан
Ақшамен керек-жарақ нәрсені алса.
Не Құдай, не пенде емес мұнан разы,
Сол үшін жарамайды қолдың азы,
Өзіне керек-жарақ үшін барған—
Дәптерде (даптарда) мұның аты: "базар қажы".
Наумит боп қалса солар зарлап тұрып,
Қылады саған дұға қарғап тұрып.
Нанбасаң: тірі кісі бір көреді,
Қаларсың кедей болып әлі-ақ құрып!
Құр қоймай қол жайғанға бере берсең,
Қызығын дүниенің шашып көрсең.
Кетеді бұрынғыңнан шараң асып,
Байқарсың бұл сөзімді тірі жүрсең!
Туған жоқ бұл сөзіме деуші: "пәлі!"
Келген күнде біледі көрген, әні!
Істеп келген жұмысының көрініп тұр,
"Кірістір-ай!"— сұрайсың көбің әлі.
Бөз орайсың басыңа сәлде салып,
Бір құранды мойныңа асып алып.
Қазақ сорлы дал (қор) болды-ау осы күнде,
Қарадан қожа шыққан күйге қалып.
Дүние жүзі бүл күнде толып кетті,
Біздерге өлең түстеніп қонып кетті.
Ақыр заман бұ да бір ғаламаты:
Жанның бәрі: "Қажеке!" болып кетті.
Барып сонда өлгеннің арманы жоқ,
Аяп сонан Құдайдың қалғаны жоқ.
Өлмей тірі келгенге сын көп әлі
Көбің дерсің: "Бұл сөздің жалғаны жоқ!".



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүсіпбек Аймауытұлына

  • 0
  • 0

Мен "мимнан" бір сәлем хат "жым" ініме
Шырағым, ант амансыз, нан тіліме.
Отырмын бұ жалғаннан үзіп күдер,
Жеткен соң жер таянған мезгіліме.

Толық

Жүйрік ат, көңіл ашар қыран, тазы

  • 0
  • 0

Жүйрік ат, көңіл ашар қыран, тазы,
Жігітті жібермейді малдың азы.
Әркім-ақ жамандыққа көңіл берді,
Тыятын болмаған соң мықты қазы.

Толық

Нәпсі аджаһа

  • 0
  • 0

Дүние, ойлай берсем, жалған дейді,
Әркімді әлекке тек салған дейді.
Дүниені өле-өлгенше қуып-қуып,
Ауызы аңқиып [құр босқа] қалған дейді.

Толық

Қарап көріңіз